Суретші қылқаламы сырлы әлемге жетелейді

Облыс орталығындағы Әдебиет және өнер музейінде облыстық Суретшілер Одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, мүсінші, суретші, профессор Юрий Поповтың жеке шығармашылық көрмесі болып өтті.

Көрмеде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, облыстық мәслихат депутаты Ғалым Бекмағамбетов құттықтау сөз сөйлеп, өнер иесінің еңбегіне алғыстарын білдірді. Көрменің мақсаты – өнер иесінің шығармашылығын насихаттау және мерейлі 75 жасқа толған мерейтойының қуанышын бөлісу.

Юрий Попов1947 жылдың 19 шілдесінде Қарағанды қаласында туған. 1972 жылы Абрамцев көркем-өндірістік училищесін бітірген. 1990 жылдан бастап, КСРО Суретшілер одағының, кейін Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, 2000 жылдан бері А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы және «Дизайн» кафедрасының доценті. Ол ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының Көкшетау облыстық шығармашылық ұжымына жетекшілік еткен. Оның  үлкен кәсіби тәжірибесінің арқасында суретшілер ұжымы бірігіп, қиын кезеңде тарап кетпей, аман сақталған.

Юрий Григорьевич Қазақстанның бейнелеу өнерінің танымал шеберлері атанған суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеген. Мемлекет біздің көпұлтты халқымыздың рухани құндылықтары мен дәстүрлерін дамытуға қосқан оның үлесін жоғары бағалап, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атты құрметті атағын береді. Ол үнемі ізденісте және өзінің кәсіби шеберлігін шыңдауда үздіксіз еңбек етіп келеді.

Суретші түрлі жанрларда, кескіндеме, керамика, сәулет өнерінде жауапкершілікпен еңбектенген жан. Оның қолынан шыққан туындылары деп Теміртау қаласындағы «Дала мадоннасы», Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлихановтың бюсті, Зерендідегі Мәлік Ғабдуллин ескерткішін мақтанышпен атауға болады.

Бүгінде Юрий Попов еліміз үшін қарапайым суретші ғана емес, адам мен суретші дербестігінде заманауи мәдениеттің үйлестірушісі. Ол өзінің шығармашылық ізденісінде әмбебап суретшілігімен көрерменін тәнті етуден жалыққан емес. Кескіндемемен қатар, керамиканы да жетік меңгерген. Соңғы жылдары 200-ден астам декоративтік композициялар, ыдыстар мен сауыттар, 30-дан астам керамикадан жасалған монумент жұмыстарын өмірге әкелген. Көптен бері Көкшетау қаласы және облыстың аудан орталықтарының ғимараттары мен құрылыстарын безендіруге атсалысуда.

Юрий Попов көптеген республикалық көрмелер мен Чехославакия, Түркия, АҚШ, Израилдағы халықаралық көрмелердің қатысушысы. Оның еңбектері Мәскеу қаласындағы мемлекеттік шығыс елдерінің өнер мұражайында, Алматы қаласындағы Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында және облыс орталықтарының мұражайлары мен меншікті коллекцияларында тұр.

Суретшінің шығармашылық көрмесіне өңіріміздің бірқатар суретшілері мен қала тұрғындары және жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысып, өнер туындыларын тамашалап, жақсы әсермен тарқасты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар