«Қазақстан халқына» қоры ауыл мектебіне көмек берді

«Қазақстан халқына» Қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев, Білім саласын тұрақты дамыту Қорының директоры Данияр Тоқтарбаев,«Beeline Қазақстан» Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин,«Aitas» Холдингінің басшысы Серік Толықпаев,«Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов және тағы басқа лауазымды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріӘбілқайыр Досов атындағы Қатаркөл орта мектебінде болып, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» қайырымдылық жобасының іске асырылу барысымен танысты.

Қатаркөл ауылының Досов атындағы жалпы білім беретін мектебіне  жоба аясында 250 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп, мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Қазір білім ошағында ғылыми, шығармашылық және IT-бағыттағы заманауи кабинеттер бар. Айта кетуіміз керек, өткен жылы облыстық бюджет есебінен мектепке 354 миллион теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.

«Ауылды жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасының басты мақсаты ауылдық мектептердегі білім беру сапасын кешенді түрде жақсарту және материалдық базаларын модернизациялау болып табылады. Бұл ауқымды жобаға «Қазақстан халқына» Қоры 4,25 миллиард теңге бөліп отыр. Жобаға еліміздің әр өңірінен 17 тірек мектебі қатысады деп жоспарланған. Қатаркөл ауылындағы орта мектеп сол жобаны жүзеге асырған білім беру мекемесінің алғашқысы. Жоба жүзеге асқан сәттен аталмыш мектептің материалдық базасы толығымен жаңартылған.

– Біз ауылдық мектептерді модернизациялау бойынша ілкімді жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі жүзеге асыратын боламыз. 2026 жылдың соңына дейін еліміздегі 165 ауыл мектебінің материалдық техникалық базасын нығайту жоспарда бар. Биыл «Қазақстан халқына» қоры және «Beeline Қазақстан»ірі компаниясымен өзара ынтымақтасып, соның нәтижесінде жобаның ауқымы кеңейіп, барлық облыстарды қамтуды көздеп отырмыз. Серіктестеріміздің арқасында қарапайым ауылдық мектептердің балалары сапалы білім алуға қол жеткізетініне өте қуаныштымыз.

Алда әлі атқарылатын жұмыстар көп, біз бұл игі істердің жемісті болатынына сенімдіміз, әрі басқа да демеушілер мен серіктестерге ашық екенімізді жеткіземіз, – деді өз сөзінде білім саласын тұрақты дамыту Қорыныңқұрылтайшысы, «Aitas» Холдингінің басшысы Серік Толықпаев. Жемісті жүзеге асырылып, жақсы нәтижелер көрсете бастаған ауылдық мектептерді модернизациялау бастамасы «Қазақстан халқына» Қоры мен «Beeline Қазақстанның» қолдауына ие болып, модернизацияланған ауылдық мектептердің санын 22-ге дейін көбейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Мектепте өткен салтанатты жиында «Қазақстан халқына» Қоры Басқармасының төрағасы Болат Жәмішев сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

– Еліміздің 20 өңіріндегі көшпелі кездесулерде және азаматтық қоғам өкілдерімен өткізген онлайн жиындарда ауылдағы білім саласын қолдау туралы ұсныстар айтылды. Ауыл білімі дегенде, ең алдымен, тірек мектептерді қолдауымыз қажет. Олар жақын маңдағы мектептерге демеу болмақ. Ауыл оқушылары қалалық балалар секілді мүмкіндіктерге ие болуы тиіс. Сондықтан бұл «Қазақстан халқына» қорының ауылдық тірек мектептерді дамыту жөніндегі алғашқы жобасы. Мектеп барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, НЗМ әлеуеті мен ресурстары арқылы ауыл мектептеріне үздік педагогикалық тәжірибелері мен әдістемелерін үйрететін болады»– деді Болат Жәмішев.

Атап өтетін жайт,  «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ және оның барлық құрылымдық бөлімдері жобаның Бас серіктесі болып, әдістемелік қолдау көрсетіп, әрі мұғалімдердің санатын жоғарылатуда көмектесуде. «НЗМ» ДББҰ бұл көмекті өз тәжірибесін еліміздің жалпы білім беру мекемелеріне беру мақсатында ақысыз көрсетіп жатқанын атап айту қажет. Жобаға 4,25 миллиард теңгебағытталған. Яғни, 17 мектептің әрқайсысына 250 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бұл соманың жартысына жуығын, яғни,  2 миллиард теңгені бөліп отырған демеушілердің бірі –«Beeline Kazakhstan».

