Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Менің Отаным – Қазақстан - АРҚА АЖАРЫ

Менің Отаным – Қазақстан

Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. 1990 жылы 25 қазанда Республиканың Жоғарғы кеңесі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларацияны қабылдап, осы тарихи маңызды қадам арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын басты. Сол уақыттан бері мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бере отырып, даму мен өркендеу жолында.

Биыл тәу етер Тәуелсіздігімізге, қастерлі Азаттығымызға 32 жыл толады. Тарихи өлшеммен қарасақ, бұл – қас-қағым сәт.     Шын мәнінде, бар болғаны 32 жыл­дың ішінде Қазақстан аса маңызды міндеттердің шешімін таба білді. Мемлекеттік рәміз­деріміз, ұлттық валютамыз және елдігіміздің басқа да дербес белгілері бекітілді. Тәуелсіздіктің берік қалқаны саналатын Қарулы Күштеріміз құрылды. Мемлекеттік басқару жүйесі жолға қойылып, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер айқындалды. Қос Палаталы Парламент құрылып, заң шығару ісі жүйеленді. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жұмыстары да сәтті жүргізілді. Шекарамыз шегенделіп, алғаш рет халықаралық шарттармен бекітілді. Халық конституциялық еркіндік алып, өз құқықтары мен бостандықтары негізінде қалаған кәсібін таңдап, өзінше өмір сүру мүмкіндігіне ие болды. Қазақстан халықаралық қауымдастықтан да лайықты орын алып, демократиялы, зайырлы мемлекетке айналды.

Мұның бәрі қазір айтуға оңай болғанымен, қаншама қажыр-қайрат пен ерік-жігерді қажет еткен үлкен жұмыс екенін ескеруіміз керек. Бізден бұрын тәуелсіздік алып, әлі күнге дейін шекара мәселесін шеше алмай отырған мемлекеттер бар. Ал біздің мемлекетіміз осындай міндеттерді үш онжылдықтың ішінде тиісті деңгейде орындай алды.

   Тәуелсіздік – біздің елдігіміздің айғағы, еркіндігіміздің белгісі. Біздің ең басты құндылығымыз – егемендігімізді қастерлеу, көзіміздің қарашығындай сақтау, нығайту – бәріміздің абыройлы міндетіміз.

Ұлттық мереке ретінде күнтізбеге енген Республика күнінің аясында орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының ұжымы  «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында кездесу өткізді. Кітапханамыздың құрметті қонағы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымов қазақ еліне қайта оралған мерекенің маңыздылығы,талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерген ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы арпалысы, еліміздің өз алдына республика болып қалану жолында еңбек сіңірген тұлғалар, КСРО ыдыраған тұста ел тәуелсіздігін жариялаған қазақ мемлекетінің бертін келе қандай белестерді бағындырғаны туралы тарихи деректерді баяндап, егемендіктің қадір-қасиетін ұғындырды. Егемендік  ұғымын, тереңнен тарихи тұрғыда талдап берді.

Бұл кездесуден үлкен әсер алған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Әскери-техникалық мектебінің» Көкшетау қаласындағы филиалының Әскери патриоттық жұмысы бойынша нұсқаушысы Дәурен Жоламанов, ұстазы Бағдат Тайжановтың басшылығымен келген сарбаздардың  рухтары өршіп, намысы қайралды.

– Бүгінде жоғымыз түгенделіп, өшкеніміз қайта жанып, салт-дәстүрлеріміз өзімізге оралып, толықтай тәуелсіздікке ие болған ел болдық. Ендігі кезекте әрқайсымыз «Мен – қазақпын» деп көк байрағымызды көтеріп айта алатын дәрежеге жеттік. Ұлттық мерекелердің де қатары толып, мемлекеттік рәміздеріміз, ұлттық құндылықтарымыз ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалуда. Отан алдындағы борышымызды  өтеп жүрген біз үшін  25 қазан тәуелсіздік тарихындағы таңдаулы күн болып қала береді, – деді сарбаз Бауыржан Дастан.

 Бақытжан АЙДОСОВА,
Орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі
кітапханасының меңгерушісі. 

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар