Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күй құдіреті қанат бітіріп... - АРҚА АЖАРЫ

Күй құдіреті қанат бітіріп…

Түсініп-түйсіне білген адамға күй құдіреті дегеніңіз тілмен сипаттауға еш мүмкіндігіңіз жетпес ғаламат екендігі даусыз. Көкшетаулық ұстаз, дәулескер домбырашы Бақтыгүл Дәулетжанованың да жанына шуақ құйып, жолын ашқан сазды әуен.

Қасиетті өнер әкесі мен анасынан дарыса керек. Әкесі Серікбай Ахметұлы тылсым табиғаттың, сан алуан адамның мінез-құлқын, қилы-қилы тағдырларды өмірдің өзін сөзбен суреттеп, оқыған жанның сезімін оятатын жыр жазған ақын. Айтысқа да сан мәрте қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Нағашы жұрты да өнер қонған әулет. Осылайша ұлттық өнердің ұлағаты үстемдік құратын отбасында өмірге келген Бақтыгүл өзінің кішкентай сіңлілерімен бірге әннің құшағында тербеліп, қара сөздің қасиетін биік қойған отбасында жаз гүліндей жайнап өсті. Балдырған бала кезінде мынау дүниенің бәрі ән болып шалқып, күй болып қалқып тұратындай көрінетін. Әлі де солай. Басқа адамға беймәлім бір күш тебірентеді де тұрады.

Алғаш тартқаны Жантөренің «Шалқымасы». Бойындағы талабын анық бағамдаған ұстазы, марқұм Манарбек Бексейітовтен қалған мұра. Өміріне серік болып, өнеріне шапағат болып өзімен бірге ғұмыр кешіп келеді. Күй сазын көкірегіне құйған ұлағатты ұстаз тарихын қоса баяндаған. Ақбас толқындарын аспанға атқан Жайық өзені. Қос қапталы сыңсыған ел. Көкорайлы көктем келіп, жұрт жадырап, ел жаңарып жатқан уақытта ауыл-аймақ мыңғырған төрт түлік малымен Жайықтың арғы бетіне өтпек. Жазғы жайлауға. Сондай бір масайрай-мамырлаған, тұмса табиғат жаңарып-жасарған шақ екен.

Жайық өзенінің жағасы маңыраған қозының, кісінеген құлынның, боздаған ботаның үніне толыпты. Кең даланы кернеген, құлаққа соншалықты сүйкімді жаңағы үнге  жүйрік, жорға мінген жігіт-желеңнің, қыз-келіншектің сыңғырлаған күлкісін қосыңыз. Даладағы жүз сан құс та көмейіне күй толтырып, құйқылжыта жырлайды. Жалпақ жонның сәні мен салтанатын айтатын тәрізді, әдемі шақтың әсерін бір-бірінен асыра толғайтын іспетті. Қандай ғажап мына шақ, неткен сұлулық, ажарлы әдемілік еді!..

Даланың өзі мың сан дыбыспен тебірене толғанып, тамаша күй шертіп тұрғандай. Бейбіт өмірдің берекесі, сәулетті шақтың сыбызғының дауысындай болып толғанған саумал үні. Көктемде қалың ел Жайықтың арғы бетіне өткен. Елдің игі жақсылары Жантөренің ауылына жиналыпты. Биік жардың басына қалы кілем мен оюлы текеметтер төселген. Жасынан өте зерек, сөзге ұста, он саусағынан күй сорғалаған Жантөре жаңа бір сазды әуенді толғаса керек. Естіген жанның жан-дүниесін шаттық билеген. Жалаулы жасыл дүниенің жан тебірентер қызығына елітіп, қорғасындай балқыса керек. Шырайлы да шұрайлы, көкіректегі бұйығып жатқан бұла сезімдерді шымырлаған нәзік дыбыстармен оятып алып, өмірде ғашық ететін ғажайып әуен.

Осы күй өмір бойы жанын тебірентіп келеді. Өзін ғана емес, шәкірттерін де. Олар да ұлтымыздың киелі аспабын насихаттап жүр. Құрметбек Нұрғиса, Марат Жайнаған, Досжан Еркін қазақ ұлттық өнер университетін домбыра класы бойынша бітіріп, енді өздері шәкірт тәрбиелеуде.

–2011 жылдан бастап Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде жұмыс істеп жүрмін. Бір қуаныштысы, дарынды, талантты балалар өте көп. Колледжде домбыра пәні ретінде тереңдетіліп оқытылады. Ұлттық өнерге айрықша мән берілгендіктен,–дейді Бақтыгүл Серікбайқызы,–домбыра қоса, аспаптандыру пәнінен сабақ беремін. Білім алушыларға шығарманы ансамбльге, оркестрге лайықтап партитура жасауға баулимыз. Фортепиано, қобыз, гитара аспаптарының сүйемелдеуімен «Сыған серенадасы», «Сенім шырағы» әндерін дайындап, облыстық деңгейде өтетін мерекелік концерттерге үзбей қатысып келеміз.

Шығармашыл жастардың басын құраған «Нәзік сезім» ансамблі көкшелік өнерсүйер қауымның құрметіне бөленген. Облыстық «Екі жұлдыз» жобасында қатарынан екі рет бас жүлдеге ие болды. Қалалық онлайн конкустарға да белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болған.

–Күй өнерін түсініп, түйсіне білу үшін тыңдаушының да көкірек көзі ашық болуы керек, – дейді кейіпкеріміз, – негізінде күй барысындағы қамтылатын оқиға, бейнеленетін дәуірдің дидары алдымен айтылып отырылса, сол кезде бәлкім ұғынықты болар.

«Шалқыманың» адам бойын қорғасындай балқытар шұғылалы шуағы есіп тұратын шаңырақта шаттық аз емес. Қызы Мақпал Мәскеудегі мемлекеттік өнер және мәдениет университетінде «мәдениеттанушы» мамандығын алып, Астана балет театрында пианист болып еңбек етуде. Екінші қызы Нұргүл облыстық филармонияның әншісі, ұлы Олжас та музыкант. Кішкентай қызы Айша биші.

Ұлағатты ұстаздың өзі болса ұрпағының музыка әлеміне ғашық болу бесікте жатқанда даңқты күйші Жантөренің «Шалқымасымен» уанғанынан дейді.  Бәлкім солай болуы да…

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар