Білімнің, өнер мен тәрбиенің құтты ордасы

Арқа төрінде осыдан екі жыл бұрын, Көкшетау қаласының орталығынан бой көтерген «Bolashaq Saraiy» оқушылар мен студенттер үшін өз есігін айқара ашқан болатын.

Қосымша білім беру ордасының бой көтергеніне аз уақыт болғанына қарамастан, тамыры тереңге бойлайтын тарихтың негізі қаланып та үлгерген. Негізгі мақсат – саналы, білімді, көзі ашық ұрпақ тәрбиелеп, еліміздің беделін асқақтататын ұлт қалыптастыру болатын. «Баланы бұзуға да, түзеуге де себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, бесік жырынан бастап ер жеткенше тәрбие мен өнеге көріп, ізгілік, қайырымдылық, адамгершілік сияқты құнды қасиеттерді бойына сіңіріп өскен баланың болашағы жарқын болары анық. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз осыған келіп саяды.  «Bolashaq Saraiy» аз уақыттың ішінде өңірдегі білім мен тәрбиенің ошағына айналды.

Қазіргі таңда «Bolashaq Saraiy»-ында спорт, медиа, шығармашылық, ғылыми-интеллектуалдық, ІТ бағыттары бойынша 3500-ден астам бала 130  түрлі үйірмеде өз таңдаулары арқылы білім-қабілеттерін жетілдіруде.

Үйірме жетекшілері жоғары білімді, өз мамандықтарының иегерлері. Бүгінгі таңда шәкірттері көптеген жетістіктерге жетіп, облыс көлемінен бөлек, көк туымызды әлемдік додаларда желбіретіп жүргендерде бар. «Bolashaq Saraiy» мекемесінде оқушылар тек қосымша білім алумен шектелмей, жан-жақты тәжірибе алмасуға, халықаралық, республикалық деңгейдегі сайыстарға, спорт түрлерінен жарысуға, шығармашылық шабыттарын дамытуға мол мүмкіндік алады. Өздері қалаған үйірмемен бірге болашақта өздеріне қажет мамандықтарын таңдауға да мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, оқушылардың өздерін барлық жағынан сынауға, ұнаған мамандықтарын тереңінен зерттеп оқуларына болады. Радио саласын, камера, дыбыс жазу, сурет салу, түрлі көрмелерге, жарыстарға қатысып, бақтарын сынаудың үлкен мүмкіндігіне қол жеткізе алады.

Оқушылардың дүние танымын кеңейтіп, ой-өрісін дамытуға көмектесетін құндылықтардың бірі – кітап. Ғимараттағы соңғы технологиямен жабдықталған кабинеттердің бірі –электрондық кітапхана. Электронды кітапханадан кез-келген іздеген мәліметті таба аласыз. Өзіңіз қалаған кез-келген кітапты жүктеп алуға болады. Білім берушілерге де оқушыларымен бірге келіп, тереңінен зерттеп оқуға мүмкіндік бар. Аудиокітап тыңдауға, балалармен қызықты кітаптарын талқылауға, тіл жаттығулары, жылдам оқу сияқты жан-жақты ойластырылған.

Ғылыми-интеллектуалды бағытындағы оқушылар теорияны тәжірибе жүзіндеде іске асыра алады. Экология саласында өздерінің жұмыстарын ұсынып, оны дәлелдеп үйренеді. Соңғы үлгідегі технологияны пайдалана отырып, тұрмыстық қалдықтармен платикалық заттарға екінші өмір сыйлау барысымен танысады.

Шығармашылық бағыттың білім алушылары республикалық деңгейдегі сайыстарды ғана бағындырып қоймай, Ресей, Беларусь, Латвия, Әзербайжан елдерінде өткен байқаулардың Гран-При иегерлері атанған. Күмбірлеген домбыраны, сыңғырлаған сазсырнаймен қоса, көптеген ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық аспаптарымызды жаңғыртып жүрген, үйірмелерге деген қызығушылығы жоғары жастарымыздың саны күн санап көбейіп келеді.

Дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін «Bolashaq Saraiy»-ында спорттық алаң ұйымдастырылып, онда спорттың негізгі түрлері үйретіледі. Оқушылар доп ойындарымен, күрес түрлерімен, каратэ, дзюдо, шахмат, қазақтың ұлттық ойындары: асық, тоғызқұмалақ, қазақша күреспен айналысып, бассейнге жүзу үйірмесіне баруға мүмкіншіліктері бар.

– «Воlashaq saraiy» ашылғалы тәрбиеленушілеріміз барлық салада  елеулі жетістіктерге жетті. Олар өңірлік, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып жүлделі орындарды иеленіп келеді. Жастар сарайы қала мен облыстың қоғамдық өміріне атсалысып, әртүрлі мәдени, әлеуметтік, ғылыми-практикалық іс-шараларды өткізу, еліміздің танымал тұлғаларын қарсы алу алаңына айналды. Ақмола облысының әкімі  Ермек Боранбайұлы Маржықпаев «Bolashaq Saraiy»-ның жас шәкірттері «РобоОлимп» халықаралық байқауының иегері Талғат Мақсат және «Euro Stars» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы Қуат Ясминамен бірге Балалар жылының бастау батырмасын басып, Ақмола облысы бойынша балалар мен жасөспірімдердің білімі мен қабілеттерін одан сайын шыңдау жолына қадам жасалғаны біз үшін мақтаныш, – дейді білім ордасының басшысы Айнагүл Балташева.

Балалар жылыаясында  «Bolashaq Saraiy»-ында тұңғыш рет облыстық «JasSkills Аqmola-2022» чемпионаты ұйымдастырылып, 120-дан астам қатысушының білімі мен біліктілігіне жоғары баға берілген болатын. Осы үрдіс өз жалғасын тауып, жас ұрпақтың парасатты және шығармашылық әлеуеті шыңдалып, санасы жаңа сапалық даму сатысына көтеріледі деген сенімде жоқ емес. Техникалық, ІТ, ғылыми бағытындағы үйірме білім алушыларына көңіл бөлініп, оларды бизнес қауымдастығы қолдайтын болса, бір-екі жылда сол кәсіпорынға дайын жас кәсіби маман дайындалатынына сөз жоқ.

Балалар жылының аясында шығармашылық бағыт бойынша «Үкілі домбыра» үйірмесі халықаралық өнер байқауының, «Bolashaq» би ансамблі «ҚазМедиа» орталығында өткен «Арена Танцев» халықаралық конкурс-фестивалінің, «Diamond» би ансамблі, «Жұлдызға қадам» халықаралық көпжанрлы байқауының жеңімпаздары атанып үлгерген. Сондай-ақ, «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясының «үлгілі» атағы, «Гүлдер» халық би ансамблінің «халықтық» атағы тағы бір мәрте расталған, оның бәрі жетекшілер мен шәкірттердің қажырлы еңбегінің арқасы екені даусыз.

Ғалым, ақын, түркітанушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Рух сәулесі – ақын сөзінде» атты  алғашқы облыстық жас ақындар айтысы өтіп, жас дарындардың танымы мен парасатын, білімі мен тағылымды тәрбиесін, бірлігі мен ынтымағын одан сайын шыңдай түскені тағы бар.

Талай байрақты бәсекеде дес бермеген «Bolashaq Saraiy»-ның мықты жас балуаны, Қазақстанның намысын қорғап жүрген, еркін және грек-рим күресінен 3 дүркін ел  чемпионы Алдияр  Балташев Бразилия елінде өткен Сурдолимпиадада грек-рим күресінен  қола жүлдені қанжығасына байлап, көк туымызды тағы бір желбіретіп, соңынан ерген іні-қарындастарын қанаттандырып, ел мерейін асыра түсті.

– Белсенді жастар барлық салада бар және олар өз саласының негізгі күші, ертеңгі тұтқа ұстарлары. Бір қуанарлығы – өскелең жастарымыз белсенді, ой-сана ауқымы кең және білімді. Олардың бойындағы буырқанған күш тек бір бағытқа – күнделікті жұмысты атқаруға ғана емес, елді, Отанды дамытуға үлес қосуға, жаңаша ойлап, заманауи бастамалар көтеруге де негізделуі тиіс, – деген Айнагүл Қадырбайқызыаға ұрпақтың ізгі ісі – жастарға оң жағдай жасау екенін баса айтты.

Ертеңгі жастар – еліміздің іргетасы. Соларға білім беру, жағдай жасау, жаңа заманауи тұрғыдағы коворкинг орталықтарын ашу – мемлекетіміздің басты бағыттары болып табылады.Міне, осы тұрғыдан алсақ, «Bolashaq Saraiy» әлі талай игі істердің бастамашысы болатынына сеніміміз мол.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар