Қоңыр дәптерден жеткен үн

Бұл уақиға өзі қалай басталып еді? Өткен қыстың аяғына қарай Қуантай деген азаматпен дастархандас болғаным бар. Ара-тұра  болмаса, бұл азаматпен көп кездесе бермейтінбіз. Бұл жігіт өзіміздің Қорғалжын өңірінің Қарақойын-Қажырлы жерінің тумасы екенін бұрыннан білетін едім. Әдетте дастархан басында түрлі әңгіменің құлақ күйі бұрала беретіні белгілі  ғой.  Сол жолы Қуантай өлең оқыды. Кәдімгідей шабыттанып оқыды.

Әкесі Ғабдолла Мәмбетовтың бір басына жетерлік шайырлығы бар екенін де баяндай кетті. Өзінің шын есімі Қуандық екенін де сол жолы білдік. Әкесінен қалған, хатқа таңбаланған мұраның бар екенін де жасырмады.

Ал менде қызығушылық пайда болды. Қанша айтқанмен филолог мамандығым да осындай  әңгімеге қарай жетелей беретіні шындық еді. Қолқа салуға тура келді. Қуантайдың әкесінен қалған сол көне мұраға менің де үңілгім келді. Ол болса, кешіктірмей жеткізетініне уәде берді.

Әйгілі әдебиеттанушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішев ағаның «Садақ» атты кітабын оқығаныңыз бар ма?  Уфадағы «Ғалия» медресесіндегі қазақ оқушыларының кәдімгі тіршілік-тынысы еді ғой. Олар қолжазба журнал шығарған. Аты – «Садақ». Бұл журналдың бірер саны ғалымның қолына кездейсоқ түскен екен. Ғылымның азабы мол – сортаң жолы. Ғалым ағамызды «Садақтың» одан арғы тағдыры қатты алаңдатқан…

Мен де алаңдаулы күй кештім. Дегенмен, арада біразырақ уақыт өтіп те кетті.Қуантайға рахмет. Сөзіне берік жан екен. Бір папкі қағазды қолыма табыстады. Ақтарып-төңкере бастадым. Мына бір қағаздағысы Рақымжан Мадин бастаған Қорғалжындағы 1916 жылғы көтеріліс тарихынан сыр шертеді. Атбасардағы атақты Маринов көтерілісі туралы да аз жазылмаған парақтар, басқа да жазбалардан көз сүрінеді.

Көзім, әсіресе, қоңыр дәптерге қайта-қайта түсе берді. Қоңыр дәптерді қолға алдым. Қоңыр дәптер үн қата бастады.«Кейбір замандастарының жазғандарынан:1923 жылы Ибәт Қазыбековтың Ыдырыс байдың балаларына жазғаны; Сәке Отызбаевтың жазғаны; Ыдырыс байдың балаларының Ибәт Қазыбековке қайтарған жауабы. Мәтінге үңілсеңіз, Тінәлі Қанай руының біреулеріне ұқсайды. Бір парақта «Айтыс өлең» – 1921 жылы шыққан Қайырбек Дәулетбековтікі. Тоқтауыл жігіттерінің жазғаны. Мына бір өлең жолдары қатты толқытты:

Кел, қарағым – қаламым!

Қайғыны қолға аламын.

Емендей сүйек егіліп,

Елге де хабар саламын.

Сағындым елді сарылып,

Науқасқа көмек кәрілік.

Өзегім күйіп өртеніп,

Өтім ашып, жарылып…

Елді ойлай егіліп.

Он екі мүшем сөгіліп!

Сарытбаев Түскеннің Бақтыаралда жер ауып жүргенде 1932 жылғы жазғаны. Ақындық қуаты байқалады.  Түскен – кім? «Бақтыарал» деп отырғаны қай жер?1958 жылы Әкімжанға Ғаболла Мәмбетовтың жазғаны. Қоңыр дәптердің иесі:

Біледі Әкімжанды Қазақстан,

Басыңа қыдыр қонып, бақыт құшқан.

Еш адам сөз алған жоқ аузыңыздан,

Әр жерде жиын болса, басын қосқан.

Сөз жазған бір-екі ауыз Ғабдолла атым,

Ескертіп осылайша жазған хатым.

Деген бар аз сөз алтын, көп сөз көмір,

Тоқтатар осымененсөздің артын.

Ғабдолла ақынның Әкімжан деп отырған адамы  – бала күнімізден құлағымызға сіңісті болған есім. Назардың Әкімжаны! Қорғалжынның Қараегін ауылынан Ақмолаға қарай жиырма төрт шақырым Оразақта тұрған. Соғыс кезінде Отан қорғау қорына қыруар қаржы аударып, танкі жасатқан. Ғабдоллла Мәмбетов та фашизмге қарсы қанды-қасаптың ортасында жүр. Соғыс кезінде де махаббат бір сәтке ұмытылар ма? Оған дәлел Зияш Қалауова бойжеткенге жазған көңілтолқытарлық өлеңі.

Лашын құс аспандағы сіз бір шынар,

Көруге жүзіңізді мен де құмар.

Дәм жазып, ел-жұртта көре қалсақ,

Көңілдің ынтызары сонда айтылар.

Қоңыр дәптердің сарғайған бір парағында «Мақажанның жазғаны «Жастық үшін» деп қалдырылған.

Кеттің бе жастық шіркін, көрген түстей,

Мас болдық бір уақытта ішпей-жемей.

Арманда асыл заттан қалғаны бар,

Барымен базар шіркін таусылады.

Келесі бір парағында «Абылайдың Орта жүзге келіп, хан болуы» атты өлең жолдарына кезігесіз.

Арғында Ер Сәрмамбет дана болды,

Ұлына күллі Арғынның аға болды.

Жау шауып, Түркістанды бүлдіргенде,

Қарауыл Дулат байға бала болды.

«Ер Сәтмамбет деген атауға әдебиет-тарих зерттеушілері, шіркін, назар аударса» деген ойға қалдым. Бұрындары Абылай хан Орта жүзде Арғынның бір байына бала болды дегенді байқағаным бар еді. Ал бұл жазбада «Қарауыл Дулат байға бала болды» деп нақтылай кеткен.

Хан Кене туралы ауқымды жыр жолдарын кезіктірдім. Ойланарлық шаруалар баршылық.Атақты айтыс ақыны қорғалжындық Құлтуманың Қыпшақ Ырысбаймен айтысынан да хабардар боласыз. Біржан сал бір өлеңінде:

Мінуші ем көш алдында Тайпалманы,

Жүрісі жануардың байқалмады.

Алтайда Құлтумамен болдым жолдас,

Осылай салады екен «Тайпалманы», – деп ерекше ықылас білдірген.

Қоңыр дәптер Шөже ақын туралы үн қатып отыр. 1810 жылы туып, 1890 жылы 80 жасап, қайтыс болғанын айта кетіпті.

Әкем аты Қаржаубай, Шөже атым,

Ар жағында Алатаудың Қырғыз затым.

Атадан туа болған жүйрік едім,

Атанған жеті жастан Шөже ақын.

Қуандық, Алтай – Қарпық араладым,

Таңдадым ел жақсысын, сараладым.

Кімнің міні болса да көзіне айттым,

Ат пен ас ажарына қарамадым.

Тіленшінің баласы Алшынбай таз,

Қайтейін құдай қылды дәулетім аз.

Екі сөздің бірінде соқыр дейсің,

Қасиетің бар болса, басыңды жаз.

Бір кездері аруағыңнан айналайын, Шөжедей аянбайтын ақындардың болғанына тәубе етесің!Алшынбай биің – Абайдың қайын атасы. Орынбай мен Шөже ақынның айтысына да үзінді оқисыз.Ара-тұра қоңыр дәптер иесі де үн қатып отырады.Мәмбетов Ғабдолла Байтенұлы:

Ту тіктік Берлинге де желбіретіп,

Арқаңда Совет елі күші жетіп.

Тарихта жер жүзілік жеңіс болды,

Тойладық тоғызыншы май мейрам етіп.

Ғабдолла мұны жазған менің атым,

Ескерткіш кейінгіге жазған хатым.

Отанға тыныштық берсін әр заманда,

Көрсетпей жастарға да мехнатын, –

деп ізгі жүрек жылуын жыр жолдарына дарыта білген.

Ендігі бір парақтарда Қорғалжынның әйгілі адамдарының бірі – Тоқа Жұмасайұлы туралы әңгіме тиегі ағытылады. Шежіреші Досмағамбет қожаның Тоқаға жазғанына назар аударайық.

Жасыңда жан болған жоқ сізге баға,

Міндіңіз бедеу атқа салып таға.

Көп заман көрмегелі болып еді,

Жүрсіз бе есен-аман, ақын аға.

Көргенде көлеңкеңді дұшпан бұққан,

Үргеніш, Бұқар, Қоқан бәрін кезіп.

Дұшпанға жеке шауып, қамал бұзған.

Өз өмірінде  екі рет Түркіменге сапарлаған, дарбазаларын теуіп ашып, қабырғаларын қақыратқан. Арқа жеріне атақты Ақалтеке жылқысын әкелуді кәсіп еткен өзі балуан, өзі ақын, Құлтуманың қандас, рухани інісі – Тоқа батыр.

Қоңыр дәптердегі көңіл аударатын жазбалар 1914 жылы Досмағамбет Қожаның жазып қалдырған шежіресі. «Атасын білмегендер біліп алсын,баласын Орта жүздің баяндайын» деп басталады шежірешінің хақиқаты.Арғынның ең үлкені Мейрамсопы екені айтылады. Қуандық бабамыз Мейрамсопының үлкені, «Әркімге істеп өткен жуандығы да» ұмытылмаған.

Қуандықтың ұлдарын тарқата келе, Қорғалжын өңірінде белгілі тұлғаларды түстеп берген. «Темештен Бөкей, жарқын қатар шыққан Ыспаны осы күні халыққа жақты» деп болыс Ыспанды меңзеп отыр. Бөршіден Қостай, Әбен, Базар батыр. Қалқан құлақ Әжібай  жауға шапты».

Ежелден Алтай-Қарпық қатар туған. Бұрынғы атасының жолын қуған. Жаманбай болғанда көбе Нөгер, Досымбек Айдапкелмен шыққан нудан.

Бұл арада өзім білетін кейбір есімдерді тарқата отырған дұрыс болар деген ойға қалдым. Айдапкел би Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шежіресінде жақсы айтылып кеткен Қарпықтың Тінәлісіне қырық жыл Төбе би болған кезінде үлкендердің айтып отырғанын естіп өстік. Мұсаның әкесі Шорманның асында өздеріне тігілген қараша үйлерге көңілі толмаған Қанжығалы атақты Саққұлақ би «Толыбайлап» ұран шақырып, асты шаппақшы болады. «Сүйіндік қатты сасыпты» деседібілетіндер. Басу айтуға жан-жақтан билер шақырылыпты. «Тінәліден Құрмантай Айдапкел би келді» деп жазып қалдырған Мәшекең ғұлама.

«Кешегі Қалтекеңмен Қылыш қажы, ол дағы деп… кете барады шежіреші.Кешегі кеңес кезінде Қорғалжын ауданының «Талдысай» кеңшары тұрған жерде, бірінші бөлімшесі Қылыш деп аталушы еді. «Берсүгір, Бесімбаймен, Әлі қажы, Әбілда, Ахметжан қатар шығып, халқына болып тұрған бұлар қорған».Ахметжан мен Қылыш қажының бейіттері қатар орналасқан. Сарыөзеннен Аршатыға қарай шыға қалсаңыз, Әбілда қыстауына кезігесіз. Әлі қажы да Қарақасқада дамылдап жатыр. Ара-арасында Қоңыр дәптер иесінің жазғандары кездесіп отырады:

Хат жаздым қалам алып, ақ қағазға,

Айтқан сөз ем болмайды ақылы азға.

Әр қайда жүрсе жігіт қиын емес,

Төрт бұрышы дүниенің өнерпазға, – деп қоңыр дәптер иесі 1927 жылы  ой қорытындылаған екен.

Сарғыш тартқан парақтың бір бетінде: «Көшіртіп, Қарағанды, Семей газеттерінде бастырттым. Семейден газетті ала алмадым. Алматы жігіттері қолжазбамды қымқырып кетті» деп жазды. Араб жазуымен аяқталыпты. 11.ІХ.1966жыл. Қарағанды, Мәмбетов.

«Қоңыр дәптерден Хакім Абайдың да өлең жолдарын оқисыз.Міржақыптың 35 шумақ өлеңін көшіріп қалдырған. «Тоқаның кәрілікке жазғаны» 1916 жылы жазылған, 19 шумақ. Тоқаның «Қиямет туралы» жазғаны 44 шумақ. Одан 11-бет өлең араб графикасымен кетеді. 10.ҮІ.1969 жылы Ғабдолла Мәмбетов баласына ауруханадан өсиет-хат жібереді:

Хат жаздым Қуанжаным саған арнап,

Білім ал, оқу оқы, жанды жалдап.

Қартайып әкең келді жасқа толып,

Өшеді ғұмыр шіркін, аттай желіп.

Бұл айтқан ақылдарым саған арнап,

Қараңғы адам жүреді жолын қармап.

Көп ойынға берілме, тілімді алсаң,

Ер жеткен соң таппайсың күнде зарлап.

Түспейді өскеннен соң білім саған,

Оқы деп айтып кеткен талай адам.

Қазақтың қараңғылық заманында,

Білім деп, аңсап өткен Абай атаң».

Сол жолы Қуандық Ғабдоллаұлы дастархан басына жиналғандарға оқып берді. Әкесі 1971 жылы алпыс бес жасында о дүниелік болған. Әкеден қалған мол мұраның біразы жер-жерге тарап кеткен. Рас. Кейіндері кейбіреулері Қуантайдың қолына қайтып оралған.

«Бірақ, неге екенін қайдам, осы «Қоңыр дәптерді» бауырыма басып, ешкімге ұстатпадым», – деп ағынан жарылды сол жолы. Мен де ешкімге ұстатпай, өзіне, иесіне қайтарып, осы жазбамды аяқтап отырмын. Осындай қоңыр дәптерлер сандық-шабадандардың түбінде сарғайып жатпасына кім кепіл?!

Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озық қызметкері.

 304 Total Views,  2 Views Today

By Арқа ажары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар