Облыс әкімі Республика күні қарсаңында қарттарды құттықтады

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Республика күні мерекесі қарсаңында Көкшетаудағы қарттар үйіне барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпат табыстады.

Осыдан алты жыл бұрын облыс орталығында қарттар мен мүгедектерге арналған «Үміт-Шаңырақ» пансионаты ашылған болатын. Бүгінде бұл жерді үй-күйі, жақындары бола тұра жалғызілікті қалған немесе замандастарымен шүйіркелесуді қалап, уақытша паналауға келген 38 жан мекендейді. Оларға 22 пансионат жұмысшысы қызмет көрсетіп, жағдайларын жасайды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарды өңір басшылығы назардан тыс қалдырған емес. Қариялар әкімнің үнемі келіп, жағдайларын біліп, олармен шүйіркелесіп, қажет дегеннің барлығымен қамтамасыз етіп отырғаны үшін дән риза. Айталық, осы жолғы кездесуде өңір басшысы пансиотка кір жуғыш машина мен газ плитасын сыйға тартты.

–Келе жатқан айтулы мереке Республика күнімен құттықтаймын. Қарттар біздің қазынамыз. Сол себепті де оларға қамқор болу біздердің парызымыз. Қандай да бір өтініштерініз болса біз үнемі қол ұшын созуға дайынбыз. Сіздердің өтініштеріңізбен осы жолы кір жуғыш машина мен газ плитасын алып келдік. Тағы да қосымша кішігірім сияпатымызды қабыл алыңыздар, –деді Ермек Маржықпаев.

Облыстағы әлеуметтік мекемелер басшылығы шығындар туралы мәліметтер ұсынады және соның негізінде мемлекеттен қаржылай қолдау көрсетіледі. Айталық, биылғы жылғы қаржыландырудың өңір бойынша жалпы сомасы 18 515 000 теңгені құрады.

Бүгінгі кездесуде де қарттар алғыстарын білдіріп, ерекше ілтипатпен шығарып салды.

–Бұл біздің алғаш кездесуіміз емес. Үнемі осылай жағдайымызды біліп, қамқорлығын көрсетіп отырады. Ризамыз. Көп рахмет! Келе жатқан айтулы  мерекемен құттықтаймыз. Еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын. Туған жеріміз Ақмола облысы, Көкшетау көркейе берсін, – деп қариялар алғыстарын білдірді.

Пансионатта жүріп тұруы қиын жандар да бар. Сондықтан да олар ерекше күтімді қажет етеді. Оларға керек арба, сүйеніп жүретін таяқ пен балдақтар қамтамасыз етілген. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандардың қараусыз қалмай, үкімет тарапынан қолдау көріп жатқаны жанға медеу.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.
Фото: Айбек Даньяров

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар