Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Таңат Сүлейменұлы туралы бір үзік сыр.... - АРҚА АЖАРЫ

Таңат Сүлейменұлы туралы бір үзік сыр….

Зымыран құс – заман керуені тынымсыз алға жылжиды, өткен ғасыр өзінің сан қилы, әр алуан оқиғаларымен, өміршең өзгерістердің бел ортасында жүрген өрелі өрендерімен, халық қадір тұтар азаматтарымен жадымызда. Осындайда кісілік сипаты ерекше, адамгершілік асыл қасиеттерімен үлгі болар ағалар бейнесі елестейді.

Ол Жарқайың ауданының Уәлихан ауылының азаматы – Таңат Сүлейменұлы. Таңат Сүлейменұлы 1944 жылы Есіл ауданы Елтай ауылында туған. 1963 жылы Атбасар ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, 1971 жылға дейін Терісаққан, Далабай ауылдарында мектепте еңбек сабағының мұғалімі қызметін атқарып, өмір атты сапардың еңбек жолын бастайды.Сол жылдары Целиноград қаласының ауылшаруашылық институтын тәмамдап, 1971-1974 жылдары Львов ауылында бригадир, механик жұмыстарында істейді. Жас маман өзінің іскерлігімен, табандылығының арқасында көзге түсіп, ауызға іліне бастайды.Өйткені қазақтың баласын арман өсірген, тәуекел пісірген, адал еңбек қатарға қосқан ғой. Осы өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын азаматтардың жолы да жөні де бөлек. Осындай ерекше еңбегі еленіп Таңат Сүлейменұлы 1977 жылы «Уәлиханов» совхозының директоры қызметіне тағайындалады. Бұл қызметті 1993 жылға дейін, яғни, Кеңес Одағы тарағанша атқарады.

Кеңестер Одағы ыдырап, Қазақ елі, жері, халық тәуелсіздік  алғаннан кейін, нарықтың қоғам заңдылықтары орныға бастағаннан-ақ ауыл шаруашылық саласында да, басқа салалардағыдай жұмыс тоқтаңқырап, экономикалық ықпалдар жойыла берген кезеңде Таңат Сүлейменұлы Уәлихан ауылында жаңаша реформаға жол ашып, жер мәселесіне ауқымды өзгерістер енгізіп, қалайда елге, жерге, халыққа пайдасы болсын деген оймен өндірістік кооперативтер ашуды ойластырады.

Әр адамның өмірі тағдыр тауқыметімен небір қайшылықтарға толы болатыны белгілі. Таңат Сүлейменұлы осы орайда, көптеген қиындықтарға тап болса да, ел ертеңінің кемел болатынына сенді. Себебі, сол кезде ерекше дамып, өркендеп келе жатқан аталмыш ауылда, жер телімі, техникасымен қоса, халық меншігіне айналып шыға келді. Әрқайсысы 29 гектар жер алып, 70-80 шамасында шаруа қожалықтары құрылып, әр отбасының күн көру мүмкіндігі жақсарып, тынымсыз еңбектің арқасында ынтымағы жарасқан елге айналды.

Таңат Сүлейменұлы ағамыздың көрегендігімен елге жанашырлығының арқасында осындай үлкен шешім қабылданғаны бүгін баршамыз үшін тарихтың бір терең тармағы сияқты көрінеді.

Сол кездегі қиыншылықтар бүгінде озық экономика жетістігі болып, халық қазынасын еселеді. Бұл ертеңді болжай білетін көрегендігімен өресі биік қырағылығының арқасында орнын тапқан оң шешімдер.

«Нағыз батыр еш уақытта кеудесін соқпайды» деседі. Осы қағида Таңат ағамызға арнап айтылғандай. Кісілік пен кішілік секілді биік адамгершілік қасиеттер сиреп бара жатқандай көрінетін бүгінгідей заманда Таңат ағамыздай біртуар азаматтың рухы жылдар өткен сайын бұдан да биіктей бермек…

Жалпы, бұл қоғамбағасын берген батыл іс-қимыл болды, себебі, жаны жаңалыққа құмар, жұмыс десе уақытын, жанын аямайтын жан, іскерлігі, білімділігі, жауапкершілігі мол, өз ойын дәйекті дәлелдей білетін басшылардың бірі еді.

Талантты, сауатты басшы қай жерде жұмыс жасаса да, ізбасарлар тәрбиелей алатыны анық! Осындай ағалармен қызметтес болып, өмір мектебін осы кісінің қолында өткеніме қуанамын. Ол уақыттары мен Уәлихан селосына халық депутаттары Кеңесінің төрайымы болып сайланып, ауыл әкімі лауазымына дейін көтерілдім. Таңат Сүлейменұлы берген ақыл-кеңес, мол тәжірибесінің арқасында, ел басқару, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеу, олардың ыстық ықыласына бөленуді үйрендім. Осы мектеп маған әлі күнге дейін азық болып келеді.

Таңат Сүлейменұлының тәрбиесін көрген, қызметтес болған азаматтар, үлкен жолға шығып, өмір мектебін үздік бағаға оқып шықты деуге болады.Сол кезеңдеауылдық Кеңестің қызметінде ең басты, елдің көзіне көрінетін жұмыс – ауылдың тазалығы. Абаттандыру жылдың қай мезгілі болса даүлкен мәнге ие болатын. Сол себептен Таңат Сүлейменұлы техниканы ауыл Советтің қарамағына беріп, кез келген уақытта жұмыс жүргізуге үлкен мүмкіндік алдық. Ел бірігіп, ауылдың сәулеті мен тазалық жұмыстары жерлестерімізді біріктірді, үлкен бірлік-тірлікке жетеледі.

Ғұмыры ғибратқа толы Таңат Сүлейменұлы бүгінде зейнеткер, кәсіби шеберлігі өте мол, қай жерде, қандай жағдайда болмасын, ойын ашық айта алатын, өзінің парасатты тұжырымы, өзіне тән ой-пікірі бар, адами қасиеттері баршамызға үлгі,  үлкен әсер қалдыратын ағамыз.

Жарты ғасыр отасқан жолдасы Нүрикамал Балтабековна екеуі 3 ұл, 11 немере, 4 шөберенің қызығына бөленіп, шаңырағын шаттыққа толтыруда.  Бесігінен анасыОрынбасар апамыздың, әкесі Сүлеймен атамыздың тәлімді тәрбиесін алып, арманмен алға ұмтылған, тегі мықты адам болып қалыптасты, әрқашан тиянақты іс атқарып, үлкен табыстарға жеткені дебәрімізге белгілі.

Қызмет атқарған кезеңінде алдына таудай мақсаттар қойып, оны жинақтап, дамытып отырды. Нәтижесі әрине, барша халыққа бүгінгі күнде ырыздық-несібе болып табылды. Таңат Сүлейменұлы басшылық еткен уақытында ол кісіге ризашылықпен қарады және ойшыл, батыл қадамдарына, барлық жасаған жақсылықтарына үлкен алғыстарын білдірумен келеді.

Қазіргі кезде кәсібінің нәсібін, бейнетінің зейнетін көріп отырған, сонау жылдарда елімізді мәңгілік мерейлі де мықты ел қатарына қосуға, болашақ ұрпақтарды бай-қуатты етуге ерінбей еңбек етіп, жарық жол салған аяулы азамат осы кісі дер едім!

Еңбектері бағаланып, 1980 жылы «Халықтар достығы» орденімен, 1982 жылы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Құрмет белгісімен, ҚР Ауылшаруашылығының Құрметті қызметкері атағымен марапатталды. Көптеген мерейлік медальдары мен мақтаулармен қатар, Жарқайың ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды.

Тағы бір халық үшін жасалған игіліктің бірі, олауыл аймағында екі бірдей салынған плотина жалпы, шаруашылыққа ең қажетті нәрсе – судың көзі болып, әлі күнге дейін пайдаға асып отыр, ол кезде Уәлихан ауылында қымбат та  болса керек дүние осы еді, 50 жылда ел жаңа демекші міне, қазір  Уәлихан ауылы ынтымағы жарасқан, керегесін кеңге жайған іргелі елдің бірі. Әрине, бұл осындай «елім» деп соққан жүрек иелері, айтулы азаматтардың еселі еңбектерінің нәтижесі.

Өмірінен үлгі аларлық, өткеніне көз саларлық, тәлім-тағлымы мол, бергені берекелі де жетерлік, әлі берері бар Таңат Сүлейменұлындай тұғырлы тұлғаға елі дән риза. Алда да халқымызға деген сүйіспеншілік пейіліңіз ортаймай, арамызда мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік болып, аман жүруіңізге тілектеспіз!

Ұлболсын АХМЕТОВА,
 Жарқайың аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар