Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көрнекті əдебиетші ғалым, сəкентанушы Тұрсынбек Кəкішұлының туғанына – 95 жыл - АРҚА АЖАРЫ

Көрнекті əдебиетші ғалым, сəкентанушы Тұрсынбек Кəкішұлының туғанына – 95 жыл

Биыл көрнекті ғалым, сәкентанушы, қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеп, айналымға енгізуші, қасиетті Қараөткел, көрікті Көкше өңірлерінің тумасы Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыздың туғанына 95 жыл толып отыр.

Бір өзі бір ғылым саласының жүгін көтерген айтулы тұлға, белді қоғам қайраткерінің соңына мол әдеби мұра, адами өшпес із қалдырып, өмірден өткеніне де осы қыркүйек айында жеті жыл болды.

Осыған байланысты Алматы қаласында 11 қараша күні халқымыздың біртуар перзентінің 95 жылдық мерейтойы аясында бірқатар еске алу шараларын өткізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, бұл күні өзі ұзақ жылдар тұрып, әдебиеттану ғылымында және Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеу орайында іргелі еңбектерін жазған Шагабутдинов көшесіндегі 171 үйде мемориалдық ескерткіш тақтасы ашылады. Сондай-ақ, ғалым өзі ұстаздық еткен еліміздің жоғары білімінің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы оқу орнының, Қазақстан Жазушылар одағы мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен «Тұрсынбек Кәкішұлы және қазақ әдебиетінің тарихы мен сынын зерттеудің келелі мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Осы орайда, ғалымның туған жеріндегі Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті де бұл мерейтойлық шаралардан тыс қалмай, ғалым-ұстаздың өмірі мен ғылыми жолын, қоғамдық-әдеби ортадағы өзінің лайықты орнын жан-жақты даралап көрсету үшін өмірлік жары, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚазМУ-дің доценті Күләш Ахметтің «Алыстаған алып тау» атты көркем мақаласын жариялауды жөн көріп отыр.

Күләш АХМЕТ.

Алыстаған алып тау

Бір жыл өтсе де өткен шақта сөйлеу әлі де ауыр… Өзін емес өзгені, адамды, қоғамды, ұлтты өзінің пенделігінен жоғары қойып, соның әрбір тыныс-тіршілігін қадағалап, қажетті жерінде үн қосып отыратын нағыз тұлға болғандықтан, соңында қалғандарды өкіндіріп кетті.

Қара орман халық ұлығы бар, ұлысы бар көңіл айтты. Қадір-қасиетін жақсы білетіндер қабырғасы қайысып қаралы сөзін жазды. Шәкірттері ойдан-қырдан бір мезетте жиылып, рухани әкемізден айырылдық деп егілді. Жақын, жуық, жекжаттары, отбасы өзегі өртене өксіді.

Сонда қара орман қауымын өкіндіріп кеткен Кәкішев өмірде кім еді?! Не бітірді?! Не қалдырды?!

Тұрсекең инженер-геолог болуды армандап, әдебиетке «шатасып» келгем дегенмен нағыз әдебиетші болуды армандап келгендерден бірде-бір кем емес тер төгіп, өнімді еңбек беріп кетті. Көпшілік сәкентанушы, сәбиттанушы деп таныды. Оның сыртында Саттар Ерубаев, Жиенғали Тілепбергенов, Елжас Бекенов, Сабыр Шәріповтерді әдебиет әлеміне ең алғаш алып келгені бар. Оны сол кездегі талантты студент, бүгінгі классик жазушы Әбіш Кекілбаев және оның замандастары болмаса әдебиеттің ауылынан алыс қоныстанған көпшіліктің бірі біліп, бірі білмеуі де мүмкін. Оның үстіне Тұрсекең жарнаманы жете білгенмен оны «ұйымдастыруды» өзіне ар санайтын. Жарнамасыз төгілген тер, еткен еңбек еш кетпегенмен жалпыға бірдей жетпесі анық. Бірақ, осы тұлғалардың қай-қайсысының атаулы мерейтойлары тұсында жергілікті әкім, қаралар Тұрсекеңмен хабарласып арнайы шақырып жүрді.

Тұрсекең – өзінің озық ойымен Әуезовтің назарын өзіне аударған шәкірт. «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» 1958 жылы жарық көрер тұста «Осыны Кәкішевке оқытыңдаршы» деп, онан талқылаудан кейін «Тұрсынбектің пікірінің жаны бар» деп санасуы қанатсызға қанат бітірер ғана сөз емес, ғылыми көзқарасын мақұлдау, мойындау ғой. Соның ізін ала бас-аяғы жиналған сол кезеңді ғана қанағаттандырып қоймай, бүгінгі көп томдық тарихтардың бастауы үш томнан алты кітаптан тұратын «Қазақ әдебиеті тарихы» жазылар тұста М. Әуезовтің өзі бас болып іріктелген санаулы топтың қатарында Тұрсекеңнің де болуы ойланарлық жағдай. Бұл жерде М.Әуезов Тұрсекеңнің ғылыми тұжырымдарына қоса, тиянақтылығына да сенген болуы керек. 1960-1967 жылдардың аралығында жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» үшінші томы екінші кітабының «Қазіргі дәуір әдебиеті (1956-1966) тарауының әдебиеттану мен сын бөлімін Тұрсекең жазған. Бастаған ісін жер ортада қалдыру әдетінде жоқ Тұрсекең теориясы қамауда, тарихы толыққанды деуге келмейтін, қазақтың ұлттық әдебиетінің даулы да қиын бөлігі сынын өз қолына алды. Соның негізінде бұрынғы С.М.Киров, бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ әдебиеті сынының тарихын» 1967 жылдан бастап сыналап кіргізіп оқытса, ал 1974 жылдан бері жалпы курс ретінде міндетті түрде оқытылатын пәнге айналдырды. 1982 жылы жасаған бағдарламасы облыс, қалалардағы жоғары оқу орындарының гуманитарлық факультеттерінде басшылыққа алынып келеді. Студенттерді оқулық зәрулігінен құтқару мақсатында оқу құралын үш рет жазып, алғашқысы 1994 жылы «Санат» баспасынан, екінші басылымы «Білім» баспасынан 2003 жылы, үшінші басылымы қайта қаралып, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің арнайы тапсырысымен жоғары оқу орындарының студенттеріне оқулық ретінде Астанадағы «Фолиант» баспасынан 2013 жылы шықты.

Әдебиеттану ғылымын әдебиеттің тарихы, теориясы және сыны деп үшке бөлетін болсақ, әдебиет теориясын «Әдебиет танытқыш» деп 1926 жылы ең алғаш негізін қалап жазған – Ахмет Байтұрсынов; қазақ әдебиеті тарихын 1927 жылы өзінің студенттерге оқыған лекциялары негізінде ең алғаш жазған – Мұхтар Әуезов; қазақ әдебиеті сыны тарихының негізін қалаған – Тұрсынбек Кәкішев.

Тұрсекеңнің сәкеншіл, сәбитшіл екенін бүкіл ел біледі. Алаш азаматтары ақталғанға дейін Тұрсекеңнің қатары қалың еді. 1989 жылдан кілт сирей бастады… Ол Сәкен мен Сәбиттің ортасында аңтарылып қалып қойған жоқ. Оған дейінгі архив қойнауын ақтарып жүріп тапқан, тірнектеп жинай берген мол мұрасын алты Алашқа «Алаштың ақиқатын кім айтады?» деген заңды сұрақ туған тұста тарихшылар Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбековтермен әдебиетшілерден үзеңгі қағыстыруға ең алғаш жараған да Тұрсекең болатын. Сол кезден басталған алаштың ақиқатын айту күні кеше өмірден өткенге дейін жалғасты. Алаш арыстарын тұтастай да, жеке-жеке де айтудайын айтып кетті. Тұрсекеңнің өз сөзімен айтсақ, «бірді-бірге атыстырып, шабыстырып отыратын қазақ» ол кісінің алашшылдығына кейде күмәнмен де қарайтын. Ондай мәдениетсіздікті елемейтін де. Ал, Тұрсекеңнің алашшылдығы ертеден-ақ басталған. Оның нақты дәлелі Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апа Дулатованың: «Айналайын Тұрсекем! Сонау қиын-қыстау кезеңде, батырлық жасап, Міржақып әкемнің «Оян, қазақ», «Бақытсыз Жамалын» табыс етіп қуантқаның есімнен кетпейді. Сол заманда мұндай сыйлық тарту, тек қайсар мінезіңнен, мейірімді жүрегіңнен, ар тазалығынан туған ерлік! Оны ұмытпай бағалайтын апаң Гүлнар Міржақыпқызынан ескерткіш» деп Міржақып Дулатовтың 1996 жылы «Ғылым» баспасынан шыққанекітомдық шығармалар жинағын сыйға тартқан. Гүлнар апайдың айтып отырғаны алпысыншы жылдардың оқиғасы. Ал, екіншісі 1974 жылы Тұрсекеңнің Ғабит Мүсіреповпен жүргізген сұхбатында көрініс тапқан.

Тұрсекең – қоғам қайраткері. Алған атағынан даңқы басым болды. Себебі, қатты айтса да, тәтті айтса да халықтың сөзін айтты, жоғын жоқтады. Ұлттық тарихты түгендеуді, тереңдетуді, қайта жазуды бір сәтте есінен шығарған емес. Ұлттық құндылықтарды өзінің күйбең тірлігінен жоғары қойды. Жесірді жебеді, жетімді жетектеді. Жоғарыдағы жауапты жұмыста жүргендерді «қазаққа жаны ашитын» және «жаны ашымайтын» деп екіге бөліп қарайтын, қадағалайтын. Сенімсіздік танытқаны ұлтқа пайдалы емеурін танытып жатса қуанып қалатын, оны елден бұрын «мен қателесіппін» деп өзі айтатын.

Өз қатарынан ерекшелігі, өзгелер арқалаған атағына, қадірлі жасына қарамай, шен-шекпенділерге «ұмтылып» жатқанда сәлем де берместен қасқайып тартып отыратын. Ал қазақ тілді білімді, мәдениетті шенділерге іс басында отырғандаалдына бара қоймайтын, ал орнынан түскен күні үйге қонаққа шақыруға бар.

Қоғамдағы өзгерістерге қандай деңгейде, қай салада болмасын бейжай қараған емес. Астананың Алматыдан Ақмолаға қоныс аударар тұста «географиялық жағынан да, тарихилығы жағынан да Ұлытаулайық» деп мақалажазып, соңынан «іргені бекітуге Астана елге айбын, айбар болуға дұрыс, батыл қадам» деп қуанды.

Оны «Президенттің жақсы істері көп қой, соның ішіндегі ең сүбелісі – астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруі. Это – гениально!» – деді. Қоныс аудару – салтымыз, оның үстіне астананы ауыстырып отыру жетілген елдердің белгісі. Сондықтан бүгін болмағанмен, әйтеуір бір түбінде Ұлытау – астана болады деген үмітте кетті. Президенттің –Ұлытауға арнайы сапарын жақсылыққа балады.

Тұрсекең адам бойындағы мәдениеттілікті жоғары бағалайтын, ал ол ұлттық құндылықтармен астасып жатса жаңадан дос тапқандай қуанатын. Иманғали Тасмағамбетов Премьер-Министр болып тұрған кезінде «Отырар» кітапханасына кітаптан қарасуын өтініп, хат жазыпты. «Ұлттың қамын ойлаған мұндай баладан айналып кетпейсің бе?!» деп өтінішін қолма-қол орындады.

Хатқа үлкен мән беретін, архив ақтарып жүріп өзінің ғана жоғын іздемей, жан-жағын қамти қарайтын. Жолай кездескен құжаттарды кімнің зерттеу объектісіне тән екенін білгендіктен, фонд, опись, папкісінің нөміріне дейін көрсетіп қолма-қол хат жазып жіберетін.

Сыбырлап сөйлеп, күбірлеп күңкілдеуді білмейтін Тұрсекең досқа өте адал болды, ешкімнің аяғынан шалған жоқ, тасадан тас атқан жоқ, түн ұйқысын төрт бөліп, «үшбу» хат жазған жоқ. Сұсты көрінгенмен жүрегі жұмсақ еді. Сондықтан да, адам баласына қиянат жасамады. Ал өзінің жолын торуылдаған «батыраш, қотыраштар» өріп жүрмегенмен, кездесетін. Ол – айдан анық білініп, көп ұзамай көрініп қалатын. Ондай сәттерде «жарайды» дейтін әдетті сөзінен аспайтын.

Қызғаныш деген қызылқұрттың жемі болмады. Кез-келген нәрсені ұлттық деңгейден қарайтын. Кек сақтауды білмейтін, бес минуттық ашуы болатын, оның өзі де ретіне қарай, аңғалдығы басым еді. Соны білетін «қулар» не Сәкен, не Сәбитті тілге тиек етіп, жоқтан бар жасап бірдеңе дей бастаса, «осы сендердің әкелеріңді өлтірген Сәкен мен Сәбит пе» деп тас-талқан болатын, ешкім төтеп бере алмайтын. Себебі, Сәкен, Сәбит не әдебиетке ғана қатысты емес, жалпы тарихты өз қатарынан озық білетін. Сондықтан да, еліміздің бас басылымдары Тұрсекеңнің көмегіне жүгінетін сәттері де болатын. Не айтса да бұлжытпас фактілермен атын атап, түсін түстеп айтатын.

Өзі не айтса да ашық, анық айтатындықтан, құбылып сөйлейтіндерді қаламайтын. Ондайларды жасына да, басына да қарамастан қағып тастайтын. Достыққа өте адал болды.

Зейнолла Қабдолов екеуінің арасындағы талай диалогқа куә болдым. Бірде әдебиет институтындағы кештен шығып Қонаев көшесімен төмен түсіп, Шевченко көшесінің қиылысына жақындайбергендесөзденсөзшығыпТұрсекең: «Әй, Зейнолла, сен ғой үкіметке менен гөрі жақын жүрсің, елдің, ауылдың жағдайын неге айтпайсың?» – деді нығырлап. Сонда Зекең: «Тұрсекем-ау, неге айтпайын, сенің айтқаныңды мен де айтамын, бірақ мен көйлегін кигізіп, галстугін тағып айтамын ғой, – деді баппен. – Ал сен болсаң, – деді кілт тоқтап, – қақ маңдайдан қойып қаласың». Тұрсекең де тоқтай қалып: «Әй, Зеке деймін, – деді бәс түсіп, – көйлегін кигізіп, галстугін тағып тұруға қалай шыдамың жетеді», – деді. Асып-саспайтын Зекең: «Айноо-лайын Тұрсекем менің, егер қажет болса төпілиін кигізіп, бауын да байлап, айтамын», – деді. Әңгіменің соңы әдемі құрдастық қалжыңға ұласты.

Сөйткен Зекеңнен кейін Тұрсекең, әсіресе, факультетте қатты жалғызсырады. Іздеді. Жиі айтатын, жиі еске алатын. Олай болмағанда ше, айтысса айтысуына тұратын, алысса алысуына жарайтын үзеңгі досы еді. «Жақында жүрсе тістескен, алыстап кетсе кісінескен» деген аталы сөз Зекең меп Тұрсекеңе арналып айтылғандай.

Түсі суық, сөзі кейде қасаң болғанмен өзі өте қарапайым еді. Талантты, талапты балалармен кең отырып, тең сөйлесетін. Тың жаңалық естісе: «Мынаны мен білмеуші едім, жақсы болды ғой», не: «Менің бірінші рет естуім» деп ағынан жарылатын. Ол кісіде талантын құлын кезінен таныған шәкірттері баршылық-тын. Өсе келе бірі «ағасының», енді бірі«жағасының» ыңғайына қарай жөнін таба беретін. Оны да түсінікпен қабылдайтын. Ол: «Заңды құбылыс қой. Илейтіні бір терінің пұшпағы емес пе?» – деп кеңдікке салатын. Сонда да балапандарын өргізген ата қаздай сырттан барлап, аяқ алыстарын қадағалап отыратын. Олар шығармашылықтан, ғылымнан қалмаса қуанып, ал қу дүниенің соңына түсіп кетсе демін ішіне тартып, үнсіз қалатын.

Кезінде Тұрсекең үміт артқан талапты балалар бүгін өзінің өкшесін басқан ғалымдар. Ал таланттылардың студент кезіндегі қаламының желін бүгінгі ізденушілерге үлгі-өнеге етіп, өзі де айтып, өзінің жолына салған менің де әр кез айтып отыруымды мақұл көретін. Оның нақты дәлелі, біздің факультетте оқыған студенттер классик жазушы Әбіш Кекілбаевтың үшінші курс оқып жүрген кезінде-ақ «Баяғы шиыр, бір шиыр» атты сыни мақаласымен әдеби ортаны елең еткізгенінен хабардар болып шығады.

Соңғы кезде сондай талантын танып, талабын қадірлеген шәкірттерінің бірі – Шарафат Жылқыбаева. Өз бетімен ағылшын, жапон тілдерін еркін меңгеріп, жапон ғалымдарын мойындатқан шәкіртіне өз деңгейінде қол ұшын бере алмағандығына өкінумен өтті. Шарафаттың бітіру жұмыстарын жоғары бағалаған Тұрсекең гуманитарлық ғылымдардың тарихында болмаған атақты жоғарыдан сұрауға дейін барып еді.

