Халық саны өсіп келеді, ал, бұл ерекше назарды қажет етеді

Целиноград ауданы – Астанаға жақын орналасқандықтан ең тығыз қоныстанған аудандардың бірі.  Сондықтан оны дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерден қомақты қаражат бөлінуде.

Целиноград ауданына жұмыс сапары барысында облыстық мәслихат хатшысы Талғат Жүнісов бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады.

Қараөткел ауылында құны 1,5 млрд теңгеге жуық 280 орындық балабақша 2021 жылы салына бастады, жоба республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландырылады.  Қараөткел ауылының әкімі А.Мұқышев хабарлағанындай, бүгінгі таңда шатырдың қаңқасы жасалып, су құбыры мен кәрізді монтаждау, ішкі қабырғаларды сылау жүргізілуде.  Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Әріптестерімен, аудандық мәслихат хатшысы Л.Қонарбаева және облыстық мәслихат депутаты С.Матайбаевамен бірге, Талғат Тұрлыбекұлы Қараөткелдегі көше-жол желісінің, балалар және спорт алаңдарының құрылысы, ауыл аумағын абаттандыру барысымен танысты.

Қараөткел ауылдық округінде үш спорт алаңының құрылысына «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 43,5 млн теңге бөлінді. Барлық үш нысанда жұмыстар аяқталды және оларды ауыл балалары пайдаланып жатыр.

Қараөткелде сумен жабдықтау жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Жоба ауқымды, барлығы 113 км желі салу жоспарланған.  Оны жүзеге асыруға 5,8 млрд теңге бөлінді. Егер мердігер компания осындай үйлесімді қарқынмен жұмыс істейтін болса, онда нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі.

Целиноград ауданының Ақмол ауылында мәслихат хатшысы Т.Жүнісов ағымдағы жылдың басында пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты. Құны 900 млн теңге болатын нысанға бассейн, ойын, тренажер залдары, жекпе-жек залы кіреді.  Мұнда тек дене шынықтырумен айналысу үшін ғана емес, мүгедек адамдарды оңалту үшін де барынша қолайлы жағдайлар жасалған.

Аудан орталығында ХҚКО үшін жаңа әкімшілік ғимарат салынуда. Облыстық бюджеттен құрылысқа Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша 1 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.  Әзірге тек 309 млн игерілді, сыртқы қабырғалардың құрылысы аяқталды. Пайдалануға беру 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жоспарланған.

Ақмол ауылында Талғат Тұрлыбекұлы  Целиноград ауданының әкімі Бахытбек Оспанбековпен және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.  Олар бірқатар өзекті мәселелерді талқылады, әріптестер өздерінің депутаттық қызметі туралы айтып, жоспарларымен бөлісті.

Целиноград ауданы Өтеміс ауылында мәслихат хатышсы Жұмыспен қамту-2021 жол картасы аясында салынып жатқан 120 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты. Жобаның сметалық құны ­­- 1 млрд теңгеден астам.  Жұмыстар 2019 жылдың желтоқсан айында басталды, мектепті ағымдағы жылдың соңына қарай тапсыру керек. Бүгінгі күні барлық негізгі жұмыс түрлері аяқталды, қазандықты жайластыру, қоршау, жылыжай орнату жалғасуда. Мектеп шағын комплектілі болып саналатынына қарамастан, мұнда 1-11 сынып оқушылары оқитын болады. Ауыл балалары үшін жақсы жағдай жасалады.

«Жалпы, жұмыс сапары Целиноград ауданы халқының қаншалықты тез және қарқынды өсіп келе жатқанын көрсетті, сондықтан өңірдің дамуына назар аудару өте маңызды», – деп түйіндеді Талғат Тұрлыбекұлы.

Қарлыға МҰҚАТАЕВА,
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар