Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Гәкку үнді Ғазиза - АРҚА АЖАРЫ

Гәкку үнді Ғазиза

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнер ардагері Ғазиза Жұмекенованың сырқаттануына байланысты қаржылай көмек көрсету мақсатында қайырымдылық концерті болып өтті.

Көмейінде бұлбұл ұя салған әншінің есімімен де, талғампаз өнерімен де тыңдарман қауым жақсы таныс. Денсаулығының жақсаруына септігіміз тисін деген ізгі ниетте тыңдармандар алдына шыққан  К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі тағы да бір мәрте табыс биігінен көріне білді. Оркестрдің сүйемелдеуімен Аягөз Қалмағанбетованың орындауында «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» әні мәдени шараның шымылдығын ашты. Ғазиза Жұмекенова Ақмола обылстық филармониясында жұмыс істеген жылдардың ішінде халық әндерінен бастап, ұлы ақын-композиторлар Естай, Мұхит, Әсет, Нұрхан, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай әндерін шарықтата  шырқап, көрермендердің көзайымына айналған еді. Сонымен қатар, Е.Хасанғалиев, Ә.Еспаев, С.Кәрімбаев, Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, Н.Тілендиев сияқты танымал қазақ композиторларының әндерін де нақышына келтіріп, ерекше сезіммен орындағанын әнсүйер қауым жақсы біледі.

«Ғазиза – әншінің ақиық асылы, жезтаңдайы, гәкку үндісі» деген жоғары баға да осы сөзімізді барынша растай түскендей. «Гәкку үнді Ғазиза» деп аталған қайырымдылық концерті барысында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенованың домбырамен шырқаған «Бұлбұлым» әні, Гүлмира Ордабаеваның жетекшілігімен орындалған «Биші қайың» биі де көңілден шықты. Мәдениет қайраткері Гүлжан Ахметованың орындауындағы «Қайран менің жүрегім», әншілер Төлеген Аманов, Шолпан Дүкімбаева шырқаған «Гауһартас», «Кешікпей келем деп ең» әндері көрермендердің көңілін жаулап алды. Тағы да жезтаңдай әнші Ғазиза Жұмекеноваға келсек, кезінде өнер сахнасындағы халқына қалтқысыз қызметі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына да ие болған еді.

Кеш барысында әншінің әр жылдары сүйіп орындаған тағы басқа әндері де К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуінде одан әрі шырқала түсті. Танымал әншінің әйгілі композитор, Кеңес Одағының халық әртісі Еркеғали Рахмадиевтің көптеген әндерін қазақ және шет ел сахналарында жоғары кәсіби деңгейде орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленгені айтылды. Әрі сол тамаша әндер осы жолы да шырқалып, жезтаңдай әншіге деген әріптестері мен тыңдармандарының ыстық ықыласы арнасынан асып жатқандай болды.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар