Елдікті жырлап ел мұратын асқақтатты

Қарымды қаламгер,  мемлекет және қоғам қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Ел ардақтаған Жабал шешен» атты аймақтық жас ақындар айтысы Көкшеге бір керімсал жыр мерекесін алып келгендей, көріп, тыңдаған жанның құлақ құрышын қандырған айшықты өнер кешіне айналды.

Еліміздің әр аймағынан 10 айтыскер ақын үкілі жыр додасына қосылған бұл шараны Ақмола облыстық білім басқармасы мен «Болашақ» сарайы ұйымдастырып, айтысты өткізудегі, өнер иелерін қарсы алып, шығарып салудағы негізгі салмақ соңғы мекемеге түсті. Әрі елінің арда туған азаматына арнап, «Елін сүйген, елі сүйген қайраткер» атты онкүндік өткізуімен де сүйсінте білген  білім мен  мәдениет ордасы, оның басшысы Айнагүл Балташеваның  мұнымен  үлкен бір  игілікті іске ұйтқы болғандығы да  жан-жақты  көрініп тұрды. Осы онкүндік аясында  жазушы  туралы өткізілген ашық  сабақтар, түрлі пікірсайыстар, қазақ күресінен қалалық жарыс, әдебиет сабақтары  жас  ұрпаққа бар саналы өмірін  ұлт әдебиетімен мүддесіне бағыттап  келе  жатқан  белгілі  қаламгердің есімін  жете  білгізе түсуге дәнекер болғаны анық. Міне, осы он күннен тұратын  игі шаралардың ең соңында  ұлттық басты құндылықтарымыздың бірі­– ақындар айтысымен  қорытындылануы да көңілге  көрік берген  ұтымды бір  істің нақ өзі еді. Талай үлкенді-кішілі  ортада  дүйім жұртты шешілсе шешендігімен, көсілсе көсемдігімен  тамсандыратын сөз  майталманының  осы бір қасиетін  негізге  ала отырып,  айтысты, яғни, ұлт мұрасын ұлықтауүлкенді қуантса, жасты да  тіл құдіретіне  талпындырмай  қоймайтыны кәміл.

Сонымен, өзіне арналған аймақтық жас ақындар айтысын той иесі, қаламгер ағамыздың өзі ашып, бүгінгі сөз сайысына түсетін жүйріктерге сәттілік тіледі, өзін осылай құрметтеп, қошамет биігіне көтеріп жатқан шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Жазушының сахнада тұрғанын пайдаланып, оқалы шапан жапқан облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан дәл сондай той жоралғысын жасаған кеш қонағы, Жарқын Жапарханның құттықтаулары да айтыстың батагөйлі беташары іспеттес болды.

Міне, күткен жыр сайысының да кезегі келді. Сахнада алғашқы жұп – керекулік Абзал Қабдыраш пен ақмолалық Ерлан Дәулет. Ә дегеннен екі ақын да жай жеңіл-желпілілер санатынан емес, кәдімгі сен тұр, мен айтайын дейтіндей іргелілер қатарынан екені көзге көріне берді.

Мен кешегі Бұхардың ұрпағы мен Абылайдың өзіне ақыл берген,–

деп қарсыласып бір тықсырып алғысы келген керекулік ақынның тегеурініне, әділін айту керек, Ерлан да ығына қойған жоқ. Бірде әзілін, бірде құлаққа жылы естілер мақамын қарсы қоя отырып, Абзалдың тынысының ашылуына да себін тигізе түсті. Сөйтіп, алғашқы жұп осы Павлодар облысы ақынының басымдылығын аңғартқандай әсер алдық.

Келесі бір сөз сайысы да көздеген ойымыздан шығып, ақындарымыз тосылмай да, басқалар салған сүрлеуге қосылмай да, ойлы жырдың қыр-сырын өздерінше өрнектеді. Нартай Тілеуқұл бұл айтысқа Астанадан келіп, тағы бір қасиетті Қараөткелдің өкілі Дулат Саматпен сөз сайыстырып көрді:

«Болашақ» сарайына жиналыпты,

Елімнің болашағын ойлайтындар

немесе Көкшетау қаласы көшелерінің айтарлықтай қазақыланып қалғанын меңзейтін:

Басқалар не дейді деп жаутаңдамай,

Жаужүрек екендігін танытқан ел,–

деген сияқты ұтымды тіркестер залдағы тыңдарман қауымның да делебесін қоздырып, қайта-қайта айтысқа үн қостырып отырды. Шын ақынның арқасы осы шапалақ соғылған кезде қызатынын да көрсетті бұл жұп. Содан болар, ел, жер, тіл тағдыры, кешегі өткен бабалар қасиеті мен кемеңгерлігі, Жабал аға тойының тағылымдық және ұлағаттық тұстары біраз сөз болып барып, тізгін тартылды.

Қыз бен жігіттің әдемі бір сыпайы айтысына ұлытаулық Сырым Нығызбай мен ақмолалық Жаңылжан Жолдымұраттың жарасты жұбы арқылы куә болдық. Сырым да түсінігі мол азамат екен, мәдениетті түрде қарындасының жан дүниесін барлай, өз сөзін соған сай әрлей отырып, қашан орындарынан тұрғанша қыз жанын аялаудан, қоғамдағы қазақ қызының абыройын көтеруден танбады. Әсіресе:

Батырлық емес, нәзік жандыларға,

Қамқорлық керек біздей жігіттерден,–

деп бір тоқтаса:

Көкшенің шыңдарына оқ жетпейді,

Көкшенің қыздарына қол жетпейді,–

деп тағы тауып кеткеніне ризашылығымызда шек болмады. Осы тұста:

Үміт артқан Көкшетау, намысыңды бермейін,

Мен де айтыста тынбаймын, алға қарай өрлеймін,–

деген Жаңылжан да туған облысының шоқтығын көтеріп жіберді.

Жалпы, бұл айтысқа кілең сайдың тасындай жас ақындардың мықты бір шоғыры келген екен. Сондықтан, жыр сайысы еш жалықтырмады да, жабырқатпады да. Қайта ақындар киелі сахнаға шыққан сайын әр жұпқа көптің ықыласы артып отырды. Сондай жақсы айтыстың бір үлгісін жерлесіміз Құрметхан Құралханұлы мен көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан келген Қабдолла Бейісхан көрсетті деуге болады. Қабдолла сөз жоқ, бүгінгі жас ақындардың ішінен болашағы әлі алда, оза шаба алатын бауырымыздай көрінді. Бірақ, қызба. Қарсыласына орынсыз ұрынған тұстары осы жұптың айтысына көлеңке түсіргендей болды. Есесіне Құрметхан өзін сахнада сабырлы ұстап, қарсыласының «тентектігіне» орайлы жауап беріп:

Данасы жетпіс жасқа келген кезде,

Баласы жыр арнайтын елге келдің, –

деп сабасына бір түсіріп қоюға тырысты. Рас, мұндай тұстарда аузында сөзі дайын Қабдолла да:

Қызырдың өзі келіп мекендеген,

Қызылжар бармағанда қайда барам?! –

деген рәуіште өзі жер басып жүрген топырағының қадірін білгізіп отырды.

Ал, енді іріктеу кезеңіндегі соңғы жұп – қостанайлық Тоба Өтепбай мен қарағандылық Еркеғали Бекболаттың сөз сайысына келсек, мұндайда қозғалмай қоймайтын бұрынғы Торғай облысының тағдыры сол өңірде туған алдыңғы айтыскердің аузынан біраз запыран болып төгіле келе, кәдімгі жезде мен балдыздың  ойнақы айтысына ұласты. Соның ішінде Тоба «Тілден жыр, маңдайдан тер төгіп тұрмыз» деп осы отырғанда өздерінің айтыс сүйер қауым үшін ештеңеден аянып қалмайтындарын меңзесе, балдызы Еркеғали да билікке «қаңтардағы бағаны қайтарыңдар» деп халық көшеге шыққан сол қаңтар қасіретінің өзінен бері азық-түлік бағасының өсіп кеткеніне үнсіз қала алмады.

Сонымен, айтыстың уақытына да тақа шектеу қойылмай, әр ақын өз шеберлігі мен мүмкіншілігін танытуына бар жағдай жасалған сөз сайысында белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек бастаған қазылар алқасы он қатысушыдан тағы екі жұпты келесі кезеңге іріктеп алып, одан әрі шабытқа шабыт қосылып кете барды. Алғашқы жұпта Нартай Тілеуқұл мен Абзал Қабдыраш, одан әрі Тоба Өтепбай мен Қабдолла Бейісханның жыр қағысын тамашалаған қалың көпшілік төртеуіне де риза болысты. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, алайда, осы ақтық сында кейбір ақындарымыздың сөз өресі аспандап, кейбір ақындарымыздікі кібіртік тарта бастағандай сезілгені де бар. Дегенмен, «Тірі атасын танымас ұл тарайды,Жеті атасын білмейтін жігіттерден»  (Нартай), «Ұрылардың ісінде ұялу жоқ, ұлылардың ісінде ұлт ары бар» (Абзал) деген сияқты шындықтың шырылын қайда қоярсыз.

Жалпы, айтыс Жабал ағамыздай айтулы тұлғаға арналған соң, осы бір ел перзентінің қайраткерлігіне, елге деген қисапсыз еңбегіне әр ақын-ақ тоқталғысы келді, соны даралап жырлағысы келді. «Ассалаумағалейкум, бармысыңдар, шешен мен көсемдерді туған елім», «Жабал аға тер төккен қазағымның өжеті, «Арқа ажары» білсеңдер, алты Алаштың газеті», «Жабалдың онкүндігі біздер үшін, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай», «Елі үшін құлдай қызмет қылған жанды, елі де патшасынан кем көрмейді», «Жабалдай сүйіп ұлыңды, жыртығын жама жұртыңның», «Жүзге дейін шапқылап сіз жүріңіз, Хан орда мен Ақорданың арасында» деп келетін келісті теңеулер әрине, елдік пен ерліктің жырын асқақтатқан ақындарымыздың  тұлға қадірін білгендігі дер едік.

Осылайша көп көңілінен шығып, жоғары деңгейде өткен сөз сайысы да өз мәресіне жетіп, бас жүлде, яғни, 400 мың теңгенің ақшалай сертификатын Кереку елінен Абзал Қабдыраш иеленді. Ал, бірінші орын  тиісті ақшалай сыйлығымен астаналық Нартай Тілеуқұлға бұйырса, екі екінші жүлдені қостанайлық Тоба Өтепбай мен қызылжарлық Қабдолла Бейісхан тең бөлісті. Ал, өз өңіріміздің ақындарынан Біржан сал мен ақын Сараның жүлдесіне ие болған Құрметхан Құралхан мен Жаңылжан Жолдымұраттың мерейлері үстем болса, қалған сөз сайыскерлері де 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлығынсыз тыс қалмады.

Бұл күні сүбелі бір айтысты тамашалап, жастардың жыр бәйгесінде өсіп келе жатқанын көрген елдің де, белгілі бір тұлғаға көп арналмайтын мұндай шараның өзіне арналғанын көрген ердің де бағы бір жанды дерсіз. Ал, айтысқа көңілдері толған көпшілік болса, оны көркем сөзбен мәнерлеп жүргізуде бірсыпыра еңбек сіңірген Мұхаммед Қоңқаев бауырымызға, ақындардың шалымдылығына риза болып тарқасып бара жатты.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар