Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жасыл желегімізді молайтып,  келер ұрпақтың да кәдесіне жаратайық - АРҚА АЖАРЫ

Жасыл желегімізді молайтып,  келер ұрпақтың да кәдесіне жаратайық

Үстіміздегі жылдың тоғыз айында 120 орман заңнамасын бұзу оқиғасы анықталған. 62 оқиға бойынша 4041,6 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Орман қорына келтірілген залал көлемі 1260,1 мың теңгені құраса, оның 915,8  мың теңгесі өндіріліп алынған. Қалған іс материалдарын сот органдары қарауда.

Көкшетау өңірі үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдерімен, қолдың саласындай ақ қайыңдарымен, мәңгі жасыл қарағайларымен әйгілі. Қай тарапқа көз салсаң да ит тұмсығы өтпейтін қалың орман қаулап өсіп тұрғандай әдемі әсер қалдыратыны бар. Шын мәнінде орманды алқап барлық жер көлемінің 2,6 пайызы ғана. Демек, қолда бар алтынның қадірін біліп, табиғаттың тамаша көрінісіне сызат түсірмей сақтап қалу парыз әрі міндет. Жоғарыда келтірілген табиғатқа залал тигізіп жатқан деректерді ой таразысына салғанда жаның түршігетіндігі шындық.

–Үстіміздегі жылы жалпы көлемі 186,3 текше метр болатын залал орын алды, – дейдіоблыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов, – 18 мәрте заңсыз ағаш кесу оқиғасы анықталды, 49,1 текше метр ағаш және құралдары тәркіленді. Құқық қорғау органдарына 11 материал жолданды, бес адамға 1286,4 мың теңге айыппұл салынып, оның 858 мың теңгесі өндірілді.

Инспекция қызметкерлері жалпы аумағы 115 текше метрлік залал көлемін анықтаған. Белгілі болған 4 оқиға кезінде кінәлі тұлғалар анықталмапты. Әйтсе де, барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданған. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

Орманды ойсыратып жатқан тағы бір кесел – ауық-ауық тұтанып, дүйім жұртты әбігерге салатын өрт оқиғалары. Үстіміздегі жылдың наурыз-сәуір айларында аталмыш инспекция барлық орман иеленушілерінің өрт қаупі туындайтын маусымға дайындығын тексерген. Негізінен, кейбір жерде тыңғылықты дайындық болғанымен, өкінішке орай,олқы соғып жатқан тұстары да аз емес. Алты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Орман мекемелері бұл кезеңге дайындықты ширатып келеді. Тілсіз жауға қарсы тұру үшін материалдық-техникалық база да мүмкіндігінше жақсартылуда. Әйтсе де, көрікті Көкше өңіріне жадыраған жаз айларында келімді-кетімді кісі көп болғандықтан, өрт шығу қаупі де жоғары. Айталық, табиғат аясына шығып дем алатындар бейқамдықтың салдарынан рұқсат етілмеген жерде от жағып, ас дайындап, кейін сөндірмей кетеді. Осы бір ғана немкеттіліктің қасіреті қалың орманның от құшағына орануына әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде қау шөптің үстіне абайсыз тастай салған бір тал темекінің тұқылы жайнап тұрған жасыл әлемді жалмап кетуі әбден мүмкін.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 30 қаңтардағы бұйрығына сәйкес өртке қарсы қызметті жетілдіру қажет. Әйтпесе  өрттің қаншалықты қауіпті екендігін жеріне жеткізе айтпасақ та, әркім де біледі. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында орман өртінің 65 оқиғасы орын алып, 823,2 гектар орман-тоғай өртке шалынды. Осы арада сәл таратып айтуға тура келеді. Орын алған өрт оқиғаларының 32-сі табиғат әсерінен, ал, үшеуінде адамдар кінәлі болып отыр. 26 оқиға бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданғанымен, нақты кінәлі тұлғалар әлі күнге дейін анықталмаған. Биылғы жаз айларында 4 бірдей ірі орман өрті орын алды.

Осы оқиғалар кезінде тұмса табиғат зиян шекті. Алдын алу жұмыстары біршама мұқият жүргізілгенімен, ұлттық байлықтың ұнжырғасын түсіретін осындай оқыс оқиғалар кездесіп қалады. «Қазақавиаорманкүзету» мекемесінің үш бірдей тікұшағы орманды алқаптардың үстімен ұшып, көзінің қарашығындай қорғағанымен, апат айтып келмейді екен. Ұшақтар орман шаруашылығы  және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық диспетчерлік қызметіне есеп ұсынумен бірге, облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында әуеден бақылау жасайды. Нәтижесіз де емес, өткен жылғы кейбір қателіктерді ескере отырып, үстіміздегі жылдың жағдайын таразы басына тартатұғын болсақ, әуеден бақылаудың артықтығы көзге көрініп тұр.

–Инспекция өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 25 лауазымды қызметкерлер мен бірнеше адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тартты, – дейді инспекция басшысы, – өрт қаупі мол маусымның алдында табиғат қорғау прокуратурасы мен полициясы, орман және табиғатты қорғау мекемелері, жергілікті атқарушы органдарының басшыларымен бірнеше мәрте кеңес өткізілді. Біздің инспекция орманды молықтыруды бақылап отырады. Үстіміздегі жылы облыстың орман және табиғатты қорғау мекемелері 5910,6 гектар алқапқа ағаш көшеттерін отырғызды. Осылайша күні бұрын межеленген тапсырма 108,7 пайыз асыра орындалды.

Тұқымбақта орман алқаптарын кеңейтуге қажетті көшеттер өсірілуде. Өңірде 11 тұрақты және 8 уақытша жұмыс істейтін тұқымбақ бар. Олардың ішінде мүмкіндігі мол Маралды мен Кіші Түкті тұқымбақтары облыстың орман шаурашылықтарын қажетті көшетпен толайым қамтамасыз етуде.  Әйтсе де, белгіленген қағиданы бұзушылар да бар. Орман ойсырап қалмауы үшін кесілген немесе қураған алқапқа көшет отырғызу өте маңызды. Бұл әрбір орманшының үнемі көкейінде жүретін мәселе болуға тиісті. Әйтсе де, бұл тарапта олқылықтың орын алатындығын жасыруға болмас. Осындай жауапсыздық жасыл орманның жайқалып өсуіне кесірін тигізеді. Бұл орайда 37 орман шаруашылығы маманы жауапкершілікке тартылғандығын айтуға тиістіміз.

Республикалық орман селекциялық орталығының солтүстік өңір филиалы ауқымды іске айтарлықтай үлес қосуда. Барлық жерде тұрақты орман тұқымы базасын құру бойынша кең көлемді жұмыс атқарылуда. Дайындалған ағаш тұқымдарының сапасын арттыруға кең жол ашылған. Қазіргі күні Көкшенің көгілдір орманын молайту бағытында әр жыл сайын егіліп жатқан көшеттің едәуір бөлігі өңірдің өзінде өсіріледі.

Қалың орманды көздің қарашығындай күзетіп, қамқорлық аясында әлдилеу бар да, түрлі зиянкестерден, әрқилы аурудан сақтау бар. Үстіміздегі жылы 10 мың гектардан астам аумақта орманды алқапқа залалын келтіретін әртүрлі зиянкестер мен аурулардан қорғауға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Жыл басынан бері барлық орман зиянкестері мен ауру ошақтары шоғырланған аумақ 12004,4 гектарды құраған болатын. Тынымсыз күрес нәтижесінде 3127,74 гектар аумақтағы қауіп-қатер сейілді. Оның ішінде 10699,92 гектар алқапта орын алған зиянкестер ошағы толығымен жойылды.

Орманның халыққа пайдасы өте зор. Бұл бағытта тәптіштеп айтудың өзі артық. Бір ғана жайды тілге тиек етуге болар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар маңында ұзақ және қысқа мерзімді 44 жер телімі жалға беріліп, игілігін ел көріп отыр. Елдің жайын ескере отырып, ережеге сай пішен ору, мал жаю, омарта құру, саңырауқұлақ және жидек жинау тәрізді шаруалар атқарылуда. Орман игілігін көру үшін арнайы билеттер жазылып берілуде.

Ең бастысы, жаратқан ие сыйлаған көл-көсір байлығымызды келер ұрпақтың кәдесіне жарату үшін бүгіннен бастап бар күш-мүмкіндікті жұмылдырып сақтау керектігі жеріне жеткізіле айтылуда. Әсіресе, жас ұрпақтың көкірегіне сіңірілуде. Инспекция қызметкерлері орманды күзетіп қана қоймай, келешектің қамын осылай жасамақ. Тұтас ел тұтқа болғанда ғана орманымыз ойсырамай, көз жауын алатын жасыл желек жайқалып өсе бермек.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар