Сексен сегіз ауылда медициналық қызметкер жоқ

–Бүгінде  Ақмола облысының мемлекеттік медициналық ұйымдарында 8 мыңға жуық білікті медицина қызметкері бар. Десе де, жылдар бойы өңірдегі дәрігер  тапшылығы әлі де өзекті мәселелердің бірі. Соңғы үш жылда жалпы, облыс бойынша дәрігерлік кадрлардың тапшылығы екі есеге жуық төмендеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Омарова. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Биылғы жылы өңірдегі медицина мекемелерінде 244 маман тапшы. Қалалық жерлерде 156 білікті маман қажет болса, шалғайдағы 90-ға жуық ауыл дәрігерсіз отыр.

–Жалпы дәрігерлік практика бойынша мамандар, сондай-ақ, акушер-гинеколог, анестезиологтар мен педиатрлар, психиатр, көз дәрігері, оториноларинголог пен неонатолог сынды тар шеңберлі сала мамандары үнемі тапшы.  Соңғы тоғыз айда облыс ауруханаларына 70-тен астам жас маман жұмысқа орналасты. Кадрларды ынталандыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар жасалып жатыр. Жатақхана беру, тұрғын үй шығындарын өтеу, балабақшаларда орын бөлу, сондай-ақ, жұбайын немесе зайыбын жұмысқа орналастыру арқылы дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, өткен жылы медицина қызметкерлері үшін жергілікті бюджет қаражатынан  әрқайсына 1 миллион теңге бөлінді,– дейді Бибігүл Демеуханқызы.

Шалғайдағы елді мекен тұрғындары да базынасын білдірді. Зеренді ауданындағы Заречное ауылы тұрғындарының айтуынша медициналық пункте санитардан басқа адам жоқ. Аяқ асты ауырып қалған жайғайда көрші ауылдан медбикенің келуін күтіп зар боламыз дейді.

–Дәрігер үнемі осында болуы керек емес пе. Мұнда адамдар қан қысымымен, қант диабетімен келеді, басқа да науқастар, жаңа туған нәрестелер бар. Жүгінетін ешкім жоқ. Біз көрші ауылдан   медбике Светлана Юрьевнаны шақырып, оның келуін күтеміз. Немесе қалаға баруға тура келеді.  Медициналық пункттің тазалығын санитар жалғыз өзі қамтамасыз етіп жүр. Бір өзі  барлық бөлмелерді ағартып, тазалайды. Тағы көрші ауылдардан келген медбикеге немесе жедел жәрдем бригадасына қызмет етеді, – деп шағым білдірді ауыл тұрғындары.

Жергілікті органдардың айтуынша, біздің өңір елордаға жақын орналасқандықтан, жас мамандардың дені оқу бітіргеннен кейінгі міндетті мерзімде жұмыс істеп, ауысып кетіп жатады. Оларды өңірде алып қалу мақсатында біршама ынталандыру жұмыстары жасалып жатыр.

–Биыл Ақмола облыстық мәслихатының шешімі бойынша жас  мамандарды қолдау жұмыстары күшейтілді. Мәселен, аудандық және облыстық маңызы бар қалаларда жұмысқа орналасқан  жас мамандарға сомасы 1,5 миллион теңгені, ал, ауылдық жерлерде 2,5 миллион теңге мөлшерінде қаржы беріледі. Жалпы, осы жылы жергілікті бюджет қаражатынан көтерме төлемдер үшін шамамен 50 миллион  теңге бөлінді. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 68 медицина қызметкері жалпы сомасы 20,8 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болды,– деп толықтырды Бибігүл Демеуханқызы.

Биылғы жылы тұрғын үй алуға арналған  несие 50 маманға берілген. Баспана беру бойынша жұмыстар әлі де жүргізілуде. Өткен жылдың өзінде дәрігерлерге арналып облыс орталығында 40 пәтерлік үй, Жақсы ауданында 8 пәтерлік тұрғын үй салынды. Ал, Атбасар ауданында бос тұрған ғимарат 30 орындық жатақхана болып қайта жаңартылған.

Алдағы уақытта кадр  тапшылығы мәселесі түбегейлі шешілуі үшін жалпы медицина қызметкерлерін қолдау бағытындағы ереже тетіктерге өзгерістер енгізіп, заңнамалық түрде жетілдіру жұмыстарын атқару қажет дейді спикер.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар