Ашық сәттің әрбір қолайлы кезін ұтымды пайдаланып, ел ырыздығын ысырап етпей жинап алуға бар күш-жігер, мүмкіндігін жұмылдырған облыс диқандары 3 миллион 166,4 мың гектар жердің астығын бастырып үлгерді. Бұл барлық егістік көлемінің 68,1 пайызы. Гектар берекесі орта есеппен 10,5 центнерден айналуда.
Биыл бітік егінді шашпай-төкпей жинап алуға толық мүмкіндік бар. Егін орағына 8,7 мың астық жинайтын астық комбайны қатысуда, оның 4,4 мыңы жоғары өнімді, шетелдік жаңа комбайндар. Мемлекеттің қолдауының арқасында облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары машина-трактор паркін жыл сайын жаңартуда. Үстіміздегі жылдың соңғы жеті айында диқандар жалпы құны 35 миллиард теңге болатын 1025 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Орылған егінді тасымалдауға 4,8 мың жүк көлігі пайдаланылуда.
Ендігі мәселе – зор еңбекпен жиналған дәнді сақтау. Мамандардың айтуына қарағанда, жаздың соңында жауын жиі жауғандықтан дән ылғалды, демек, негізгі күш элеваторларға түспек. Биыл облыста лицензияланған 70 астық қабылдау кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың қамбасына 4,7 миллион тонна астық сияды. Өзге де ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының 2 миллион тонналық қоймалары бар.
Күзгі ораққа қажетті 83 мың тонна жанар-жағар май бөлінді. Кепілдендірілген дизель отынының құны өскен жоқ. Дәл қазір дала жұмыстарында қолбайлау болатын мәселе туындап отырған жоқ. Ендігісі дала ерлерінің екпінді еңбегіне байланысты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.