Өткен бейсенбі күні Ақкөл ауданының орталығы Ақкөл қаласында белгілі журналист-жазушы, шежіреші, ұлттық рух күрескері, Алаш арыстарының легінде жүріп, олармен бірге қызметтес болған, жазықсыздан жазықсыз ит жеккенге айдалып, сталиндік зұлматтың қасіретін тартқан жерлесіміз Жайық Кәгенұлы Бектұровтың туғанына 110 жыл толуына арналған мерейтойлық іс-шаралар болып өтті.
Жастайынан ұр да жық саясаттың құрығына ілінгендіктен өмірі небір күрделіліктер мен ауыртпалықтарға толы Жайық ағамыз 1912 жылы 15 қазанда Ақмола облысы Ақкөл ауданының Аманкелді ауылынан 4-5 шақырым жердегі Моншақты тауының баурайында дүниеге келген.
1934 жылдан елдік істерге араласып, баспасөз, әдебиет салаларында өз қарымын танытқан, тар қапастың небір құқайын көрсе де рухы аласармай, әділетсіздікке, қиянатқа қарсы тұрар күш тауып, бар саналы ғұмырын ұлты мен туған елінің ертеңгі болашағына арнаған қайраткер қаламгерді еске алу шаралары негізінен, өзінің аты берілген Ақкөл №3 қазақ орта мектебінде өтті.
Қайсар рухты Жайық ағаның 110 жылдығы құрметіне елордамыз Астана қаласынан бір топ қадірлі меймандар келді. Жазушы көп жылдар тұрған және мәңгілік топырақ бұйырған Қарағанды қаласы да шет қалмай, екі өңірге тел арысымызға ізет білдірді. Салтанатты шарада мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы сенаторлар кеңесінің мүшесі Оралбай Әбдікәрімов ағамыз бастап, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, әлеуметтік ғылымдар академиясының толық мүшесі Серік Негимов, көрнекті ақындар, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Аңсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, қоғам қайраткері, белгілі ғалым Бейбіт Мамыраев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күміс көмей әнші, жерлесіміз Қапаш Құлышева, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов, белгілі журналист-ақын Мағжан Садыханұлы, Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Нұргүл Кәленова қостап, қазақтың қабырғалы қаламгері, тағдырлы перзенті, Алаш арыстарының соңғы бір үзігі туралы небір құнды ойлар, ұтымды пікірлер айтылды.
Түс ауа мерейтой қонақтары Жайық Бектұровтың туған жері Аманкелді ауылына ат басын тіреп, жазушының зерттеу еңбегіндегі Қазы батырдың және оның сарбаздарының басына орнатылған ескерткіш белгіге тағзым етіп, құран бағыштады. Сондай-ақ, ел ардағының кіндік қаны тамған ескі жұртында болды.
Жалпы, Ақкөлде өткен осы айтулы іс-шаралардың басы-қасында аудан әкімі Юрий Курушин, аудан әкімінің орынбасары Алмас Әлин, кезінде елеусіз қалған Жайық Бектұров атын көпке танымал етіп, туған жерінде осындай еске алу шараларының өтуіне жанашыр болып келе жатқан белгілі жайықтанушы Еркін Дәуешұлы бірге жүрді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
(Жайық Бектұровтың 110 жылдығы туралы материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).