Тұрсекең өзі оқып, елу жылдай қызмет еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне өмір бойы құрметпен қарады, жоғары бағалады, атағының асқақтай беруіне үлес қосты. Сондықтан да университеттің, факультеттің, кафедраның тыныс-тіршілігіне өзін жауаптымын деп сезінетін. Төнген қауіп-қатердің алдын алуға, басшыларға дер кезінде ескертуге, тығырықтан шығатын жолды көрсетуге асығатын. Осындай мақсатпен ғана ректорлардың алдына баратын. Әрине, ол бірде ескеріліп, бірде ескерілмей жатты. Соның нақты дәлелі – 2009 жылдың 4 ақпанында өз қолымен жазған мәлімдемесін сол күйінде келтіруді жөн санап отырмын.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жұмағұлов Бақытжан мырзаға. Филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсынбек Кәкішұлынан мәлімдеме.2009 жылдың 29 қаңтарында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болдым. Куә әрі қостаушы ретінде кафедраның доценті, менің жолдасым Күләш Садыққызы Ахмет әңгімемізді тыңдаушы әрі ой қосушы ретінде қатысып отырды.

1.Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқу жоспары классикалық университет үлгісінде жасалсын. Сондықтан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқу үлгісіне ұқсамайтын, Қазақстанда жалғыз өзінің ғана оқыту үлгісі бар жоғары оқу орны болсын деген идеяға министр қарсы болған жоқ. Ал ол үлгі қай деңгейде болуы жөнінде біз қатты ойлануымыз керек. Москва университетінің үлгісі бізге біртабан жақын, ал әлемнің атақты университеттерінің пайдалы жоспарларын да ескергеніміз абзал.

2.Университеттің гуманитарлық факультеттерінде, әсіресе, филология факультетінде ғылым мен білімді, яғни, ғылыми тұжырымдарды практикалық іспен жанастыратын, сөйтіп, өз түлектерін бүгінгі күннің талабына сай етіп шығаратын, білім мен практиканы бірдей ұштастыратын түлектерді дайындауымыз керек. Олар Қазақстан мәдениетіне бірден қосылып кететін мамандар болуы шарт. Сол үшін сөз бен істі, яғни, ғылым мен тәжірибені бірдей игеруге мүмкіндік жасайтын ғылыми-зерттеу институттарын, әсіресе, бірінші кезекте филология факультеті жанынан «Қазақ тілі мен әдебиеті институтын» ашу идеясын айттым. Министр мұны да қолдады, техникалық факультеттердің тәжірибесін есіне алып, «осы институтты ашу жөнінде ректорат ұсыныс түсірсін», – деді. Осыған дайындық жасауды тиісті адамдар мен мекемелерге айтып, тез шешкеніңіз абыройлы болар еді. Бұған қарсы болатындар, өзі жоқ, даңқы ғана сақталған Академия институттарынан шығуы мүмкін. Олар қазір Білім және ғылым министрлігінде қазына мекемесі болғандықтан, оқу орындарымен байланыстары өте нашар және олардың талай жылдар бойына дайындағандары күнделікті оқу процестеріне қабыса бермейді.

3.Педагогика мамандарын даярлауға айрықша көңіл аударылғандықтан, университеттерде қазақ әдебиетін оқыту толық жүзеге аспай жатқан жайы да бар. Оған дәлел – әдебиеттердің тарихы, теориясы және сыны түгел қамтылмай, қамтылса мамандану бойынша ескерілмей жатуы 1972 жылғы шешімге қайшы. Өйткені, гуманитарлық, әсіресе, филология мен журналистика мамандықтары бойынша міндетті пәнге айналған «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» өзгені былай қойғанда біздің университетіміздің өзінде «филология» мамандығы бойынша оқытылып, «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқытылмайды. 1972 жылдан бері оқытылып келе жатқан міндетті пәннің  – «Қазақ әдебиеті сынының тарихынның» нұсқасы әуелі 1994 жылы, одан кейін 2003 жылы оқу құралы статусында шықса, енді министрліктің шешімімен оқулық болып шықпақшы. Бұл пән Қазақстанда біздің университетте жасалды. Бұл игі іске Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары ғана үлес қосып келеді. Осының абыройынан айырылып қалмайық.

Бұдан басқа да өзекті проблемалар әңгіме болды. Әсіресе, қазақтың жоғары білімді азаматтары зиялы болу үшін өзінің ұлттық тарихы мен тілін, әдебиетін білуге міндетті деп санасақ, онда Қазақ ұлттық университетінің ғана емес, Қазақстан жоғары оқу орындарын тәмамдағандардың ұлты тарихы мен әдебиетінен белгілі дәрежеде хабары бар маман болып шығулары керек. Мектеп беретін білім аздық етеді. Осы мәселелер жөнінде сіздің қатты ойланып, түбегейлі шешімге келуіңізден үміт етемін. Маған «ендігілер кім болары емес, Қазақ ұлттық университетінен білім, диплом алып шыққандардың шын мәнінде зиялы (интеллигент), ел алдында абыройлы болып, Қазақстанның даңқын асқақтата беруі ғана керек». Осы мәселелерді университет ұжымының талқылауына салуды өтінемін.

Сізге зор абырой тілеуші, Тұрсынбек Кәкішұлы.

04.02.2009 ж.

Сол кездегі министр Жансейіт Түймебаевтың түсінік танымының шапағаты Тұрсекеңнің өз факультетімен қоса университетіміздің басқа да факультеттеріне тиді. Бүгінде филология факультетіндегі профессор Жанғара Дәдебаевтың басқарып отырған ғылыми-зерттеу орталығы да жоғарыда жазылған мәлімдеменің нәтижесі. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Тұрсекең өзінің 88 жыл ғұмырының 65 жылын тек ізденумен, архив ақтарумен, зерттеумен өткізіпті. Ол нәтижесіз де болмаған. Оған дәлел, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның» өзінде 5-6 томнан аспаған Сәкен Сейфуллиннің шығармалар жинағын 13 томға жеткізді. Түрік ғалымдарын таңғалдырған «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» деп аталатын оқулықты жазды. XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихының даулы мәселелерінің ақ-қарасын біршама айырып кетті. Әдебиетте белгісіз болып келген елеусіз тұлғаларды елімен табыстырды.

Дегенмен, осылардың барлығының ешқайсысына «болдым, қойдым» деген емес. Қайта, қазақәдебиетітарихынзерттеуді тағы да тереңдете түсуді, «халық ауыз әдебиеті – фольклор емес» деп дәлелдеуді, қазақтың ағартушы-демократтары Шоқан, Ыбырай, Абайлардың қатарын Ахмет Байтұрсынұлымен толықтыруды ойластырып жүр еді. Осындай алып таулардың, шөкпегені, басын бұлт, бауырын мұң торламағаны игі болар еді.

Әттең, бір кем дүние…

2016.

***

 Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
мемлекеттік сыйлықтың иегері.

  Тұлға

Тұлпары әр таң сайын таң асатын,

Аға едің аялаған Алаш атын.

Айналып сен келгенде Сексен көлге,

Сексен қыз таранса да жарасатын.

 

Жүрекке жазып кетті асыл атын,

Арнаңнан арманыңды асыратын.

Бұланды бұлттарындай түйілетін,

Арқаның аспанындай ашылатын.

 

Ірі еді жаратылған іргелі елден,

Бәйтерек жұртыменен бір көгерген.

Аңқылдап ақ самалдай алдымыздан –

Жарқылдап сөйлеуші еді мінбелерден.

 

Жарығың жалғандықпен жағаласып,

Күнің де Көкше қырдан барады асып…

Сәкенді жырлай-жырлай ғұмыр бойы,

РУХ-ың ұлы ақынмен араласып.

 

Тұма бар Тұрсекеңнің тұнығында,

Қасқайып тұрар мәңгі тұғырында.

Айналып кетті білем қазақ үшін –

Сейфуллин, Кәкішұлы бір ұғымға.

 

Тұлға едің ғибраты мол ғұмыры,

Тұрсынбек Кәкішұлы болдың ірі.

…Біз көрген көнелердің көзі де өзің –

Біз көрген асылдардың соңғы бірі.

 

  • Аға де,
  • Арысым де,
  • Артығым де,

Ұқсайтын өзінің де қалпы күнге.

Тұрсынбек Кәкішұлы бір білерім,

Ғұмыры сөйлеп өтті АР тілінде.

 

Басушы ең бар қазақты бауырыңа,

Тойына ниеттес боп, сауығына.

Қасқайып сен де тартып кете бардың,

Мағжан мен Сәкен ағаң ауылына.

 

Бос қалды гүл өсірер себетіңіз,

Жатырсың беу, ағатай, неге тыныш?

Жалғанның жалғандығы осы екен ғой,

Өмірдің қашан дағы соңы өкініш…

Қош, Тұрсеке!

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар