Өрт қауіптілігі жоғары дәрежедегі нысандарда өрт сөндіру дағдыларын жетілдіру мақсатында Көкшетау қаласының солтүстік өнеркәсіптік аймағында орналасқан «Petro Retail» ЖШС мұнай базасында өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өтті.
Оқу-жаттығудың жоспары бойынша мұнай өнімдерін сақтау резервуарында шартты өрт пайда болды. Өрт резервуар айналасының бүкіл аумағын тез қамтыды, оның көрші резервуарларға өту қаупі және адамдардың өміріне қауіп артты. Объектінің кезекші қызметі «101» телефоны бойынша жедел шартты өрт туралы хабарлады.
Өрт қауіптілігі жоғары нысандарда пайда болатын өрттерге өрт сөндірушілер жоғары шақыру дәрежесі бойынша жауап береді. Оқиға орнына Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің, медицина және апаттар орталығының, жедел медициналық жәрдемнің, полиция департаментінің, Көкшетау қалалық электр желісінің авариялық қызметінің жедел топтары жіберілді. Өрт сөндіру басшысы нысан әкімшілігімен байланыс орнатып, шартты өрт болған жерде барлауды ұйымдастыру және жүргізу үшін қажетті деректерді алды.
Келген өрт сөндірушілер дереу жауынгерлік қанат жаюды жүргізді, жеңқұбыр желісін салды және резервуарды салқындатуға, сондай-ақ, жақын орналасқан резервуарларды қорғауға оқпандарды берді. Өрт сөндіру құралдарын тиімді пайдалану үшін бір мезгілде көбік шабуылының әрекеттері тексерілді, ол өз кезегінде төбеден арнайы көбік сөндіру оқпандары орнатылған автосаты көмегімен берілді. Оқиға орнында құрылған жедел штаб шартты өртті сөндіруге қатысқан өрт сөндірушілердің әрекеттерін үйлестірді.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығуларына Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің «ӨС және АҚЖҚ» ММ күштері мен құралдарынан 6 негізгі техника, 35 адам және 4 арнайы техника, М.Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясының бір негізгі техникасы жұмылдырылды, сондай-ақ, Көкшетау қаласының жедел және коммуналдық қызметтері көмекке келді.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін департаменттің өрт сөндіру қызметі бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Ерлан Молдаханов оқу-жаттығуды қорытындылап, өрт сөндірушілердің әрі қарай кәсіби шеберліктерін арттыруды жалғастыруы жөнінде ұсыныстар мен нұсқаулар берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.