Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елді мекендердің ежелгі атаулары әлі де кезегін күтумен келеді - АРҚА АЖАРЫ

Елді мекендердің ежелгі атаулары әлі де кезегін күтумен келеді

Үстіміздегі жылы өңірде 23 елді мекен мен 160 көшені қайта атау жоспарланып отыр. Идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген елді мекен атауларын қайтадан атау мәселесі жан-жақты зерделеніп, ғылыми тұрғыдан дәлелденуде. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, әділдік салтанат құрар еді.

Тыңның эпицентрі атанған бұл өңірдегі атаулардың ақылға қонбайтыны соншалықты, жалпақ жұрттың ұлттық рухани тамырынан алынар нәр көзі біржола бітеліп қалғандай әсер береді. Ел тілегіне орай бағзы заманнан бері бабалардан мирас болып қалған қасиетті жер-су атауларын қайта түлету бүгінгі таңның ең өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Әне бір тұста қарқын жақсы еді, кейін саябыр тапты.

Алғашқы лекпен 1991-2004 жылдары барлығы 112 атау қайта жаңғырды. Сәл таратып айтатын болсақ, алты аудан, бір қала, 21 елді мекен, 84 көше атауы жаңғыртылып, өзгертілуі көкейге қонымды еді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін шағын ғана мысал келтіре кетелік. Мәселен, Алексеевка – Ақкөл, Макинка – Бұланды, Державинка – Жарқайың, Балкашино – Сандықтау ауданы болып өзгерсе, сол кездегі облыс орталығы Кокчетавтан Көкшетау қаласы болып түзетілді. Зер салып қарасаңыз, бұрынғы тарихи атаулар қандай тамаша! Осы елдің, осы жердің көне тарихын айғақтап, құтты бір әуезді әндей есіліп, өлең жолындай өріліп тұрған жоқ па?!

Екінші лекпен 2004-2007 жылдары 144 елді мекен, 1717 көше жаңа атауға ие болды. Осыдан-ақ көрікті Көкшетау өңіріндегі жер-су атауларының кешегі кеңестік заманда қаншалықты бұрмаланғандығын айқын аңғаруға болады. Басқасын былай қойғанда, тамылжыған табиғатымен әлемге әйгілі Бурабай баурайындағы аудан  Щучинск ауданы болып келді емес пе? Дес бергенде, Бурабай ауданы болып қайта аталды. Ендігі бір мәселе, Щучинск қаласының атауы. Аудан ақсақалдары қалаға Алаштың айбынды ханы, бар ғұмырын ел бірлігіне, еркіндік пен бостандығына арнаған ұлы Абылай хан есімін беру туралы мәселе көтеруде. Алдағы уақытта Бурабайдың биігінен жарты ғасырға жуық үш жүзге билік құрған Абылай хан есімі курортты өңірдегі, келімді-кетімді адамы көп қалаға берілсе, ақ түйенің қарны жарылған қуаныш болар еді.

2017-2022 жылдары 1237 көше, 43 елді мекен және 14 білім ошағы ел тілегіне орай қайта жаңғырып, жаңа атауға ие болды.

–Маңызды нысандарға өскелең ұрпаққа ғибратты ғұмырымен тәлімді тәрбие беретін айтулы тұлғалардың есімдерін беруге де назар аударылуда, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова, – Көкшетау халқының ұзақ жылдардан бері айтылып келе жатқан орынды тілектері қабыл болып, Еңбекшілдер ауданына осы бір қасиетті топырақтың тумасы, қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Біржан сал бабамыздың есімі берілді. Ежелден сал-серілердің мекені атанған өңірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен облыстық филармонияға Үкілі Ыбырайдың, облыстық спорт мектебіне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласындағы №18 қазақ орта мектебіне Қазақстанның халық жазушысы Сәкен сері Жүнісовтің есімдерінің берілуі өте жарасымды.

Өңірдегі 18 Ленин көшесі, 11 Комсомольская көшесі, 9 Советская көшесі, тіпті, елді мекендердегі Чапаев, Пугачев, Ворошилов, Буденный, Маркс, Энгельс көшелері де ұлттық тарихтан тамыр тартатын, ұлттық ұғымға етене жақын атаулармен жаңғыртылып, Малотимофеевка, Антоновка, Красноярка, Максимовка сияқты елді мекендердің ежелгі атаулары қайтарылды. Осы арада ел ішінде қайсыбір түсініспеушіліктің бар екендігін де айта кетуіміз керек.

Мәселен, Бұланды ауданының Купчатовка елді мекенін, Целиноград ауданындағы Семеновка елді мекенін қайта атау кезінде бір  топ өзге этнос өкілдері наразылық білдірді. Оларға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, мән-жайды күлбілтелемей саналарына әбден жеткізгеннен кейін түсіністік танытты. Әділдікке кім қарсы тұрсын. Жалпы бұл шаруада асығудың қажеті жоқ дегенімізбен ел егемендік алғалы қыруар уақыт өтті емес пе? Өңірде әлі де өз кезегін күтіп тұрған атаулар тұнып тұр.

Бұл орайда кесе-көлденең тұратын қиындық  та жоқ. Елді мекендердің ежелгі тарихи атаулары мұрағат құжаттарында, тарихи еңбектерге тұнып тұр. Рас, кейбір жағдайда ауылдардың тарихи атаулары ауызға ілікпеуі де мүмкін. Қалай болған күнде де қайта жаңғырту кезінде ғылыми-зерттеулерді басшылыққа алған жөн. Бұл бағытта бірқатар іс атқарылды. «Ақмола облысының топонимикасын зерттеу мәселелері» атты арнайы жоба арқылы өңірдегі елді мекендердің тарихи атаулары мұқият зерделеніп, тереңінен зерттелді.

Бұл жұмысқа облыстық бюджеттен қомақты қаржы да қарастырылған болатын. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің белгілі ғалымдарымен бірлесе отырып, ауқымды жұмыс атқарудың арқасында облыс аумағындағы ұзын-ырғасы 120-ға жуық елді мекеннің тарихи атаулары табылды. Бұл бір сүйінішті жай еді. Айтылған ұсыныс-пікіріңе тиянақ болатын деректердің болғаны қандай жақсы.

Уақыт шымылдығы көлегейлеген тарихи атаулар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланып,  жалпы халық құлақтандырылды. Осы жұмыстың нәтижесінде өңірдегі әлденеше елді мекеннің тарихи атаулары топтастырылған төрт кітап пен бейнефильмдер шығарылғандығын айта кетуіміз керек. Нәтижелі іс негізінде әділеттілікке қол жеткізуге болады. Мәселен, осы күнге дейін тұрған Лозовое – Қосағалы, Васильковка – Шоққарағай, Макинка – Аютөбе, Златополье – Құмдыкөл деген ежелгі атауын тапса дейсің.

–Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы өткен жылы «2022-2025 жылдарға арналған идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендерді және олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі Жол картасын» мақұлдаған болатын, – дейді бөлім басшысы Айгүл Талпақова, – қазіргі уақытта өңірде ономастика саласына арналған жұмыс Жол картасына негізделіп жүргізілуде. Идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендерді қайта атау кезінде берілген жаңа атау жан-жақты зерделеніп, ғылыми тұрғыдан дәлелденген болуы керек. Себебі, сол елді мекеннің тұрғындары көп уақыттан бері құлақтарына сіңісті болған бұрынғы атауды өзгертуге келісе қоймайды. Түсіністікпен қарайтындар да бар. Шынтуайтында олар тіпті көп. Мәселен, Ақкөл ауданына қарасты Гусарка елді мекені тұрғындарының 85 пайызы өзге ұлт өкілдері болса да 1884 жылғы көне картада сақталған Домбыралы атауына еш қарсылық білдірген жоқ. Қазір бұл елді мекен Домбыралы ауылы болып аталады. Тарихи атаулары табылмаған елді мекендерді географиялық ерекшеліктеріне орай жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып, Ақбұлақ, Ақадыр, Теректі, Қарағайлы, Арнасай секілді атаулар беру тәжірибеде бар.

Көше атауларын қазақыландыру бағытында да толымды іс атқарылуда. Облыс орталығының 21 көшесіне Алаштың ардақты тұлғалары Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Әлкей Марғұлан, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Шәмші Қалдаяқов, Тұрсынбек Кәкішев, Сағадат Нұрмағамбетов тәрізді тұлғалардың есімдері берілді. Алдағы уақытта отыздан астам мемлекеттік мекемелердің атауын өзгерту жоспарлануда. Тарихты зерделеу ең алдымен елдіктің белгісі. Әділдіктің айшықты аспаны осылайша нұрлана берсе, Көкшетаудан Қорғалжынға дейінгі кең көсілген жалпақ даланың бар тарабындағы бабалардың белгісі ел мен жердің иесі кім екендігін айдай әлемге айғақтап тұрар еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар