Еңбек адамына – шынайы қамқорлық

«Родина» серіктестігінің жұмысындағы ең басты ұстаным осы

     Иван Адамович Сауэрдің есімі елімізге ертеден жақсы таныс. Есіл өңірін осы бір еңбек адамының ауқымды жоспарларын жүзеге асыруға ықпал еткен  киелі мекен десек болады.

Егін орағы науқанының қарбалас, қызу шағында Қазақстанның Еңбек Ері, Ақмола облысының құрметті  азаматы И.А.Сауэрмен тілдесудің сәті түскен еді.  Соңғы күндердің ми қайнатар ыстығына қарамастан, мұндағы еңбек әуенінің ырғағы толастар емес. Егінжайдан жаңа егіннің  астығын артқан  ауыр жүк машиналары қырман басына үзіліссіз ағылып жатты.

Родина ауылдық округінің тұрғындары жексенбі әрі мереке күндеріне қарамай кеш  жатып, ерте тұрып дегендей, қызу еңбекпен күн кешуде.  Сонымен бір мезгілде мұнда сүт фермасына көк балауса дайындалуда. Бұл жерде өндіріс пен  тұрмысқа байланысты ешқандай проблема жоқ десек болады.

– Біз әуел бастан ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуді бірінші орынға қойып келеміз. Еңбек адамы өзінің жеке басының мұқтажын, отбасының жайын  ойлап, артына қарайламау керек, – дейді әңгіме барысында Иван Адамович.

– Олардың бәрі жұмыспен қамтылған ба? – деген сауал қойдық.

– Ауылда 1800 адам тұрады, олардың 1 мыңы агрофирмадағы әртүрлі салаларда, әлеуметтік-мәдени мекемелерде  еңбек етуде, – деп жауап берді ол.

Еңбек адамына қолайлы жағдай туғызу – «Родина» Агрофирмасы» ЖШС-ның басты ұстанымы. Сондықтан болар, әлеуметтік жауапкершілік тұрғысынан алғанда кәсіпорын көптеген жылдар бойы республикалық байқауларда топ жарып жүр.

Иван Адамович бала кезінен ауыл адамының қам-қарекетіне қанығып өсті. Әкесі ауыл шаруашылығы саласының білгірі, өз ісінің  үздігі болды.  Үйде алған тәлімі, өзінің ауыл шаруашылығында  қол жеткізген жетістіктері мен тәжірибелері өмірде оған үлкен жол ашты.

– Маған ауылдан ыстық, ауылдан қымбат ештеңе жоқ. Ауыл еңбегі арқылы мен жерді сүюді, диқан еңбегін, нанды қадірлеуді үйрендім, – дейді әңгімесін әрі қарай жалғаған Иван Адамович.

Қазақстанның ұлы даласы мені көтерді, сол үшін өзімнің қымбатты жерлестеріме айрықша алғыс айтқым келеді.

Кейінгі кездері «Родина» Агрофирмасы» ЖШС жаңа технология – егістікті суландыру жүйесін дамыта бастады. Екінші жыл қатарынан мұнда алқапты суарудың жаңбырлату жүйесі қолданылып келеді. Қазір екі мың гектар жерде жүгері мен жоңышқа жайқалып өсіп тұр.

Суландырудың нақтылы тәсілін қолданғандықтан, мал азығының өнімділігі екі-үш есеге артқан. Тек жоңышқаның бірінші шабынында әр гектардан 55 центнер өнім алынса, екінші шабыннан 30 центнерден өнім түсті. Жүгеріден алынған азық көлемі гектарына 330 центнерден асты.

Осыдан болар, серіктестіктегі сүт өндірісі жоғары деңгейге көтерілді. Егер өткен жылғы нақты нәтиже көрсеткіші 22 мың тонна болса, биылғы күзде бұл көрсеткіш 25 мың тоннадан асқалы отыр. Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу – агрофирманың қол жеткізген жетістіктерінің нақты кепілі.

Айта кету керек, қазір бұл кәсіпорын күн сайын еліміздің Азық-түлік белдеуіне 75 тонна сүт өнімдерін жеткізеді. Бас директордың айтуына қарағанда, пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін 3,2 миллиард теңге қаржы бөлінген, 1 миллиард теңге қаражат банктің көмегімен келді. Кәсіпорын жұмысты толығымен өз күштерімен атқарып шықты.

Астаналық өңірдегі осынау алдыңғы қатарлы шаруашылықтың бас агрономы Қанат Ерікұлы Әділбеков өз кезегінде егін орағының барысы жайлы қысқаша айтып берді. Биыл 19,500 гектарға бидай, 1,5 мың гектарға сұлы, 2,100 гектар алқапқа зығыр егілген. Алынып жатқан бидайдың сапасы өте жоғары.

Егін орағына заманауи техникалар, яғни, комбайндар мен автопоездар, «КамАЗ» автомашиналары қатыстырылған.  Өндірісті уақыт талабына сай өркендету үшін жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді енгізу керек.

Жауапты шешім, табиғаттың тосын құбылысына дайын болу, қазіргі нарық заңына нақты іспен жауап беру күнделікті ізденісті талап етеді. Алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу, заманауи агротехникалық шараларды қадағалау, техника паркін жаңарту, еңбек ұжымын берекелі  іске жұмылдыра білу – осының бәрі табысқа бастайтын жол. Бұл орайда айтарымыз, «Родина Агрофирмасы» ЖШС-нің тың шаралары уақытпен үндес, өзгелерге үлгі боларлық деңгейде дамып отыр.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар