Қарына құрық ілер кісі таппай…

Ауыл шаруашылығы құрылымдары ақық дән аялап, ақтылы мал өсіру үшін еңбек ететін адам таба алмай зар. Техниканың тілін білетін механизатор, жылқы жайып, қой бағатын малшы жоқ.

Үйірдегі жылқының жалы жығылғалы қай заман. Алдымен тұқымы азып, құнаны тайдай, тайы жабағыдай қораштанып, көрер көзге кішірейіп өспей қалды. Себеп – үйірге түсетін тұқымы тәуір, қаны түзу айғырдың жоқтығы. Бары жылдап ауыстырылмайды. Жылқы шаруашылығын түзеуге, тұқымын асылдандыруға деген аздаған ұмтылыс бар. Соның бірі «Береке» шаруа қожалығы. Ақкөл ауданындағы Қарасай ауылдық округіне қарасты Саздыбұлақ ауылындағы қожалық үйір-үйір мұғалжар жылқысын бағып отыр.

–Мұғалжар жылқысы біздің өңірдегі тұқымы азған қырқұйрықтыға қарағанда әлдеқайда тәуір, – дейді шаруа қожалығының басшысы Еркен Әбеуов, – қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстыққа да, сақылдаған сары аязға да мейлінше төзімді. Қысы-жазы далада жүргенімен, қоңын бермейді. Оның үстіне салмағы да біздің жылқылардан ауыр. Демек, етті мол береді. Төл төгіні де жақсы. Шамамен жүз бастан 96 құлын алып жүрміз. Таяуда тағы да үш асыл тұқымды мұғалжар айғырын сатып алдық. Әрқайсының құны 2 миллион теңгеден асады. Амал жоқ айғырсыз үйірлеп жылқы баға алмайсың ғой. Асыл тұқымды шаруа қожалығына айналсақ дейміз. Біздің төліміз арқылы өңірдегі жылқының тұқымын біртіндеп жақсартуға болады ғой.

Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, ілгері басқан қадамды кері кетіретін қиындық жетіп артылады. Біріншісі, жайылым мәселесі. Қожалықтың төрт жарым мың гектардан астам жері бар. Әйтсе де таршылық етіп отыр. Жердің өңіне орай әр басқа тоғыз гектардан тиесілі деген ғылыми негіздемеге сүйенсе әлі де осы көлемде жер керек.

–Біз қысқы, жазғы жайылым, күздік жер деп бөле алмай отырмыз. Тоқымдай жерге жылқыны иіре бергеннен кейін жал біте ме, – дейді қожалық басшысы, – ілкідегі тәжірибеге қарасаңыз, атам қазақ баққан малдың жазғы жайылымы, қысқы өрісі бөлек болған. Ұлы Абайдың «ерте барсам жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» дейтіні бар емес пе?! Тұяқты мал қанша жерден құйқалы өңір болса да тоздырып жібереді. Сондықтан, жазғы жайлау, қысқы қыстау бөлек болса екен дейміз. Тағы бір шешілмеген жай, ол суаратын су көзінің аздығы. Жаз айларында көлшіктер құрғап кетіп, мал суаратын жер таппай, иманымыз қасым болады. Осыдан екі жыл бұрын ұңғыма қазып беруге көмектесу туралы өтініш жазғанбыз. Әлі жауап жоқ.

Еркен Әбеуовтың айтуына қарағанда, ең бастысы қарына құрық іліп, жылқы бағатын адамның жоқтығы. Рас, жылқы бағу оңай-оспақ шаруа емес. Малмен көзін ашқан арыдағы ата-бабадан қалған «жылқыны жылқының өзіндей қайратты адам ғана баға алады» дейтін тәмсіл бар.

Осы арада ел ішінде жұмыс жоқ деген сөздің шындығына күмәндануға тура келеді. Ақиқатында жұмыс бар. Егер біреудің малын баққың келмесе, мемлекет тарапынан қаншама қамқорлық жасалып жатқандығын екпін түсіріп айтуға болады. «Алтын асық», «Құлан» тәрізді бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, төрт түлік малдың басын көбейтуге әбден болады емес пе? Оған құлқың соқпаса, тәуекел етуге дәтің шыдамаса, шаруашылық ұйымдастырып жатқан азаматтарға қолғабыс қыл.

Ақкөл ауданындағы Құрылыс ауылында егін егіп, мал бағып, еңсесін көтеруге ұмтылып отырған серіктестік бар. Әйтсе де мал бағатын малшы таба алмай жігерлері құм болып отыр. Серіктестік басшысы Ерлан Қожағалиевтың айтуына қарағанда, бұл өзі өте шетін мәселе. Егер уақытылы жалақысын төлемей, еңбегін жеп қанап отырса, бір сәрі.

–Негізі асыл тұқымды қара мал ұстап отырмыз, – дейді серіктестік басшысы, – мал ішінде жүрген малсақ қауымның еңбекақысы істеген жұмысына орай 250-300 мың теңгеден айналады. Бірақ, соның өзінде де сауыншы жоқ, қойшы жоқ. Тамағы тегін, бар жағдайы туғызылған сәулетті үй салып қойдық. Үйдің ішінде жуынатын орны, басқа да керек-жарағы сақадай сай, моншасы іргеде. Қай күні жағып түссе де өзі біледі. Таяуда бір отбасы келіп еді, бес-алты күн істеп, кетіп қалды. Жалпы, халықтың еңбектен қол үзіп кеткендігін айтатын уақыт жетті. Бұл  бір біздің ғана басымыздағы жай емес, қазіргі уақытта жалпақ жұртқа тән болып отырған мәселе. Өзім үшін емес, ел үшін шырылдап айтқым келеді. Еңбектен қол үзіп кету жақсылық емес. Төңіректегі ауылдарда екі қолын алдарына сыйдыра алмай отырған тепсе темір үзетін қаншама жас жігіттер мен бой жетіп отырған қыздар бар. Аракідік хабарласып, біздегі жағдайды  сұрап қояды. Келіңдер деймін, көріңдер. Бірақ, ешкім ат ізін салып жатқан жоқ. Ал, тегін көмек сұрайтындар жетерлік. Үйде жатқан он екі мүшесі сау адамға қалай көмектесерсің. Біреуге көзін сатқанша, жанын жалдап жұмыс істемей ме?!

Серіктестік қазір қазақтың ақбас сиырын бағып отыр екен. Адам қолының жетімсіздігінен қыс қыр астынан қылтиып қарағанша мал азығын жинап жатыр. Мемлекеттік көмектің арқасында жаңа трактор, шөп буатын техникаларын сатып алыпты. Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жап-жаңа қорасы бар. Мал тұқымын асылдандыруға айрықша мән беріп отыр. Қымбаттығына қарамай асыл тұқымды төрт бас бұқа сатып алған. Ендігісі сол малды жайып, жайлайтын малшының жайы.

–Жасыратыны жоқ көбіне өз тағдырына өзі жауапсыздықпен қарайтын, ішімдікке салынып кеткен адамдар келеді, – дейді қожалық басшысы, – ал, мен құны бірнеше миллион тұратын жаңа техникаларымды ондай адамдарға сеніп тапсыруға қорқамын. Мал бағамын ба, әлде малды бағатын адамды бағамын ба? Әйтеуір, дес бергенде тұрақты жұмыс істейтін екі-үш механизаторым бар. Қолдарынан бәрі келеді. Техниканың жеңіл-желпі ақауын өздері жөндеп алады. Әйтпесе қазір ауылдық жерлерде дәнекерлеуші, токарь деген мамандық иелері мүлде таптырмайды. Жастар осындай  зәру мамандықты неге игермейді екен. Ел боламын десек, шаруаның осындай кем-кетігін түзетіп алуымыз керек емес пе?

Механизатор, малшының жетіспеушілігі өңірдің барлық аудандарында да бар. Ерейментау ауданындағы «Иманбаев» шаруа қожалығының басшысы Сағыдат Иманбаевпен тілдестік. Қожалық ақық дән өсіріп, ақтылы мал бағуда. Егістік көлемі мың гектар. Бұл жерде де жайылым, шабындық мәселесі өте өткір тұр. Ел ағасы жасына жеткен Сағыдат  та халықтың еңбектен қол үзіп қалғандығын айтып қынжылады.

–Жеке өз басымның қамы емес, жалпы жұрт, тұтас қоғамды дендеген дерт есебіндегі көріністен арылуымыз қажет, – дейді ол, – санамен салмақтап қарасаңыз, бұл жеке шаруаның емес, тұтас қоғамның мәселесі. Өтпелі кезеңде ауыл еңбеккерлерінің бейнеті ескеріле қоймады. Мал баққан малшыға да, дала төсін түлеткен диқанға да уақытылы еңбекақы төленбеді. Біз бүгін соның зардабын тартып отырмыз. Бұрын даңқы жер жаратын, алдынан жұмыс үркіп отыратын тұтас бір еңбек дәстүрі қалыптасты емес пе? Ол уақытта еңбек адамын ескеру, атқарған жұмысына сәйкес марапаттау, көтермелеу болды. Оның өзі өте қажетті әрі мазмұнды іс болатын. Ұлтты жақсылыққа ұйыстыру, берекелі істерге бастау сырттай қарағанда жеңіл-желпі көрінгенімен, арғы жағында тегеуірінді леп тебіндеп жатқан жалпыға бірдей жұмыс емес пе?!

Біз облыста қанша механизатор жетіспейтіндігін білмек болып, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшыларымен хабарластық. Ел ішіндегі ауқымды мәселеден олар да хабардар.

–Мұндай келеңсіздіктің орын алып отырғандығы шындық, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов, – нақты қанша керек екендігі туралы дерек жоқ. Әйтсе де, өңірдегі кейбір шаруашылықтар қажетті мамандарға тұрғын үйлерін салып беріп, жақсы еңбекақы төлеп, мәселелерін шешіп жатыр. Бәлкім, осындай ынталандыру шараларын дұрыстап қолға алу арқылы жастардың бетін адал еңбек етуге бұра алатын шығармыз.

Облыстың әрбір ауданында жастарға кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындары жетерлік. Осыдан бірер жыл бұрын материалдық-техникалық базасы сын көтермейтін. Айталық, механизаторлар бүгінгі күні егістік танабында кездеспейтін ескі комбайнның құрылысын оқып жатқандығын талай көргенбіз. Оқу орны басшыларының айтатын уәжі, құны тым қымбат шетелдік комбайндарды кім берсін. Амал жоқ плакаттан оқытамыз, бейнетаспа арқылы көрсетеміз дейді. Дегенмен, соңғы жылдары кәсіптік-техникалық білім саласында жаңа заманның лебіне ілесу бар.

–Мемлекетке ешбір өкпе жоқ, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – бәрі тәрбиеге байланысты. Ол тәрбие ең алдымен отбасында қалыптасуы керек. Егер бала қабырғасы қатып, буыны бекігеннен кейін еңбек етіп әдеттенбесе, соған құштар болмаса, ата-анасы баулымаса, босбелбеу, ештеңеге қыры жоқ, қолынан іс келмейтін ұрпақты өсіреміз де. Әне бір кезде білім саласында да бұл жайға күшті көңіл бөлінетін. Жаз бойы мектеп оқушылары еңбек және демалыс лагерьлерінде болып, дем алып, тынығумен қатар, көкөніс, картоп өсіріп, еңбек әліппесін бастаушы еді. Сол еңбектеріне орай қолдарына тырнақалды еңбекақысы да тиетін. Еңбектің дәмін тату осылай басталмай ма? Бүгінгі күні қолына балға ұстап, шеге қаға алмайтын отағасыларды көрген кезде, бұлар ұрпағын қалай тәрбиелейді деп таң қаласың.

Біз із сорабына түсіп, індеткіміз келіп, тақырыпты қаузап отырған бұл мәселені шешудің жалғыз жолы әзірге мемлекеттің қамқорлығымен кәсіптік білім алып жатқан жастардың өз мамандығы бойынша жұмыс істеуін қадағалау. Осы арада нақты бір шешім қажет. Әйтпесе әр жыл сайын қаншама түлекке үлкен өмірге жолдама беріп ұясынан ұшырдық дегенімізбен, олар өмірдегі өз орындарын тауып жатқан жоқ. Бұл тарапта білім алушыларға көрсетіліп жатқан қамқорлық ұшан-теңіз. Тегін жатақхана, тегін білім, ас-суы, шәкіртақысы дегендей, шығынның бәрін жинақтай келсеңіз, қаншама қаражат болып шықпай ма?! Демек, алдағы уақытта тиісті орындар өмір көшінің ертеңіне елеңдеген сары уайымның сары суы байланған осы буынын емдеуі керек.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар