М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасындакөрікті Көкше жерінде ұзақ жылдар бойы облыстық партия комитетінің хатшысы болып жемісті қызмет атқарған мемлекет және қоғам қайраткері, майдангер Бисен Жұмағалиевтің 100 жасқа толуына орай «Өрелі еңбек, өшпес ерлік, өнегелі ғұмыр» тақырыбында Орал мен Көкшетау қалалары арасында онлайн конференция болып өтті.
Аталмыш кітапхананың бастамасымен ұйымдастырылған бұл шараға Орал қаласынанБисен ағаның шәкірттері мен әріптестері, ұрпақтары, колледж студенттері, ал, Көкше жерінен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев бастаған бір топ зиялы қауым өкілдеріқатысты.
Көкше мен Ақжайық елдеріне ортақ тұлға Бисен Жұмағалиевтің жерлестерінің жүрекжарды естеліктерін тыңдағаннан кейін көкшетаулық ардагерлер де тағылымды ойларымен бөлісті. Алғашқы болып сөз алған Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шияп ағамыз Түркістанда өткен бүкілдүниежүзілік құрылтайда Бисен ағаймен кездескен сәтін еске алып, Көкшетауда атқарған қызметі жөнінде жылы лебізін білдірді.
Бисен Жұмағалиев 21 жыл бойыКөкшетау обкомының хатшысы болып істеген уақытта ел ардақтысы Еркін Әуелбековтың, тағы басқа басшылардың жетекшілігімен әлеуметтік салада бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылған. Көркем келбеті, сабырлы мінезімен көпшілікті баурап алған абзал азаматтың кезінде 566 кітапхана, 413 клуб, 500-дей мәдениет үйі, 3 музей және облыстық филармония жұмыс істеген. Облыс тұрғындарына 713 емдеу-профилактикалық және дәріхана мекемелері, оның ішінде 8,1 мың төсек-орындық аурухана, 14 шипажай қызмет еткен.
Идеологиялық жұмыстарда да айтулы жетістіктерге қол жеткізілді. Социалистік жарыстың пәрменділігін арттырып, еңбек адамдарының мәртебесін көтерудің нәтижесінде тың бастамалар өріс алды. Шопандар слеті, малшылар күні өткізіліп, оқушылардың өндірістік бригадалары белсенді жұмыс атқарды. Сонымен бірге, қазақ мектептері де көптеп ашылып, ауыл-село спорты кең қанат жайды. Ұмыт болған айтыс өнері қайта жаңғырып, Көкшедегі сал-серілердің ізін жалғастырған өнерпаздар сахнаны ән мен күйге бөледі. Сүгірбай ауылының қатардағы көлік жүргізушісі Еркін Біржанов Кремльдің съездер сарайында ән шырқаса, «Көкшетау» ансамблі Югославияға гастрольдік сапармен барды.
Тағдырдың жазуымен талай қилы кезеңдерді бастан кешіріп, шыңдалып өскен, Ұлы Отан соғысына қатысқан Бисен Жұмағалиев өте білімді, кішіпейіл, сабырлы азамат болған. Бұл орайда ол кісімен қоян-қолтық қызмет істеген көкшелік әріптестері Тельман Мұқышев, Нина Василенко, Валентина Соломина, Рашид Гайнуллин, Амангелді Бекқожин, Құмарғали Досов, Мұрат Ыдырысов конференция барысында қызықты естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, ол кісі қаһармандықтың үлгісін көрсеткен майдангерлерді, халық шаруашылығының әр саласында еңбек көрігін қыздырған өндіріс озаттарын дәріптеуге айрықша көңіл бөлген жан. Оған себеп, соғыста шәйіт болған әке кегін алу үшін Бисен ағай да 1942 жылы Ленинград майданындағы шешуші ұрыстарға қатысып, қанды қырғынды бастан кешкен.
Командирлік тәжірибесі бар Бисен Жұмағалиевәскери-саяси училищеде оқып, майдандық «Отан күзетінде» газетін шығарып, журналистік қырымен де танылады. Алғы шептегі жауынгерлер жайлы мақалалар жазған. 1947 жылы елге капитан шенімен оралған ержүрек майдангердің омырауында І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендері және «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдары жарқырайтын.
Соғыста жинақтаған тәжірибесінің арқасында ол 1949-1954 жылдар аралығында облыстық газеттің редакторы болады. Осы сәттен бастап Бисен Жұмағалиұлының саясат сахнасында бағы жанып, әуелі сол кездегі Орал облысы Фурманов аудандық, кейін Орал облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланады. Ал, көгілдір Көкшедегі қызметі Бисақаңның өз сөзімен айтқанда, жеке бір дәуір болған екен. Ары таза, абзал азаматты көкшеліктер шын мәнінде ерекше құрметтеген. Атқарған жұмысы лайықты бағаланған. Оған бейбіт заманда да Еңбек Қызыл Ту, екі мәрте «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталуы айқын дәлел болса керек.
Жауапкершілігі мол обком хатшысы қызметінде жүріп, ол өзі куә болған сәттерді қағаз бетіне түсіріп, мақала жазуды да естен шығармаған. Сөйтіп, «Дала кеңістігінің балалары» атты кітап жазған. Заңғар жазушы Михаил Шолоховпен достығының айғағындай, Ресей жерінде өткен мәдени-көпшілік шараларға да белсене қатысқан. Екі дәуірдің куәгері, ғасыр құрдасы Бисен Жұмағалиевтың жарқын бейнесі көкшеліктердің есінде осындай асыл қасиеттерімен мәңгі сақталары сөзсіз.
Салиқалы ой иесі, нағыз ұлтжанды азамат, ержүрек майдангер, қаламы қарымды қаламгер Бисен Жұмағалиев ағымдағы жылы 100 жасқа толар еді.Зымыраған уақыт-ай, десеңші! Бүгінде ел ағаларының сол бір өнегелі жанды еске алып, тағылымы мол, танымдық ой тарқатуы да өскелең ұрпаққа өрелі ой тастағандары ғой.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.