–Телекоммуникациялық бизнес әлеуметтік мәнге ие. Қазіргі заман адамының өмірін біздің қызметтерінсіз елестету мүмкін емес. 2020 жылдан бері біз серіктестермен бірге «250+» жобасын жүзеге асырудамыз, оның арқасында Beeline мобильді интернеті мен байланысы 1500-ден астам ауылда пайда болды. Ендігі жерде бұл ауылдардың тұрғындары интернетке қол жеткізу бойынша қаламен тең мүмкіндікке ие. Тірек мектептерін дамыту жобасы да ауыл балаларына сапалы, бәсекелес білімге қол жеткіздіріп, тең мүкіндіктерді жасауға тиек болып отыр. Біздің қайырымдылық үлесіміз осындай игі ынтаның дамуына бағытталғанына өте қуаныштымыз», – дейді Beeline Қазақстан Бас атқарушы директоры Евгений Настрадин.

Салтанатты іс-шара барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов сөз сөйлеп, ыстық ықылас, ақжарма алғысын білдірді.

Салтанатты жиыннан соң құрметті қонақтар мен БАҚ өкілдеріне заманауи жабдықталған, жаңаланған кабинеттер көрсетілді. Жаңашылдықтың арасында – бейнеқабырға және ақпараттық киоск, артстудия, онлайн-сабақтар мен шеберлік-сағаттар жазуға арналған телестудия, шеберханалар бар. Қазірден бастап сабақтар интерактивті панельдерді, жаңа құрал-жабдықтарды, көрсетілім материалдарын қолданумен өткізулуде. Сонымен қатар, мектепке дейінгі балаларға арналған арнайы кішігірім орталық ұйымдастырылған.

–Біздің жұмысымыз бұл мектепте осымен аяқталмайды. Қазіргі кезде біз жобаның серіктесімен бірге сабақ беру сапасын саралап, мұғалімдермен, ата-аналармен, оқушылармен сауалнама өткізіп жатырмыз, оқу жоспарларын зерттеп, әр мұғалімнің сабағына қатыспақпыз. Бұл өте маңызды кезең, оның қорытындылары бойынша жылдың соңына дейін ауыл мұғалімдеріне арналған қарқынды курстар, тренингтер және шеберлік сабақтар ұйымдастырылады. Бұндай кешенді жұмыс мектептегі білім беру сапасының жақсаруына едәуір ықпал етеді», – деп баса айтты БСТДҚ директоры Данияр Тоқтарбаев. Ұстаздарды оқыту мен кабинеттерді жабдықтауда НЗМ тәжірибесі мен кеңесі қолданылды. Бұл жайлы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова баяндап, жобада әр мектептің оқу процесінің ерекшеліктері мен материалды-техникалық базасы ескерілгенін баса айтты.

– Бүгінгі күні жаңа технологиялар мен әдістемелерді қолдану бұл жай ғана жаңашылдыққа ұмтылыс емес, бұл заман талабы. Біздің ауылдық мектептермен жұмысымыз оқу-тәрбие ісінің барлық аспектілерін жан-жақты, кешенді зерттеуден басталады, осы сараптаудың негізінде мектептің әдістемелік жоспар мен оқу ортасын қайта жандандырудағы сұранысы анықталады. Мектепте сараптау тобы құрылып, мектептің қызметін жақсарту мақсатында оқу-тәрбие ісі жүйелі сарапталып тұрады. Зияткерлік мектептер алаңында мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі қызметкерлеріне арнайы стажировкалар өткізіледі. Бүкіл процесс әдістемелік қолдаумен қатар жүргізіледі, ол дегеніміз семинарлар, вебинарлар, стажировкалар, шеберлік сабақтар мен практикумдар, сабақтың тиімділігін арттыру үшін сандық (цифрлық) және оқыту ресурстарын енгіземіз» – деп атап өтті ол.

Шынымен де, ауыл мектебінде сапалы білім, саналы тәрбие алу үшін барлық жағдайлар қарастырылған. Біз осы мектептің 4-ші «А» сыныбында өткен сабаққа да қатысып, осы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Наталья Сергеевнамен де тілдесіп қайттық.

– Кез-келген өркениеті дамыған елдердің барлығы алдымен өзінің сапалы білім алған ұлағаты мол, парасаты биік ұрпағымен мақтанатыны рас. Қазіргі заман талабына сай бүгінгі оқу бірнеше тілді меңгерген, біліммен қаруланғаны қажет. Ауыл мектептері заманауи жабдықталып жатқаны қуантады. Ендігі орайда ауыл балалары сенім үдесіне шығып, алдағы уақытта білім биігінен көрінеді деген сенімдемін, – деді ол.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар