Сабыр түбі – сары алтын

Ертеде бір жігіт екі нәрсені арман етіпті. Біріншісі – сұлу қызға үйлену де, екіншісі – дүниедегі оқу атаулыны тәмам ету. Сөйтіп, ару қызға үйленеді де келесі жылы әйеліне екінші арманын айтып, рұқсат сұрап, дүниедегі бар оқуды тәмамдауға жол жүріп кетеді.

Бірнеше күн жол жүріп, сол кездегі бір үлкен шаһарға келіп, он шақты жыл оқып, «енді бәрін тауыстым ғой» деп үйіне қайтады.

Үйіне келе жатып, жолда қой бағып отырған қарияға жолығады.

– Ассалаумағалейкүм, – деп сәлем береді.

– Уағалайкүмсәләм, балам, қайдан келесің?

– Он шақты жылдан бері бар оқуды бітіріп, үйге қайтып келе жатырмын.

– Е,балам, оқу оқып, білім алғаның дұрыс, бірақ, сол оқудың бас-аяғы не екенін білдің бе?֪ деп сұрайды.

Жігіт оқудың бас-аяғын айта алмай тұрып қалады.

– Балам, оқудың бас-аяғын біле алмадың ғой, менің мына қойымды бір жыл бақсаң, саған оқудың бас-аяғын айтайын депті.

Жігіт «Үйге барғанда тағы да біреу сұрай қалса, не демекпін?» деген ойға қалады. Сонымен жігіт бір жыл қой бағып, келесі жылы :

– Ата, рұқсат болса, мен үйге қайтайын, оқудың бас-аяғын айтыңыз– дейді.

– Айтайын, балам, айтайын, оқудың бас-аяғы – сабырлылық, әрқашан осы есіңде болсын, – депті.

Жігіт «оқудың бас-аяғы – сабырлылық» деп қайталай, «осы сөз үшін бір жыл қой бақтым-ау» деп ренжіп жүріп кетеді.Тағы да бірнешекүн жол жүріп, түнде үйіне келеді. Ақырын ғана әйнектен сығаласа, май шам жанып тұр екен. Әйелі жалғыз емес сияқты. «Е, мен кеткен соң әйелім біреуге тиген екен» деп ойлайды да, есікті ақырын ғана ашып, «бұлардың екеуін де көзіме күйік қылмай жоқ қылайын» деп босағада жатқан балтаны алып көтере бергенде бағанағы қарияның айтқан сабырлылық деген сөзі ойына түсіп кетеді де, таң атқан соң көрейін деп ауыз үйге барып, жатып қалады.

Таңертең әйелі келіп бас салады. «Қашан келдің, бізді неге оятпадың?» деп. Сөйтеді де «Әкең келді, сәлем бер» деп баласын шақырады.

Сөйтсе әйелінің жанындағы өзі оқуға кеткенде іште қалған баласы екен. Оқудың бас-аяғы сабырлылық екенін жігіт сонда ғана біледі.

Дайындаған Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар