Ерулік

Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың күзгі кейпі көңіл тояттарлық екен. Әр үйдің маңындағы етек-жеңі кең пішілген, еңселі мал қораларының жанына қоянжон маялар үйіліпті. Қарағаштың етегіндегі кең алқаптың үстінде күзгі орақтың лебі еседі. Береке-бірліктің, ырыс пен ынтымақтың жан жадыратар лебі. Ат басын әдейілеп іздеп келген  нағашымыздың үйіне тірегенбіз. Мейман күтіп жатқан жайы бар екен. Біз үстінен түстік. Көптен көрмеген нағашымыз құшақ жайып қарсы алды.

–Жақсы келдіңдер-ау, әдейі шақырсақ дәл осылай сәті түспес едіңдер, – деді нағашым өңі қуаныштан нарттай қызарып, – әнеугүні ауылға көшіп келген азаматтарды бүгін ерулікке шақырып жатыр  едік. Сендер де дәм татыңдар.

Кең қонақ бөлмеге алқа-қотан жайғасқан үш табақ кісі екен. Етектегі табаққа ел ішіндегі жастар жайғасыпты, төрде екі-үш ауыл ақсақалы мен бұрын көрмеген бейтаныс адамдар. Шамасы оңтүстіктен көшкен елдің азаматтары болса керек. Тура бізді тосып отырғандай аман-саулықтан соң ас әкелінді. Ел ағасы Әйтімбет ақсақал осы елден ірге тебуді мақсат тұтып келген ағайынға ел жайын, жер жайын  түсіндіріп айтып жатыр. Сарыарқаның сақылдаған сары аязын да айтып қояды. Ілкі заманнан бері қалыптасқан салт-дәстүр, ауылдастардың бірлесіп атқаратын жұмыс жағдайы, тіпті төрт түлік малдың өрісіне дейін тәптіштеп түсіндіріп берді.

Ас келген соң әңгіме сәл саябыр тапқан. Әйтімбет ақсақал қолындағы қылпылдаған кездігімен уылжып піскен бастың маңдайынан бір кесіп алып жаңа табысқан ағайын ішіндегі үлкенінің уысына салды.

–Сен де бір елдің азаматысың ғой, жаңа қоныста мұндағы ағайынның да, өзіңнің бауырларыңның да арасында жүргеніңде үлкендігіңді танытып, маңдайың жарқырап жүрсін, – деді.

Мұнан соң бастың майлы ұртынан шекеге дейін сылып, жалпақ алақанына салды да, төрде отырған жігіт ағасына ұсынды. Елден естуіме қарағанда, мал шаруашылығымен айналыспақшы екенсің, біздің өлке өте құнарлы өңір. Бұрынғылар «жетек шаншысаң, арба өсіп шығады» деп әзілдейтін. Бірақ, сол әзіл сөздің астарында көп-көрім шындық бар. Ертең-ақ жалғыз тоқтың жарты отар қой болып шыға келеді. Ақадал еңбегіңмен ұртың майға толып жүрсін деп әдейілеп беріп отырмын. Ал, мына жігітті көкпарға түсетін белді жігіт деп естідім. Біздің жақта көкпар тартыла бермейді, өзің үлгі болып өрістетерсің. Сол кезде желкең шодырайып жүрсінші деп қыртысты желкеден жас баланың алақанындай етіп ойып алып, ұсына берді.

Әзіл-қалжың, арыдағы жұрттың жақсы ырымға балаған жан жадыратар рәсімімен ас ішіліп, дәм қайтарылды. Түпқазықта отырған түгел жұрттың кескінін ғана танымай, жан дүниесіндегі жақсы пейілді түйсінген меймандар нақ бір ежелгі бірге өсіп, біте қайнасқан адамдармен отырғандай жадырап қалды.

Келген аз-мұз шаруамызды бітірген соң біз де аттандық. Күзгі дала сәл сарғыш тартқан. Жеңіл көлік заулап келеді. Үнсіздікті қаладан келген, сапарлас бозбала бұзды.

–Аға, – деді әлден соң, – ерулік деген қандай дәстүр?

–Ықылым заманнан бері еншісі бөлінбеген атамыз қазақ орталарына көшіп келген сырт ағайынды ел-жұртпен таныстырып, адал асынан татыру үшін осылай қонаққа шақырған. Негізінде дәм адамды жақындастырады. «Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем берудің» парыз болып саналатыны да сондықтан. Ел ішінің бірлігі арыдағы ата дәстүрді сақтау арқылы бекімек, – дедім мен.

Қалада өскен бала жағымды жаңалық естігендей күлімдеп отыр. Көнеден келе жатқан атаның ақ жолы осындай жастарға жұғысты болғаны жарасымды емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар