Өнерімен өрледі

Боздақ Рзаханов – Маңғыстау топырағынан алғаш шыққан кәсіби дирижер және домбырашы. Боздақ Рзахановтың есімін мәңгі есте қалдыру және дирижерлардың кәсіби деңгейін шыңдау, шеберлігін көтеру, аталмыш салада жаңа есімдер ашу мақсатында жыл сайын Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен домбырашы, дирижер Боздақ Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» республикалық дирижерлар байқауы ұйымдастырылып келеді.

Таяуда Ақтау қаласында IV Республикалық осы байқау өтіп, онда еліміздің жер-жерінен талантты дирижерлар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.  Аталмыш өнер бәйгесіне Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Жанат Рашит қатысып, ақмолалықтардың намысын қорғап, мерейін асырды. Атап айтар болсақ, Жанат Рашит аталмыш өнер додасында жүлделі 3-ші орынды қанжығасына байлап, лауреат атағына ие болды.

Оркестр мен жеке орындаушының  тұтас  бір тірі организмге айналуына қомақты үлес қоса білетін дирижер екендігі белгілі. Ырғақты әнмен жүрек қағысы да бірге соғатын,  сол сырлы әуезді жан дүниесімен тебірене сезініп, әрбір аспаптың табиғи үнін жүрекке жеткізу жолында аянбай тер төгетін де дирижер. Бірде құйқа тамырыңды шымырлатып, енді бірде жүрегіңді елжіретіп, енді бірде әсем әуез бесігіне бөлейтін құдіретті күйдің, қасиетті әннің қадірін жете түсінуге жетелейтін де дирижер. Міне, осындай табиғи таланттар тоғысып, додаға түскен жарыста жерлесіміздің топ жарып, ақ боз атының маңдайы жарқырап келуі сөзсіз біздің мерейіміз екендігі анық.

Осы орайда, біз де, өнерімен өрлеген өңіріміздің талантты өнерпазын осы бір мерейлі жетістігімен құттықтап, алдағы уақытта да зор шығармашылық табыс тілейміз! Еңбегіңіз бағалы, мерейіңіз үстем болсын, әманда!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар