Облыстық мәдениет басқармасының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 30 жылдығы, Қазақ ханы Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына, Ұлы қолбасшы Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған «Жігіт сұлтаны» облыстық байқауға Аршалы, Атбасар, Егіндікөл, Жақсы, Зеренді, Шортанды, Есіл аудандары мен Көкшетау, Степногорск, Қосшы калаларынан 20-29 жас аралығындағы жас дарынды жігіттер қатысуда.
Байқау жастардың бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту, жастардың жеке тұлға ретінде жарасымды дамуына, шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін арттыруға ықпал ету, ұлтжандылық сезімін ұштап, Отанына деген махаббатын кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың өн бойына ұлттық рухты сіңіру мақсатында өткізіліп отыр.
Бес кезеңнен тұратын байқауда қатысушылар ұлттық спорт түрлерінде (жамбы ату, аударыспақ, «Қазақша күрес», армлестлинг) күш дайындығын, сондай-ақ өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетеді.
Байқау жеңімпаздары ұйымдастыру алқасының тағайындаған сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.