Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Мұратұлының қатысуымен өңіріміздегі мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар сараланған алқа мәжілісі өтті. Алқа отырысында ағымдағы жылдың қорытындысы және 2023 жылдың міндеттері талқыланды. Жиынға аудандық мәдениет бөлімдерінің басшылары, облыстық мәдени мекемелерінің директорлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алқа отырысында Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сөз сөйлеп, мәдениет саласындағы атқарылатын жұмыстардың басым бағыттарын алға тартып, 2022 жылдың тоғыз айыныңқорытындылары туралы есебін ортаға салды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан мәдениеті жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүр. Осы орайда, жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылуы тиіс, – деп атап өтті.Тәуелсіздік жылдары облыста 123 кітапхана, 7 музей және 107 клуб нысаны ашылды, оның 91-і мемлекеттік нысан, – деп бастады сөзін Айгүл Баубекқызы.
Ақмола облысында 330 мемлекеттік кітапхана бар оның 287-сі ауылда. Модельдік кітапханалардың жалпы саны – 78, оның 54 ауылдық жерде. Мемлекеттік кітапхана қорлары – 4 590 611 сақтау бірлігін құрайды, оның ішінде мемлекеттік тілде 1 447 893 дана. Ауылдық жерде кітап қоры 3 090 800 дана, оның ішінде 1 миллионнан астамы мемлекеттік тілде.Сонымен қатар, өңірімізде 247 мемлекеттік клубтық кәсіпорын бар. Оның 226-сы ауылдық жерде орналасқан. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған заманауи инфрақұрылымы бар Жақсы, Бурабай, Сандықтау, Ақкөл аудандарындары мен Көкшетау және Степногорск қалаларын атап өтуге болады. Жалпы соңғы жылдары өңірімізде мәдениет саласына зор көңіл бөлініп келеді. Мысалы, тек соңғы үш жылда 4 миллиард 100 мың теңгеге 136 мәдениет нысаны жөнделді. Ал, 2022 жылы мәдениет саласын қаржыландыруға 8,1 миллиард теңге бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы және жол картасы аясында 2021 жылы 5 жаңа мәдениет ошағы қолданысқа берілді және жалпы сомасы 3 миллиард теңгеге 23 нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілген екен.
Сондай-ақ, 2022 жылы жалпы сомасы 1 миллиард 100 мың теңгеге 14 мәдениет нысанына ағымдағы және күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Оның ішінде: «Ауыл-ел бесігі» шеңберінде 3 жобаға 307 миллион теңгеден астам сомма бөлініп, бұл қаражат Жақсы ауданының Жаңақима ауылдық Мәдениет үйінде күрделі жөндеуге, Аршалы ауданының Тургенев ауылдық Мәдениет үйін күрделі жөндеуге, Ерейментау ауданының Новомарков ауылдық клубының ғимаратын күрделі жөндеугебағытталған.Сонымен қатар,облыстық бюджет қаражаты есебінен Астрахан, Ақкөл, Зеренді, Қорғалжын, Егіндікөл аудандары мен Степногорск қаласында 781,5 миллион теңге сомасына 12 мәдениет нысанын күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Ақмола облысы Зеренді ауданында Баратай ауылдық клубын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Жыл бойы қазақ халқының мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті мәдениет қайраткерлерінің мерейтойлық күндеріне арналған іс-шаралар өткізілуде. Ұлы ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында облыстың 17 орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Байтұрсынов орталықтары ашылды.
Ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың 125 жылдығы аясында облыстық орыс драма театрында режиссер, «Золотая маска» сыйлығының иегері Тимур Куловтың «Көксерек» атты қойылымының тұсаукесері өтті. Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған қалалық арнайы кітапханада тұңғыш рет арнайы рельефті-нүктелі шрифтпен жазылған «Көксерек» кітабыныңтұсаукесері, «Көкшетау» мәдениет сарайында «Жас батыр» облыстық байқауы, «Әуезов жауһарлары» жас прозаиктер байқауы өтті.
Ерейментау ауданында ұйымдастырылған Үмбетей Тілеуұлының 325 жылдығы және Кенесары Қасымовтың 220 жылдығына арналған «Тәуелсіздік жырлары» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылдығы» жобасы аясында Бұланды ауданында Қазыбек бидің 355 жылдығына және балалар жылына арналған «Бала ақын – жас дарын» облыстық оқушылар айтысы, Қазақстанның халық әртісі Гүлнәфис Баязитованың 105 жылдығына арналған «Ғасырлардан жеткен үн» тұңғыш облыстық қобызшылар байқауы, Шортанды ауданында халық әртісі Күләш Байсейітованың 110 жылдығы және Қазақстанның халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған «Қазақтың бұлбұлдары» облыстық байқауы, Балалар жылы аясында балалар шығармашылық ұжымдары мен жас орындаушыларды қолдау мақсатында Бурабай ауданында «Өнерлі өрге жүзер» атты облыстық өнер байқауы өтті.Санамалап айтар болсақ, өңірімізде осындай ірі-ірі өнер додалары көптеп ұйымдастырылуда.
Өңір өнерпаздарының да сан додада ақ боз атының маңдайы жарқырап, топ жаруда. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының актері Қайрат Мырзаболатов «Жылдың үздік актері» номинациясы бойынша «ЕҢЛІК ГҮЛ – 2022» кәсіби сыйлығына ие болды, ал, драма актері Төлеубек Көңбай «Еңбек даңқы» медалінің иегері атанды. Ақмола облыстық орыс драма театрының «Рождество алдындағы түн» спектаклі мәдениет, өнер және спорт саласындағы жыл сайынғы «ТИКЕТОН – 2022» қазақстандық сыйлығының «Жылдың өңірлік спектаклі» номинациясының иегері атанды. Ағымдағы жылдың 9 ай ішінде облыстың көркемөнерпаздары Түркия, Бразилия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда өткен өнер додасына қатысты, барлығы 180 республикалық және 140 халықаралық байқауларында өнер көрсетті.
Ақмола облысының 50 солисі мен 220 әуесқой ұжымы халықаралық байқауларға қатысып, 130 Гран-при, 85 лауреат атағын және 110 жүлделі бірінші, екінші орын иегерлері атанды.Атап айтсақ, «Көкшетау» мәдениет үйінің ұжымдары: «Полянка» балалар үлгілі хореографиялық ұжымы 2022 жылғы ақпанда Санкт-Петербург қаласында өткен эстрадалық және балалар биі саласындағы IV Ұлттық сыйлық халықаралық байқауында хореограф Елена Барткайтис сыйлығы және хореограф Сергей Смирновтың сыйлығы иегеріатанғанын сонымен қатар, арнайы Эсентепе, Солтүстік Кипр, муниципалитетінтің ресми шақыруы бойынша «Ол алтын қыз» халықтық би ансамблі «International ARPICOT AND FOLK dance FESTIVAL 2022» халықаралық фестиваліне қатысып, ГРАН-ПРИ иегері атанғанын, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясының ұжымдары «Гәкку» би ансамблі мен «Айнакөл» фольклорлық ансамблі 76 елдің қатысуымен өткен «IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының» ашылу салтанатына қатысқандығын баса айтсақ деп едік.
Биылғы жылы Есет Әлжан, Ақбота Құснадин, Әкімхан Мәженов, Ержанат Сәбитов, Рахат Сабыров, Марат Байтеміров, Асылжан Пірбергенов сияқты талантты орындаушылардың өнеріне тәнті болып, халық бұл жастарды жыл жаңалығына балауда. Ақмола облысы Суретшілер одағының төрағасы Юрий Поповтың 75 жылдық мерейтойы аясында және суретшінің шығармашылығын насихаттау мақсатында әдебиет және өнер музейі 200-ге жуық туындысы бар альбом-каталог шығарды. Түркістан қаласында өткен «Рухани қазына-2022» республикалық фестивалінің қорытындысы бойынша 58 Қазақстан музей қатысушылары арасынан «Мәлік Ғабдуллин музейі» «Үздік мемориалдық музей» номинациясы бойынша 1-ші орынды иеленді.
Тұңғыш рет Ақмола облысының өнер майталмандары «Хабар» Агенттігі» акционерлік қоғамының ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, өнерімізді насихаттап, көрерменге кеңінен дәріптеу мақсатымен ұйымдастырған «Жеті қазына» телевизиялық шоу бағдарламасының түсіріліміне қатысып, дәстүрлі ән, ауылдың алты ауызы, терме, күй, би, айтыс бойынша бақ сынасты. Мега жобада айтыскер, ақын, жыршы-термеші Арман Бердалин бастамасымен айтыскер ақын Нұрислам Әбділ, Бұланды ауданының «Оқжетпес» тобы, Қосшы қаласынан Бауыржан Нұрмұханов, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясынан Саят Бабаев, Сәрсенбай Хасенов, «Гәкку» би ансамблі лайықты өнер көрсетті.
Материалды емес мәдени құндылықтарды зерттеу, жинақтау мақсатында облыс әкімі Ермек Боранбайұлы Маржықпаевтың қолдауымен «Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасы: ежелгі және ортағасырлық мәдениеттердің сабақтастығы» атты ауқымды екі жылдық ғылыми жобасы аясында Целиноград, Бурабай, Шортанды, Зеренді, Ақкөл, Қорғалжын, Жарқайың, Сандықтау, Атбасар, Ерейментау, Жақсы және Есіл аудандарында музыкалық-этнографиялық экспедиция жүргізіліп, «Сарыарқаның тарихи-мәдени мұрасы атты кітап жарық көрді. Жоба Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Мәулет Ардабидің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының археологтары қазба жұмыстары барысында сақ жауынгерінің жерлеу орнын тапты.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының аумағында 1662 тарих және мәдениет ескерткіші бар, оның ішінде 5 республикалық маңызы бар ескерткіш, 1036 тарихи-мәдени мұра нысаны жергілікті маңызы бар тізімге енгізілген және 621 нысан алдын ала есепке алынған.Сонымен қатар, облыста 46 киелі орын бар: 11 жалпыұлттық маңызы бар және 35 жергілікті маңызы бар.Соңғы 3 жылда облыста 3 жаңа ескерткіш салынды.
Жыл аяғына дейін өңірімізде әлі талай өнер додалары ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Республика күні қарсаңында Ақмола облысында «Те-Арт Көкше»халықаралық театр фестивалі, жазушы-публицист Жабал Ерғалиевтің 70 жылдығына арналған республикалық театр фестивалі, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына, ақын-жазушы Төлеген Қажыбаевтың 80 жылдығына, арналған республикалық айтыс, «Ақмола жұлдыздары» халық шығармашылығы байқауы және тағы басқа ауқымды іс-шаралар өткізіледі.
Жиын барысында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек, М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Қуаныш Оспанов, «Көкшетау» мәдениет сарайының директоры Әлия Құрманова, облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының міндетін атқарушы Асхат Магавин, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Жаслан Укеев сөз сөйледі. Алқа отырысын мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова қорытындылап, өңіріміздің мәдениетін өркендету жолында еңбек етіп жүрген бірқатар мәдениет саласының қызметкерлерін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Ақмола облысы бойынша департаментінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ақмола облысы мәдениет басқармасыныңАлғыс хаттарымен марапаттады. Іс-шара соңында алқа мәжілісінің қаулысы қабылданып, ағымдағы жылы атқарылар міндеттер нақтыланды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.