Дәуірдің  жарық жұлдызы

 Қазақ халқында текті туған, ғұмырын ізгілікке арнап, ел дамуы жолында ат салысқан азаматтар жетіп артылады. Шоқтығы биік тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынов десек, артық айтпағанымыз болар. Саналы ғұмырын сауат ашуға арнап, қарапайым  халықтың көзін өнер-білімге жеткізуге ұмтылған жан, қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы екені мәлім. Өзінің өткір тілді өлеңдері арқылы халқының құлағына маса болып ызылдап, ұйықтап жатқан елді оятуға талпынған, жанды жерінен шағып, болашаққа зер салуға үндеген.

Қазақ қоғамында оқу саласына ерен еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынов араб жазуы негізінде жасалған тұңғыш әліпбидің дүниеге келуіне түрткі болды. Өзінің қолға алған жобасы туралы топ алдына шығып, баяндама жасаған сәтте ағартушы ғалым: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не қазақша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп айтқан болатын.

Кіріктірілген сөздер мен әріптердің балалардың оқып, игеруіне қиындық тудыратындықтан, барынша жеңілдетілген, тілге оңай екендігін алға тартқан «Оқу құралы» қазақ әліпбиінің баспадан шығып, қазақ балаларының қолына тиіп, көзін ашуға өз ықпалын тигізді. Аталмыш оқулық әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоймай, құнды дүниелер ретінде бағалануда. Айта кетейік, қазіргі біздің білім беру жүйесінде талай жылдар бойы қолданыста болып, кейінгі жылдары өзгеріске енген «Әліппе» оқулығы да жаңартылып, шәкірттердің қолына қайта табысталатын болды. Оның алғашқы бетінде Ахмет Байтұрсыновтың болуы да бекер емес.

Жалпы, өзі жазған өмірбаянында ол: «…Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым», деген болатын. Талай жылдық зерттеу, тынымсыз еңбек, алға қойған мақсаттың арқасында ғалым өзінің тырнақалды туындысын көпшілікке ұсынып, жемісті нәтижесі көп уақыт өтпей-ақ байқала бастады.

«Тіл құралы» қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Ол жерде тек жазылу, оқылу емлесі ғана көрсетіліп қоймай, нақты дәлелдермен анықтамалар, грамматика, терминдер кеңінен қарастырылған. Мысалы, бүгінгі күнге дейін қолданыстан түспей келе жатқан зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа,  тағы басқа да көптеген терминдерге түсінікті түрде анықтама беріп, онысы сауат  ашуға негіз болған. Әрине, бастапқыда балалар үшін бұл ұғымдар құлаққа түрпідей тигенімен, уақыт өте келе, сөйлемдердің құралу барысы, талдау жүйесінде бірізділік қалыптасып, әр бөлшекке мән беру нақты түрде жүзеге асырылды.

Талай жанның өміріне шуақ болып шашылып, талай жанның шамшырағын жағуға ықпал еткен азамат тек білім саласында орасан тер төгіп қана қоймай, баспа саласының дамуына да үлкен көмегін тигізді. Тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына түрткі болған дәл осы Ахмет Байтұрсынов болатын. Саясаттан хабар-ошар таратып, халықпен тікелей байланыс орнатқан басылым адамдарды үнемі білімге де үгіттеп отырды.

Оған қоса, нар тұлға қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі ретінде тарихтан жақсы таныс. Тіпті, отаршылықтың ащы зардабы оның отбасына да өз кесірін тигізіп, қазақтың текті ұлына жала да жабылды. Әрине, ұлттың ұранын ұлықтаған жанды Патша үкіметі аса жақтыра қоймағаны анық. Алайда, қазақ үшін Ахмет Байтұрсынов қашанда тұғыры биік, төбемізге көтеретін ұлт ұлы екені айдан анық.

Тілі таза, намысы өжет, текті жан әрдайым ұрпақтардың ықыласына бөлене бермек. Ұлт ұстазы, ағартушы, ел жанашыры, мемлекет қайраткері, ақын, аудармашы, осы қасиеттердің бәрібір бойына сыйып тұр. Ендеше, Ахмет Байтұрсынұлының сара жолы, салиқалы тәлімі, осы жолдағы өшпес мұрасы мәңгілік туған халқының еншісінде.

Болат ПЕСТИФАЛЬ,
Қоянды  №2  орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы,
педагогика
ғылымдарының магистрі.

 Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар