Ата кәсібіміз –қой шаруашылығын құнттасақ…

Өңірдегі төрт түліктің ішінде басынан бағы тайып тұрғаны – қой шаруашылығы. Қазір қожалықтар мен жеке шаруалардың отарларында небары 86 мыңға жуық қой бар. Қой тұқымын асылдандыру кемшін, терісі мен жүні текке рәсуа.

Өткен жылы тиісті орындар өңірдегі бос жатқан жерді есепке алып, тексере келе, 10 миллион гектарға жуық жердің құлазып босқа жатқандығын анықтаған болатын. Соқаның тісі, шалғының жүзі тимеген, тусырап жатқан түзде қаншама қой өсіруге болар еді. Ата кәсіптің алдында кесе-көлденең жатқан тосқауыл қайсы? Осы сауалға жауап іздеп көрелік. Сулы, нулы Қорғалжын өңірі мен мал шаруашылығына аса қолайлы, жайылымдық жері мол Ерейментау ауданының бірқатар қой шаруашылығымен айналысатын малсақ қауымымен тілдестік.

Мәселенің мәнін індетсек, қой шаруашылығына қоң бітірмей тұрған кеселдің бірі әрі бірегейі ел ішінде қойшының табылмауы. Қайсыбір серіктестік басшылары айына 150 мың теңге тұрақты жалақы төлеп, өз малына қажетті жем-шөпті тегін үйіп тастасақ та, мал бағатын адам таба алмайсыз деп зар илейді. Оның үстіне өз малын қожалықтың малына қосып бағуға да рұқсат еткен. Амалы таусылған соң жасалған қадам. Қойшы ынталансын деген ниет те. Бұдан артық қандай жағдай жасарсың?! Қойшының табылмауы нені көрсетеді. Әншейінде екі қолға бір күрек таба алмай отырмыз дейтұғын ауылдағы ағайынның еңбектен қол үзіп қалғандығын. Бұрынғы жасампаз еңбек дәстүрі бірте-бірте ұмыт болуға айналған. Қой шаруашылығын жетілдірумен бірге осы бір түйінді мәселеге жете мән беріп, ойластыруымыз қажет тәрізді.

Әйтпесе,  бұл шаруа бейнетін ақтайтын кәсіп. Қазір қой еті қымбат. Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлаған кезде қойдың еті мен сорпасы дертке дауа болады деген ұғым қалыптасты. Онсыз да қымбат ет бағасы шарықтап кетті. Қазір облыс орталығындағы базарларда қой етінің келісі 2500-2800 теңге аралығында. 15-20 келі таза ет беретін тоқтылардың тірідей құны 40-45 мың теңге төңірегінде. Ал, 25-30 келі таза ет беретін сектер 60-70 мың теңгеден сатылуда. Малсақ қауым үшін тәп-тәуір табыс емес пе? Егер мал тұқымын асылдандырып, қой басын көбейте алсақ, азық-түлік қауіпсіздігін жасар едік. Базарға түсетін мал басы көбейген соң, бәсекелестік пайда болып, бағаның арзандауына да ықпал етуі әбден мүмкін.

–Қой тұқымын асылдандыру ақсап тұр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Қайрат Көшенов, – мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанымен, малсақ қауымның ынтасы төмен. Мәселен, шетелден әкелінген асыл тұқымды әр бас үшін 30 мың теңге субсидия төленеді. Ел ішіндегі асыл тұқымды шаруашылықтардан алынған әр басқа 15 мың теңге көлемінде өтемақы жасалады. Оның үстіне қолдан ұрықтандыру мәселесін де жетілдіру қажет болып тұр. Бұл тараптағы іс жан-жақты ойластыруды қажет етеді.

Мал тұқымын асылдандыру мәселесі қожырап тұрғаннан соң қолда барды қанағат тұтып, өз төлі есебінен басын көбейтудің де ауыртпалығы аз емес екен. Мәселен, несиеге қой алып, шаруашылығын ұйымдастырып отырғандардың айтуларына қарағанда, банктің алдындағы қарызын өтеу үшін төлі өсіп-жетілмегендіктен, саулық қойлардың етке өткізілуі жиі.

Ерейментау ауданындағы Новомарковка ауылында шаруа қожалығының жетекшісі Қуандық Сәбитов 1700 қой бағып отыр. Жарым-жартылай асыл тұқымды.

–Үш жарым мың гектар жайылымдық жеріміз бар. Бұл тарапта кемшілік жоқ, тек су мәселесі ғана малсақ қауымды қинап тұр, – дейді шаруа қожалығының иесі, – несиенің жеңілдігін қайта қараса жақсы болар еді. Әйтпесе мал басын көбейту мүмкін емес. Енді-енді өсіп келе жатқанда банк алдындағы қарызымызды қайтарамыз деп шетінен етке өткізіп жатырмыз. Бәлкім, малсақ қауымның тілегіне орай қой басын көбейтемін деп ұмтылғандарға жеңілдетілген несие түрлері қарастырылса, оң болар еді. Бізде де шығын аз емес, 600 бас қой сиятын мал қорасын салдық, өз қаражатымызға құдық қаздырдық. Су 65 метрден шықты. Әр метрден 25 мың теңгеден төледік.

Шығыны көп шаруаның пайда түсіретін тұсы да кемшін. Мәселен, жалғыз бұл шаруашылықтың ғана емес, тұтас өңірдегі қаны шығып тұрған мәселені айта кетелік. Жаңадан ауызға іліккен дүние емес, талай айтылып, талай жазылып көрсетілген, әбден ақжем болған тақырып. Ол – қой терісі мен жүнінің текке ысырап болып жатқандығы. Көзін тапқанға қаншама қазына. Бейнетпен баққан малдың ырысын ұқсата алмай жатқанымыз қандай өкінішті.

Кешегі кеңес заманында облыс орталығындағы «Киіз»  кәсіпорнында қой жүні өңделетін еді. Негізінен пима мен киіз басылған. Солтүстіктің сақылдаған сары аязында кәдімгі пима да үлкен сұранысқа ие. Қазір көпшілікке аса қажетті пима басу ұмыт болып, Көкшетау базарларында қырғыздың пимасы ғана сатылады. Ауылдағы ағайын сатып алып, киіп жүр. Бұл төңіректегі табыс қырғыз ағайынның қалтасына түсуде. Ал, біздегі қой жүні көшеде шашылып жатыр. Негізінде сараптап қарасаңыз, қой жүні ешбір қалдықсыз кәдеге асатын өнім. Тіпті, шайыры да  іске жаратылады. Косметикамен айналысатын кәсіпорындарға аса қажетті шикізат.

Қой жүні екіге бөлінеді. Биязы және қылшықты жүн. Мамандардың айтуына қарағанда, қадірлісі – биязы жүн. Биязы жүнді қойды өсіру оңай-оспақ шаруа емес. Біздің далада негізінен ақселеу мен қаудан өседі. Бұл шөптердің басындағы ине қой терісіне қадалып, аурудың туындауына себеп болмақ. Сол себепті қылшық жүнді қойды өсірудің оңай екендігі белгілі. Қыбын тапса, қылшық жүн де кәдеге асады. Айталық, іргедегі Ресей қылшық жүнді іске жарату арқылы қарулы күштерін жұнттай қылып киіндіріп отыр.

–Моңғолияда бір жапырақ тері, бір шөкім жүн далада қалмайтын еді, – дейді Көкшетау қаласының іргесіндегі Нұрлы көш ауылының тұрғыны Мырзабек Бәйітхан, – ондағы жұрт күні бүгінге дейін малдың терісі мен жүнін пайдаланып келді. Тұрмыстық бұйымдар да тері мен жүннен жасалды. Теріден жасалған киім киіп, кем болған бірі жоқ.

Қой шаруашылығын дамытуға қажетті алғышарттың бірі – жайылым. Елді мекендердің іргесіндегі мал жайылымы тұяқкесті болып біткен. Бәлкім, Көксеңгірдің кең көсілген, бүгінгі күні бос жатқан ежелгі жайлаулары тәрізді оты мол жерді игеруді ұйымдастыру қажет шығар. Мал азығын жеткілікті етіп дайындауға малсақ қауымның өзі де ұмтылуда.

–Былтыр 200 гектар жерге екпе шөп ектік, – дейді Қуандық Сәбитов, – тәп-тәуір шықты. Алдағы уақытта бұл көлемді көбейтеміз деп ынталанып отырмыз. Қойға жайылымның кең болғаны керек. Кейде бос жатқан жерге қарап, иманың қасым болады. Табиғаттың сыйын түпкілікті пайдалана алмай отырмыз.

Қой шаруашылығын табысты салаға айналдыру үшін ең алдымен жүні мен терісін кәдеге асыруымыз керек. Сонда ғана малсақ қауымның жыл бойғы бейнеті ақталады.

–Заманында қой шаруашылығы еліміздегі мал шаруашылығының басты салаларының бірі еді, – дейді еңбек ардагері Ақылбай Ахетов, – астананы азық-түлікпен қамту белдеуіндегі облыс болғандықтан бұл саланы да дамытуымыз аса қажет. Түпкілікті мән берсе, түбегейлі нәтиже болатынына дау жоқ. Өйткені, қой өте өсімтал түлік. Кешегі кеңес заманында жүз саулықтан 140-150-ге дейін төл алынып  жүрді ғой. Төлі де тез жетіледі. Небары 1,5 жасында-ақ ірі қойдың есебіне кіреді.

Еңбекпен көзін ашқан ақсақалдың айтуына қарағанда, біздің өңірдің табиғи жағдайы қой шаруашылығын дамытуға өте қолайлы екен. Себебі, қой таулы-тасты Ерейменнің етегінде де, құлазыған Жақсының жалпақ даласында да өсе береді. Ел экономикасының әлеуетінің артуы мұнай мен шикізаттан кейін мал шаруашылығына тікелей байланысты екенін ескерсек, өңірдегі қой шаруашылығын дамыту аса қажетті екендігі ешбір дау тудырмайды.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар