Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубы – жоғары топта

Өткен жексенбі күні өзге жанкүйерлермен бірге облыс әкімі Ермек Маржықпаев та тамашалаған «Оқжетпес» – «Тараз-Қаратау» футбол клубтарының ойынынан кейін Қазақстан Республикасы футбол чемпионатының бірінші тобында өнер көрсететін жерлестеріміз біріншіліктің қалған үш турының нәтижесіне қарамастан, Премьер-Лигаға жолдама алды.

Бұл күні қонақтарды 6:1 есебімен ойсырата ұтып, қатарынан он жеті ойын жеңіліп көрмеген оқжетпестіктердің қоржынында қазір 55 ұпай бар. Турнир кестесінің бірінші сатысында тұрған, әрі өздерінен кейінгі Қызылорданың «Қайсарынан» төрт ұпай ұзап кеткен олар алдағы ойындарда бәрібір екінші орыннан төмен түспейді. Ал, чемпионат ережесі бойынша осы бірінші, екінші орындар жоғары топқа өтуге мүмкіндік береді. Олай болса, жас шабуылшы Сәрсенов үш гол соғып, хет-трик жасаған, сондай-ақ, Жұмаханов,Тобоевпен өзінің туған күнінде Батталов бір-бір доптың авторы атанған «Оқжетпесті» ақыры, араға екі жыл салып, Премьер-Лигаға қайта оралуымен құттықтаймыз!

Команданың биылғы межесі бірінші орын екенін ішіміз жақсы сезеді. Өйткені, соңғы ойында да барын салған жерлестерімізді бұл жолда ештеңе тоқтата алмайтындай. Осы чемпиондық атақ үшін ендігі керегі үш ойында екі жеңіс. Бұл 2014 жылы да «Оқжетпесті» дәл осылай жоғары топтан түсіп қалған жерінен қайта соған алып шыққан, биыл да міне, сол жетістігін қайталап отырған бас жаттықтырушы Сергей Попковтың да, ойыншылардың да қолынан әбден келуі тиіс.

Иә, футболдан бас командамыздың Премьер-Лигаға қайта оралуы мыңдаған жанкүйерлердің арманы еді. Сол дегеніміз болып отыр. Енді тек бірінші топта үздік шығып, үмітімізді ақтаған «Оқжетпесіміз» ескі әуеніне басып, жоғары топтан шығып қалмай, сонда орнықса екен. Көп тілегі осы.

Сөз соңында Көкшетаудың «Оқжетпес» әйелдер командасы да биылғы ел біріншілігінде тәуір өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанғанын және келесі маусымда УЕФА чемпиондар лигасында өнер көрсететінін айта кеткіміз келеді.

Қ.КӘКЕНОВ.
Суретте: облыс әкімі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ жерлестеріміздің жеңісінен кейін «Оқжетпес» футбол клубының ұжымымен бірге.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар