Академияның жүз курсанты ант қабылдады

Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының 1 курсына алғаш рет қабылданған 100 курсанттың салтанатты түрде ант беру рәсімі болып өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов, сондай-ақ, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен ата-аналар қатысты.  Атап өтерлігі биылғы жылы Қазақстандағы өртке қарсы қызмет офицерлерін даярлайтын ордалы оқу орнына 25 жыл толып отыр.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы  болашақ жеңістер мен табыстардың негізі осы біздің ведомстволық оқу орнының қабырғасында қалануда. Сіздер, қазіргі офицерлер мен генералдарды алмастыратын ұрпақсыздар. Мен бүгін салтанатты құрамда тұрған жастардың ешқандай жағдайда да курсанттың жоғары абыройын жоғалтпайтынына сенімдімін. Курсанттарға сәттілік тілеп, біздің өмірімізде төтенше жағдайлар мүмкіндігінше аз болсын дегім келеді, – деп атап өтті Юрий Ильин.

Бұдан кейін жиын барысында Елдос Рамазанов сөз сөйлеп, ақжарма тілегін білдіре келіп, өңірімізде сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

– Үш жыл ішінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерін қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджет есебінен 30 мамандандырылған жедел техника, 1 миллиард теңгеге 270-тен астам құтқару-техникалық жабдықтары сатып алынды. Келесі жылы 7 мамандандырылған техника мен 12 өрт-техникалық және құтқару жабдықтарын сатып алуға 300 миллион теңге бөлу жоспарлануда, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Бұдан кейін курсанттардың әрбірі ортаға шығып, өз Отанына, Қазақстанның халқы мен ел Президентіне адал қызмет етіп, еліміздегі барлық заңдарды сақтауға, сонымен қатар, өз міндеттерін абыройлы атқаруға ант берді. Өңіріміздегі ордалы оқу орнын тәмамдаған офицерлерге алыс-жақын елдерден де сұраныс жоғары.  Азаматтарды  төтенше жағдайлар мен табиғи апаттардан қорғау мәселелерінде еларалық қарым-қатынас орнатылған.   Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы екі жақты үкіметаралық келісімдер шеңберінде мемлекеттік білім беру тапсырысына сәйкес қазіргі уақытта академияда көршілес елдің 11 азаматы оқиды. Сонымен қатар, биыл магистратураға алғашқы қабылдау жүргізілді.

– Бала кезімнен өрт сөндіруші болуды армандаған едім.  Мен академияға үлкен үміт артамын. Осы ордалы оқу орнында біліммен қаруланып, болашағыма жол ашамын деп ойлаймын, – дейді Павлодар қаласынан келген жас курсант Ерасыл Қаратай.

Ширек ғасыр ішінде азаматтық қорғау академиясы 5000-нан астам маманды тәрбиелеп шығарды. олар күндіз-түні ең жауапты және күрделі учаскелерде қызмет етіп,табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан адамдардың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысады. Бүгінде Академия төрт білім беру бағдарламасы бойынша білікті мамандарды даярлайды. Атап айтсақ, «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайда қорғау», «Азаматтық қорғаныстың командалық-тактикалық күштері» және «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару ісі». Академия жанынан Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Көкшетау, Өскеменде азаматтық қорғау органдары қызметкерлерін қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын алты оқу орталығы жұмыс істейді.

Салтанатты жиын соңында азаматтық қорғаныс саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматтар марапатталып, курсанттар алаң бойында сап құрып жүріп өтті.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар