1992 жылы қазан айында Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші конгресі өтті.Аталған конгреске қатысқан танымал дін өкілдері және қоғам қайраткерлері осы күнді халық арасындағы өзара түсіністікке қол жеткізу және бітімгершілікті іздеу күні ретінде бекітуді ұсынған болатын. Содан бері жыл сайын елімізде 18 қазан – Рухани келісім күні болып дәстүрлі түрде аталып өтіліп келеді.
Ел аумағындағы түрлі ұлт пен ұлысты, дін өкілдерін біртұтас жасампаздық пен келісім байланыстырып тұр. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» даналығын ұстанған Қазақстан әлем халқына тату-тәтті өмір сүрудің үлгісін көрсетіп отыр. Отанымызда бір-бірінің наным-сеніміне, тілі мен діліне құрметпен қарауға басты назар аударылып келеді. Әсіресе, қазіргі кезде өзге елдердегі саяси оқиғалар, аласапыран жағдайлар тұсында біздің қоғамдық тұрақтылықты, өзара татулықты сақтауымыз тіптен өзекті бола түскендей.
Қаймағы бұзылмаған қоғамда қайшылық туғызбай, татулықты ту етіп, бірлікті бағалауға шақыру мақсатында 13 қазан күні Краснояр қалалық үлгілі кітапханасында «Тұрақтылық – татулықта» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шараға Краснояр ауылының мешітінің бас имамы Науан Мүтәлұлы, Краснояр ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Амангелді Қиянбекұлы, «Көкше» мәдениет үйінің қызметкерлері, ұстаздар, оқушылар, оқырмандар қатысты.
Бас имам Науан Мүтәлұлы әрбір азаматтың жеке бас мүддесін ойламай, тұтас қоғамның мүддесін басты орынға қойып, менмендікке салынбай, басты бағымыз егемендігіміз бен татулығымызды сақтап, қолда барды бағалай білуге шақырды. Ертең елдің келешегі болар жас ұрпақтың білімді, ойлы ұрпақ болып өсуіне тілектестігін білдірді.
Шараға қатысушылар өз ойларын ортаға салып, Отанымыздың әрбір тұрғыны арандатушылықтан аулақ болып, өзара келісімде, татулықта өмір кешуге үндеді. Тұрақтылық – татулықта! Лайым еліміздің іргесі бекем, бірлігіміз мығым болсын!
Гүлжанар БОДАУБАЙ,
Краснояр қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі.
Көкшетау қаласы.
Рухани келісім – тұрақтылықтың негізі
Қазіргі таңда халық арасында өзара түсіністік, рақымшылдық пен жақынына көмек көрсетуге деген ізгі ниеттің бой көрсетуі адамзат үшін өте маңызды. Өйткені, өзара келісім, ортақ тіл табысу арқылы ғана табысты ел бола аламыз. Қазақстанның кең-байтақ даласындай қашанда құшағы ашық қазақ көп ұлтты бауырына басып, ынтымағы жарасқан тату ел болып отыр. Оны біз жеріміздің кеңдігімен ғана емес, пейіліміздің кеңдігімен де, ырысты тірлігімізбен ғана емес, ынтымақты бірлігімізбен де дәлелдеп отырмыз.
Жуырда «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана қызметкерлері «Рухани келісім – тұрақтылықтың негізі» атты тәрбие сағатын ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – рухани адамгершілік құндылықтары туралы мағынаны түсіндіру. Сонау тың және тыңайған жерлерді игеру кезінен бастап, осы күнге дейін ұлтаралық достық қарым-қатынас қанымызға сіңіп, бойымызға дарыған салтымызға айналды.
Бірлік, төзімділік және ұлтаралық келісім сынды құндылықтар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ ел дамуының қайнар көзі болды. Осындай бейбітшілік өмірдің арқасында Қазақстан биік белестерді бағындырып, еңселі мемлекетке айналғаны сөзсіз.Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз.
Иә, ел тұтастығы мен рухани келісімнің адамзаттың үйлесімді де берекелі өмір сүруінде алатын орны ерекше екені белгілі. Қашанда татулығы, ауыз бірлігі мен достығы жарастықтапқан ел ғана бір арнаға түйісіп, халықтың тілегі, асылармандары орындалып, бақытты өмір кешетіндігі ежелден белгілі. Сол себепті бабаларымыздың: «Бірлігі барды жау алмайды» немесе «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген ұлағатты сөздердің астарында ауыз бірлік пен татулықтың негізі жатыр. Баланың санасына рухани құндылықтарды дарытып, ақ пен қараны айыруға, жаман мен жақсыны ажырата білуге үйрету біздің парызымыз. Бойымызды тек рухани жаңғыртып, тіліміз бен дінімізді сақтап, еліміздің ынтымағы мен бірлігі үшін ұлттар арасында келісім мен тұрақтылықты нығайту біздің өз қолымызда екенін жоғарыда біз айта кеткен тәрбие сағаты да жақсы көрсете түсті.
Бақытгүл ГАЛИЕВА,
«Салтанат» сарайы жанындағы қалалық
үлгілі кітапхананың кітапханашысы.