Ұстаздар әулетінің ұлағаты

Ағанас ауылының тумасы, Нұра бойының азаматы Амангелді Сағынаевтың Рақымжан Қошқарбаев ауылында мектеп директоры болып жұмыс істегеніне біраз уақыттың жүзі болыпты. Біз Республика күні мерекесінің қарсаңында осы әулетке арнайы атбасын тіредік.

Ұстаз – мәртебелі мамандық. Шәкірттің жан-жақты әрі білімді азамат болып өсуі мұғалімдерге байланысты екені белгілі. Жалпы, Амангелді Теміркеұлы жетекшілік ететін мектепте 300-ге жуық бала оқиды. Орысша-қазақша білім беретін мекеменің ұстаздары шетінен жоғары санатты мамандар.

– Менің әкем Темірке Ағанас ауылында тұңғыш рет мектеп ашқан кісі. Сондықтан, біз ұстаздар әулетіне жатамыз. Әке жолын қусам, қызым Айтолқын да мұғалімдік мамандықты таңдады. Ол біздің ауданымыздың Қызылжар ауылындағы мектепте еңбек етіп жатыр, – деп өткенді еске алды Амангелді Сағынаев. – Әкем өз заманында оқу-ағарту ісінің үздігі атанды. Ол кісінің шәкірттерінің бірі бүгіндері жасы 90-нан асқан біздің елдің қадірлі азаматы Ерден Абаев.

Амангелдінің анасы Базар шаруашылықта ұзақ уақыт сауыншы болып еңбек етті. Ауыл шаруашылығының бұл саласы оңай емес. Таңның атысы, кештің батысы қалай өткенін білмейтін шақ қой.

Сол кездегі адамдардың жұмысқа деген жауапкершілігі ерекше болғаны белгілі. Бал бармақты сауыншы еңбекте жоғары көрсеткіштерге жетіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты. Бұл төсбелгілер Сағынаевтар әулетінің ерекше қадір тұтар мұрасына айналған.

Амангелді Сағынаевтың оқыған білім ордасы – Ақмола қаласының университеті. Ол қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген. Еңбек жолын әуелде Қаратомар, кейін Ағанас ауылдарының орта мектептерінде жалғастырған. 2001-2016 жылдары Ағанас ауылы орта мектебінің директоры болып біраз уақыт жұмыс істеді.

Жылдар деген сынаптай жылжитыны белгілі. Амангелді Теміркеұлы 2016 жылы Рақымжан Қошқарбаев ауылына қоныс аударып, осы жерде мектеп жетекшісі болып жұмыс істей бастайды. Асыл жары Гүлмира екеуі  үш бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отыр.

Біз бақытты шаңырақтың иелерімен кездескенімізде үйдің ішін қуантып, ата-әжелерінің көңілін көтеріп Аманат пен Мансұр есімді немере-жиендері жүгіріп жүрді. Бұрынғылар: «Балалы үй базар, баласыз үй мазар» деп бекер айтпаған ғой. Атасы мен әжесінің алдын босатпаған сәбилер бізді де жатырқаған жоқ. Көпшіліктің ортасында өскен баланың мінезі, жүріс-тұрысы еркін болады екен. Осындайда адамның көңілі шалқып, ерекше бір марқайып қалатыны бар.

Еңбектің зейнеті бар деген сөз рас. Амангелді Теміркеұлының әр жылдардағы жұмыстары жоғары бағаланғанын біз түрлі кездесулерде аз байқаған жоқпыз. Ол бірнеше рет Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың, Целиноград ауданының әкімі А.Оспанбековтың Алғыс хаттарымен көтермеленді. Жақында Республика күні мерекесінің қарсаңында оған Білім және ғылым министрлігі кәсіподағының төсбелгісі тапсырылды. Ұстаздар әулетінің жолын жалғастырған А.Т.Сағынаевтың қолынан дәріс алған азаматтар еліміздің түпкір-түпкірінде жұмыс істеп жүр. Арасында мұғалімдер, кәсіпкерлер мен дәрігерлер де бар.

Сондықтан, ұстаздың өмірдегі арманы іс жүзінде орындалып жатыр деп ауыз толтырып айта аламыз. Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы деген сөз бекер айтылмаған. Нұра бойының тумалары өздері ардақ тұтқан ұстаздың аманатын естен шығарған емес.

Ж. СӘЛКЕНҰЛЫ.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар