Өңірлердің әлеуеті артып келеді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Жақсы, Жарқайың және Есіл аудандарында болып, осы өңірлердің халқымен есеп беру кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму барысы сөз болып, өзекті мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктелді.

Бірден біздің Ақмола облысы дамудың барлық негізгі индикаторлары бойынша республикада көшбасшы екендігін баса айтсақ дейміз. Бұған әр ауданның қомақты үлесі бары анық.

– Атап айтар болсақ, 2022 жылдың 9 айында негізгі капиталға 410 миллиард теңге инвестицияланды. Қазақстан Республикасы аумағында құс етінің әрбір үшінші тоннасы, өңделген сүттің әрбір 6-шы литрі менәрбір 6-шы жұмыртқа біздің өңірде өндіріледі. Сонымен қатар, еліміздегіұн мен өсімдік майының едәуір бөлігіАқмола облысында шығарылады. 28 елге астықтың жыл сайынғы экспорты 2 миллион тоннаға жетеді,–  деп атап өтті Ермек Боранбайұлы.

Барлық аудан орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда жаңа үйлер салынуда, жыл сайын облыста 100-ге жуық мектеп жөнделсе, әр ауданда 3-5-тен білім ошақтары жаңартылуда. 1000 шақырым жол желісін жөндеу және салу жоспарланған. Осы салада 180 жобаны іске асыруға 60,2 миллиард теңге бөлінеді.

Денсаулық сақтау жүйесінде де соңғы екі жылда 7 жаңа нысан тапсырылды. Өңір тұрғындарын тегін дәрілік заттармен толық көлемде қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалған. Ағымдағы жылы 1,3 миллиард теңгеге 32 медициналық жабдықты сатып алу көзделген. Қосшы қаласында 100 келушіге арналған емхананың және Қоянды ауылында 50 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, Атбасар ауданы Сочинское және Новосельское ауылдарында медициналық мекемелердің құрылысын бастау көзделген.

–Соңғы жылдары ауыл халқы қалаға қарай ағылуда. Бірақ, ауыл тұрғындары үшін мемлекет тарапынан зор қолдау барын ұмытпауымыз керек. Осы орайда, инфрақұрылымды сақтау және жақсарту үшін көптеген тың жобалар жүзеге асырылуда. Бұған бизнес өкілдерінің де көмегі тиіп жатыр, – деді облыс әкімі өз сөзінде.

Облыс әкімі алдымен Жақсы ауданының халқымен жүздесті. Баса айтар жайт, бұл ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы өнімі 69,4 миллиард теңге көлемінде. Ағымдағы жылы ауданда 523,4 мың тонна астық жиналды, орташа түсім гектарына 11,3 центнерді құрады. Сондай-ақ,ағымдағы жылы Запорожье, ЖаңаҚима, Есіл, Калинин ауылдық округтері мен Терісаққан ауылында 340 ірі қара малға 7 ет фермасын құруға 173 миллион теңге бөлінді.

Үш жыл ішінде 100 шақырым сумен жабдықтау желілері, Жақсы, Жаңа Қима, Беловодское және тағы басқа ауылдарда 60 шақырым жол салынды және жөнделді. Биылғы жылы 20,3 шақырым су құбыры желілерін пайдалануға беру жоспарлануда, орталықтандырылған сумен жабдықтаумен 5,5 мыңға жуық адам қамтылатын болады. Ағымдағы жылы аудан орталығында 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа ғимараттағы 27 пәтер келесі жылы халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасыларына берілетін болады.

Көңілге кірбің түсіретін жәйттар да жоқ емес. Облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов ауданда білім сапасының 63 пайыздан 61 пайызға дейін төмендеуі байқалғанын атап өтті.

– Бұған жол беруге болмайды. Мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, ауылдан адамдар кетпеуі үшін инфрақұрылым дамытылуда. Алайда, егер мектеп заманауи және сапалы білім бермесе, біз ауылдағы адамдарды ұстай алмаймыз. Жақсы ауданы өзінің спорттық жетістіктерімен танымал. Мұнда Азия және әлем чемпиондары өсті, олардың есімдері Ақмола өңірінің абыройын аспандатуда. Мұндай жеңістер барлық салада, білім беруде де болуы керек. Балалармен шығармашылықпен айналысуға мүдделі білікті мамандар қажет, – деді өңір басшысы.

Халық арасында кейбір өткір мәселелер аудан аумағында марганец кен орындарын барлаумен байланысты. Мәселенің жай-жапсарын облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров  айтып берді.

– Барлау жүргізген «Есіл-Марганец»серіктестігі шынымен де көптеген бұзушылықтарға жол берді. Мысалы, су ресурстары көрсетілмеген, олардың бірі – ауыз судың ашық көзі. Осыған байланысты серіктестік басшылығы айыппұл төледі. Біз оларға келісім-шартты өз еркімен бұзуды ұсындық. Жаңа заңнама бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізбестен және халықтың мақұлдауынсыз пайдалы қазбаларды өндіру ғана емес, жай ғана барлау да жүргізілмейді, – деді ол.Халықпен диалог азаматтардың жеке қабылдауында жалғасты.

Ал, Жарқайың ауданында ағымдағы жылы жалпы құны 3,2 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 8 жоба пайдалануға берілді, 6 жоба аяқталу сатысында. Құрылған жұмыс орындарының саны – 106.

– Бизнес нашар дамып келеді. Жақсы логистикаға қарамастан, ауданда әлі де ірі кәсіпорындар мен ірі инвестициялық жобалар жоқ. Бастамашылық қажет, ал біз мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеміз. Тұрақтылықтың негізі – жұмыспен қамту және әр отбасының табысын арттыру. Егер ауыл шаруашылығында жалақы 180-200 мың теңге болса, өнеркәсіпте табыс мүлдем басқа. Адамдар әрқашан жұмыс бар жерге барады. Ол үшін ауылда тауарлы-сүт фермалары мен бордақылау алаңдары қажет. Ауданда жайылымдарға қатысты ауыр жағдай қалыптасты. Айналымға 8 мың гектар игерілмеген жер тартылды, бірақ бұл жеткіліксіз, – деді өңір басшысы Ермек Боранбайұлы.

Күрделі жөндеу жұмыстары Уәлиханов және Отрадное ауылдарының мектептерінде, ағымдағы жөндеу жұмыстары Үшқарасу, Тассуат, Құмсуат мектептерінде және Тасөткел ауылындағы балабақша мектептерінде аяқталды.

– Білім сапасы – облыс бойынша ең төмен көрсеткішке ие. 54 пайыз дегеніңіз, өте сапасыз жұмыстың салдары. Жарқайыңауданының оқушылары олимпиадалар мен конкурстардан орын алғаны туралы жақсы жаңалықтар да  көптен бері естілмеді. Ауданның демографиялық әлеуеті зор, сол себепті балаларға лайықты білім беру керек, – деп атап өтті облыс әкімі Е.Маржықпаев.

Есіл ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,5 миллиард теңгені құрады. Биыл 7,9 миллиард теңгеге 55 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы сатып алынды, 513 мың тонна астық жиналды.

Республикалық бюджет есебінен Бұзылық, Юбилейное, Красивое және Жаңыспай ауылдарының кентішілік жолдарына орташа жөндеу жүргізілді. Облыстық маңызы бар Бұзылық-Алматы жолына орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Заречное және Дальнее ауылдарының сумен жабдықтау жүйесін, Игілік ауылындағы су құбырын қайта жаңарту жұмыстары басталды. Ауданның 31 елді мекенінің 28-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген.

Өскелең ұрпақ назардан тыс қалмайды. Олар үшін Бұзылық ауылы мен Есіл қаласында 3 балалар спорттық-сауықтыру алаңы жабдықталды, жасанды жабыны бар хоккей корты, аудан орталығында көше баскетбол алаңы орнатылды. Облыстық бюджет қаражатынан Жаңыспай және Қаракөл ауылдық округтерінде тасымалдауды ұйымдастыру үшін 2 автобус бөлінді.

Есепті кездесуден кейін облыс әкімі аудан орталығындағы С.Серіков атындағыорта мектепке барып, ұжым тынысымен танысты. 1942 жылы салынған мектеп ғимаратында ешқашан күрделі жөндеу болған емес. Келесі жылы мектептің шатыры мен терезелерінежөндеу жұмыстары қолға алынатын болады.

Сонымен қатар, өңір басшысы хоккей корты мен аудандық емханаға, спорттық-сауықтыру кешеніне барып, әлеуметтік нысандардың жұмысымен егжей-тегжейлі танысып оралды.

Наталья ЯКОВЛЕВА.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

 Суреттерді  түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар