Бүгінгі статистиканы озық технологиясыз елестету мүмкін емес

Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен 8 қараша – Статистика күні болып жарияланып, кәсіби мерекелер тізіміне енгені белгілі. Биыл Қазақстанның статистикасына 102 жыл толып отыр. Осыған орай, кәсіби мереке қарсаңында Ақмола облыстық статистика департаментінің басшысы Ербол Аманбаевты әңгімеге тарттық.

Ербол Бақытжанұлы, көптеген адамдар үшін «статистика» жай ғана сандар немесе «қанша?» деген сұраққа жауап беретіндей. Сондықтан, ең алдымен, осы мәселенің жай-жапсарынақысқаша тоқталсаңыз?

– Иә, өте орынды сұрақ. Статистика сандар мен көрсеткіштердің жиынтығы ғана емес, бұл сандарға мән беру үшін оларды өмірге әкелетін құрал. Мемлекеттік басқару жүйесінде статистика басты рөл атқарады.

102 жыл ішінде, әрине, үлкен өзгерістер болды. 1920 жылы Көкшетау уезінде екі адамнан тұратын статистикалық бюро құрылды.Онда жалпы бөлім, сонымен қатар, демографиялық, моральдық және ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен еңбек статистикасы секциялары болған. Статистикалық бюро жұмысының арқасында мұрағат құжаттарында санақтың кейбір нәтижелерін көрсететін қызықты деректер табылды. Тоғыз болыста 359 088 адам, оның ішінде қалада 7 796 адам тұрған. Округтің әрбір төртінші тұрғыны көшпелі өмір салтын ұстанған. Ұлттар да әртүрлігімен ерекшеленді.

Жедел статистикалық ақпаратты жинау толығымен қағаз жүзінде жүзеге асырылды. Деректерді өңдеу бухгалтерлік есеп шоттарында қолмен жүргізілді. Деректерді қорытындылауға ыңғайлы болу үшін бланкілер гармошкіленіп бүктелді. Қорытынды кестелерді терушілер механикалық жазу машинкаларында басып шығарды. 1960 жылдары облыстық статистика басқармаларының жанынан машиналық санау пункті құрылып, ол статистикалық жұмыстарды механикаландырудың бастауы болды. Осы жылдары облыстық статистика басқармалары мен оның аудандық бөлімшелерінің құрал-жабдықтары санақ жұмыстарын механикаландыру құралдарымен жүргізді. Сөйтіп, фактурлық, есеп машиналары, табуляторлар, содан кейін перфораторлар пайда болды. Заманауи технологиялар статистиканың аясын кеңейтті.

Ал, қазір статистикалық жұмысты компьютерсіз және интернетсіз елестету мүмкін емес.Осы тұрғыда бір айтарым: «1975 жылы қыркүйекте М-5000 электронды есептеуіш машиналарымен жұмыс істеуді үйрену үшін Вильнюс қаласына Қазақстанның 22 статистика қызметкері, оның ішінде 10-ы Көкшетау қаласынан, 10-ы Алматы қаласынан, екеуі Қызылордадан жіберілді. Оқудан кейін өзіміз совхоздарға барып, совхоздар мен ұйымдардың есепшілеріне құжат толтыру, іс-шараларды кодтау, мүлік түрлерін, тағы басқаларын үйреттік. Бұл бір қиын да қызықты кезеңдер еді. Біз М-5000 компьютерінде статистикалық органдардың алғашқы бағдарламашылары болдық», – деп еске алады біздің статистика саласындағы ардагеріміз Ольга Алексеевна Карагодина.

Тағы бір айтарым, мәліметтерді жинау және өңдеу процестерін автоматтандыру үшін «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесі енгізілді. 2019 жылдан бастап статистика органдарына ұсынылатын статистикалық нысандар туралы ақпаратты, берілген есептердің тарихын, өтелмеген есептердің тізбесін қарауға, сондай-ақ, статистикалық қызмет туралы жеке хабарламаларды алуға мүмкіндік беретін «Респондент кабинеті» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. 2021 жылғы соңғы халық санағы мамандандырылған «www.sanag.kz» сайтында интернет арқылы халық туралы ақпаратты жинаудың жаңа әдісі бойынша жүргізілді. Жаңа әдіспен қатар, қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып және портативті есептеуіш құрылғыларды (планшеттерді) пайдалану арқылы дәстүрлі үздіксіз айналма жол қолданылды.

– Сонда мемлекеттік статистика пайдаланушылар үшін ашық әрі қолжетімді болды ма?

Әрине, пайдаланушылар ресми статистикалық ақпаратқа еркін қол жеткізе алады, бұл оған үнемі өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында өте маңызды. Олардың қолдарында үлкен ақпараттық ресурстар бар. Өзекті, үнемі жаңартылып отыратын ақпаратты Ұлттық статистика бюросының сайтынан алуға болады. Сыртқы интернет-ресурста пайдаланушыларды 3000-нан астам статистикалық көрсеткіштер бойынша ресми статистикалық ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Талдау» ақпараттық-аналитикалық жүйесі орналасқан.

Егер біреу сізге статистиканы жалықтыратын сандар деп айтса, оны жоққа шығарыңыз. Өйткені, статистика ең алдымен тірі адамдар. Оның үстіне адам қызметінің сирек саласы олардан статистикалық мәліметтермен жұмыс істеуге қажетті ақыл-ой тәртібін, жаттықтырылған есте сақтауды, логикалық ойлауды талап етеді. Экономикалық талдаудың таза статистикаға табиғи түрде қосылуы бекер емес.

Біздің облыстық статистика департаментінде мемлекеттік қызметші ретінде 124 маман қызмет атқарса, оның 32-сі «Қазақстан Республикасының статистика үздігі» медалімен марапатталған.Жалпы, біздің статистика қызметкерлерінің басым бөлігі нәзік жандылар. Демек,  73 пайызы әйелдер. Нақтырақ айтсам, 31 бөлімшенің 19-ының басшылары, яғни, 61пайызы әйел адамдар. Біздің ұжымда әр жастағыжауапкершілігі мол қызметкерлер еңбек етеді.

Олар өздерінің күнделікті жұмыстары арқылы облыс пен еліміздің жетістіктерін толықтырып келеді. Жалпы, өңір статистикасын дамыту мен жетілдіруге әр жылдары облыстық статистика басқармасын басқарған статистика саласының ардагерлері Цын Бон Тян, Білдеш Шүлембаев, Жеңіс Букин, Ермек Мусинаүлкен үлес қосты.Олардың басшылығымен қызметкерлердің еңбегін жеңілдеткен статистиканы механикаландыруды дамыту жүзеге асырылды, дербес компьютерлер мен басқа да ұйымдастыру техникасы қолданысқа енгізілді, бұл статистикалық ақпаратты шығаруды арттыруға мүмкіндік берді.

Аға ұрпақтың орнын тәжірибелі мамандардың қолдауы мен көмегіне қашанда сене алатын білімді жас кадрлар басып жатыр.Мемлекеттік статистиканың тарихы жалғасуда, біздің алдымызда мемлекеттік статистиканы одан әрі жетілдірудің жаңа міндеттері тұр. Мен бүгін облыстық «Арқа ажары» газеті арқылы департамент қызметкерлерін және статистика саласының ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Әріптестеріме зор денсаулық, отбасылық амандық және барлық істерде сәттілік тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар