Ақмола облысы прокуратурасымен тіркелген қылмыстық іс бойынша (ҚК 189-б. 4-б. 2-т. бойынша) МКК ШЖҚ «Бурабай жылу» бас бухгалтері А.К.К. мен директордың орынбасары С.О.Р., «Транспортные услуги» ЖК басшысы С.А.К., ЖК басшысы С.С.В. қазандықтарды, оның жабдықтары мен жылу желілерін ағымдағы жөндеуге қатысты шарт бойынша мемлекеттен 101 млн.теңге жымқырғаны анықталды, деп хабарлайды EsilNews интернет газеті.
Ақмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ұрланған қаражат А.К.К. өзінің сыбайластары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып, АҚШ долларына айырбастаған, бір бөлігін (76 млн.теңге) Солтүстік Кипр жағалауында жылжымайтын мүлік сатып алуға Түрік банкісі арқылы құрылыс компаниясының шотына аударған.
“Арнайы прокурорлар олардың мүлкіне (құны 29 млн. 788 мың теңге «Toyota Highlander» маркалы көлік құралы және құны 8 млн. 185 мың теңге жер учаскесі) тыйым салды. Мемлекетке келтірілген залал тергеу барысында толығымен өндірілді. Сот үкімімен аталған тұлғалар ҚК 189-б. 4-б. 2-т. кінәлі деп танылып, жаза тағайындалды. Қылмыстық жолмен табылған мүлік мемлекет мүддесіне алынды”, — делінген ведомствоның мәліметінде.