Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халықтың әлеуметтік жағдайы – басты назарда - АРҚА АЖАРЫ

Халықтың әлеуметтік жағдайы – басты назарда

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауында алға қойылған міндеттердің іске асырылуыныңбарысымен танысты және осы саладағы істің жайын жақсарту үшін министрлік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Министрдің жұмыс сапары Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» үйінде бастау алып, мұнда көпбалалы аналармен, мүмкіндігі шектеулі жандармен, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, әлеуметтік еңбек қатынастары туралы айтып берді. Жиын барысында жиналған қауым министрге көкейтесті мәселелерін де ашып айтып, оларға тұшымды жауап ала алды. Жиынды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.

Кездесу барысында Тамара Дүйсенова өзі басқаратын министрліктің халықты әлеуметтік қолдауды жақсартушараларын көздейтін әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлегенін хабарлады.

– Осы жұмыстың барысында сарапшылар мен азаматтық қоғамдастық тарапынан 1000-нан астам ұсыныс түсті, 50-ден астам заң мен 200 заңға тәуелді актір жан-жақты сарапталды. Әлеуметтік кодекстің қабылдануына орай 80-нен астам заңға өзгерістер енгізілетін болады, сондай-ақ, 10 заң өзінің күшін жояды, – деді Тамара Дүйсенова. Сонымен қатар, елімізде ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап әлеуметтік кодекс жобасы аясында пилоттық режимде «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылғаны туралы айтылды. Кездесу барысында министр осы жаңашылдық, атқарылып жатқан жұмыстар туралы тарқатып айтып өтті.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған нақты міндеттерді жүзеге асыру барысында көптеген ауқымды жобалар қолға алынды. Ағымдағы жылы «Отбасылық цифрлық картасы» іске қосылды. Бұл дегеніміз, аталмыш картада белгілі бір адамның отбасы туралы барлық деректер бір жерде жинақталады деген сөз. Бұл не үшін керек? Егер отбасына қандайда бір әлеуметтік көмек қажет болса, цифрлық карта оны автоматты түрде анықтап, смс-хабарлама жібереді. Цифрлық карта республика халқын түгел қамтиды. Онда 6,5 миллион отбасы, ондағы 19,5 миллионнан астам отбасы мүшесі туралы ақпараттар жинақталған. 2023 жылғы 1 қаңтарданбастап әлеуметтік қорғау саласындағы барлық тағайындаулар мен төлемдер проактивті форматта көрсетілетін болады, – дейді Тамара Дүйсенова.

Отбасылық цифрлық карта өте тиімді көрінеді. Өйткені, ол мемлекет тағайындаған жәрдемақыларды төлем алушының өтінішін күтпей беруді көздейді.

Сонымен қатар, министр өз сөзінде  Мемлекет басшысының тапсырмалары мен әлеуметтік кодекс жобасын іске асыру шеңберінде бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемді төлеу мерзімін ұзарту, марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту жолымен балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту көзделіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақтау шоттарына аудару қарастырылғанын баяндады.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту мәселесі де басты назарда. Елімізде 705 мыңмүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың 45 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Министрдің айтуынша, арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың отбасының жұмыссыз мүшелерін әлеуметтік қызметтерге тарту жоспарлануда. Оларды тиісті еңбекақы, әлеуметтік аударымдар және еңбек өтіліндегі осы қызмет түрін ескере отырып, жеке көмекші ретінде ресімдеу мүмкіндігі беріледі. Қатысушыларға қойылатын негізгі талап, олардың осындай қызметтерді көрсету үшін тиісті дағдыларының, икемі мен біліктіліктерінің болуы қажет екендігі айтылды.

Кездесу барысында зейнетақы мәселесі де қозғалды.  Қазақстанда 967 мың еңбекке қабілетті жастағы әйелдер бар, олардың 34 пайызы жұмыс істемейді. Қазақстанда 50-60 жастағы 325 мыңнан астам әйелдің табысы жоқ. Оның 46 пайызы ауылдан.

–2023 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі және ең жоғары мөлшерлемелерін кезең-кезеңімен арттыру басталады. Бұл ретте жыл сайынғы өсім шамамен 13 пайызды құрайды және барлық 2,2 миллион зейнеткерге қатысты болады. Сонымен қатар, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылатын болады, бұл зейнетақы мөлшеріне де әсер етеді. Жалпы жаңа шаралар пакеті 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді, – деді Тамара Дүйсенова.

Кездесу соңында жиналған қауым көкейтесті мәселелерін алға тартып, сұрақтар қойды. Жиынның соңы журналистердің брифингімен түйінделді.

Сонымен қатар, министр Ақмола облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі белсенді жастармен, еріктілермен, жастар ресурстық орталығының өкілдерімен де кездесу өткізді. Министр ведомство іске асырып жатқан жас мамандарды жұмыспен қамту және жастарды қолдаудың басқа да шаралары туралы тарқатып айтып, жастармен сұхбаттасты. Кездесу барысында Тамара Дүйсенова жастарды жұмыспен қамту бойынша мемлекет тарапынан атқарылып жатқан ауқымды іс-шараларға да тоқталып өтті. Атап айтар болсақ, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Жеңілдікпен кредит беру» және «Дипломмен – ауылға!» бағдарламалары сияқты жобаларды іске асыру шеңберінде республика бойынша 100 мыңға жуық жастарды, оның ішінде Ақмола облысында 3,8 мың адамды нәтижелі жұмыспен қамту жоспарланғанын баяндады. Сонымен қатар, министр кәсіптік бағдарлау мен дағдыларды игеруден бастап, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және еңбек қатынастарын ресімдеуге дейінгі жұмыспен қамту саласындағы Электрондық еңбек биржасында ұсынылатын мүмкіндіктердің кең ауқымы туралы жан-жақты әңгімеледі.

– Бизнестің ұлттық жобалары мен жеке бастамалары шеңберінде құрылатын барлық жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. Бұл платформа жұмыс іздеудің де, жұмысшыларды іздеудің де бірыңғай алаңына айналды. Қазір Электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілерден 110 мыңнан астам бос жұмыс орны және жұмыс іздеушілерден 138 мыңнан астам түйіндеме ұсынылған. Жастар – халықтың ең мобильді санаты, Электрондық еңбек биржасының көмегімен елдің кез келген өңірінде жұмыс таба аласыз, – деді Тамара Дүйсенова.

Иә, жұмыс істеймін дегенге негізінен, жол ашық. Мәселен, Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс тауып, сол жұмысты ширатып, жаңа кәсіби дағдыларды үйрену үшін де мүмкіндіктер қарастырылған. Кездесу барысында Тамара Дүйсенова Ақмола облысының белсенді жастары қойған барлық сұрақтарға жауап беріп, өзара пікір алмасты.

Түстен кейін министр Көкшетау қаласындағы«Viamedis»сауықтыру орталығында және жоғары техникалық колледжінде болып, ұжым тынысымен танысып, мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға ден қойды.

                                                               Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар