– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge 2022» халықаралық технологиялық форумында Қазақстанның цифрлық технологияларды дамытудағы басты мақсатын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сарапшылардың болжамы бойынша, он жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформалық модельдерге негізделеді. Осындай жағдайда Қазақстан өз алдына еуразиялық кеңістіктегі ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналу стратегиялық міндетін қойды», — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пайымынша, бұған қажетті берік негіз бар.
«Бүгінде Қазақстан көптеген дамыған елден озып, БҰҰ-ның цифрланған мемлекеттер рейтингінде үздік отыз елдің қатарына кіреді. Қазақстан цифрландырудың дамыту векторын мазмұндық жағынан да, институционалдық тұрғысынан да нақты айқындағанын атап өткен жөн», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.