Қос аққуды атып алғаны не сұмдық?!

Заң талаптарын бұзғандарға қолданылар жаза мейлінше қатайтылғанымен, өңірдегі жүгірген аң мен ұшқан құс браконьерлердің қандыауыз мылтығының қарауылына ілінуі жиі.

Осы таяуда ғана Бұланды ауданының учаскелік инспекторлары Журавлевка ауылдық округінің аумағында рейд жасап жүрген кезінде 67 жастағы ақсақал жүргізіп келе жатқан мотоциклді тоқтатқан. Жолаушының суыт жүрісі күдікті болып көрінгеннен кейін құжаттарын тексерген учаскелік инспекторлар көліктің қобдишасынан екі аққу мен «ТОЗ 34» 12-ші калибрлі аңшы мылтығын тапқан. Сөйтсе жастарға ақыл айтып, жөнге салады деген ақсақалдың өзі қасиетті құстың санатындағы аққуды, оның өзінде де сирек кездесетін, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сұңқылдақ аққуды қандыауыздың қарауылына байлапты. Өкініштісі де сол, аққудың бұл түрін мүлде атуға болмайтынын біледі екен. Сөйте тұрып, атқан. Шамасы тегін олжаны көрген соң көзі қарауытып кеткен болар. Саны онсыз да азайып қалған қайран да қайран киелі құстың кепиетінен де қорықпаған. Бұл оқиға қазір жан-жақты тексерілуде.

Полиция қызметкерлері жұртшылықпен кездескен кезінде аймақта құс атуға тыйым салынғандығын ескертуде. Иә, ескерту аз жасалып жатқан жоқ. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновтың айтуына қарағанда, бейкүнә аң-құсқа бейуақытта қару кезенетіндердің қатары селдіремей тұр. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 13-і күні Сандықтау ауданының полиция бөліміне Үлкен Түкті аңшылық шаруашылығының қорықшысы В.Рожковтан суыт хабар түскен. Оқиға былай өрістеген екен.

Қорықшы Раздольный ауылының маңындағы орман ішін аралау кезінде бұланның қаңқасына кезіккен. Көкше даласында сирек кездесетін аң оққа ұшқан екен. Безбүйрек браконьерлер іске татыр мүшесін бұтарлап бөлшектеген соң бас-сирағын тастап кеткен. Қорықшының көзіне кеш түсті ме екен, із сорабы басылып, білдей бір бұланды жайратып, тегін олжаға айналдырған  тексіздер ұстатпай кетті. Осы арада айта кететін бір жай, әр бұтаның түбіне қарауыл қоя алмайтындығымызда. Бір шеті мен бір шеті айшылық жол есебіндегі Көкшетау мен Қорғалжынның ұлан-ғайыр даласындағы аң-құсқа қылдан тайдырмас қарауыл болатын әркімнің өз ар-ожданы, табиғатқа, табиғаттың аясындағы жанары жаутаңдаған жануарларға деген сүйіспеншілігі. Бәлкім сонда ғана жазықсыз жан иелерін қандыауыз қарудың қарауылына байлау тыйылар.

Сайын даланың сағымына оранған былайғы жер былай тұрсын, ерекше қорғалатын, айрықша қамқорлыққа алынған «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында да алаңсыз жүрген аң-құсқа қару кезенеді екен-ау.  Дәл осы жерде осындай қаныпезерлік орын алып жатса, ел көзінен таса жерде браконьерлер қандай ойран салып жатыр екен деген ойға берілетінің бар. Үстіміздегі жылдың 1 сәуір күні Ақылбай орман шаруашылығының аумағында екі бұғы оққа ұшқан. Біздің өңірде сирек кездесетін аса бағалы аң. Шығын көлемі 1 750 200 теңгені құрайды.

Біздің ойымызша тамаша табиғаттың аясындағы бағалы аңды ату, одан келген зиян қаржымен өлшенбесе керек. Қанша қаржы болса да ойсыраған дүниенің орнын толтыра алмас еді. Бурабайдың биші қайыңдарының арасында лүп еткен самал желмен жанары жаутаңдап өкпек жолаушыны қарсы алып, шығарып салатын бейкүнә жануарлар емес пе? Киелі жер көркем табиғатымен ғана емес, осындай сирек кездесетін аң-құстарымен қадірлі. Сол қазынаның бағасын байыптамай, кім көрінген қалаған уақытында атып алатыны несі екен?! Бұл жолы да атқан адамдар ұстатпай кеткен. Жалпы қылмыс орнынан із жасыру көп, көптеген жағдайда қандыауыз мылтығын кезенген браконьерлер ұстатпай кететін көрінеді. Осыған қарағанда, оларды ауыздықтау оңай-оспақ шаруа емес тәрізді.

Алдағы уақытта табиғаттың тартуын ту-талақай етіп, аң-құсты көрінген жанның қанжығасына байламау үшін талап пен тәртіпті күшейте түскен жөн-ау.  Олай дейтініміз, осы Бурабай ауданындағы полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне биылғы жылдың 21 ақпан күні Бармашин орманшылығының ағаш шеберінен телефон арқылы суыт хабар түскен. Сөйтсе тағы бір бұғының бұтарлап, мүшелеп бөлшектегеннен кейінгі қалдығы табылған. Үйдей бұғы үйелей жығылыпты. Тегін олжаға кезігіп, көздері қанталаған табиғат қарақшылары қас пен көздің арасында қоңды жерін қолма-қол балталай шауып, қиғаштай кесіп, үптеп кетсе керек.

Бұл жолғы шығын көлемі 1 800 037 теңге көлемінде. Ең өкініштісі, курортты аймақта басын көбейте алмай, өрісін кеңейте алмай отырған бұғының қапелімде безбүйректердің жеміне айналғандығы. Қылмыстық іс қозғалғанымен, із суыған. Арада көп уақыт өткеннен кейін табылар-табылмасы да белгісіз. Бір рет құтылып, екі рет сытылып шыққаннан кейін аң етіне жерік болған, бұғы түгіл басқасын да аяуды білмейтіндер аяғын еркін баспай ма?! Шіркін-ай, дейсің осындайда, дер кезінде қолға түсіріп, бар кінәсін мойындатып, аты-жөнін айдай әлемге жария етсе ғой. Сонда өзге де тамылжыған табиғат аясында алаңсыз жайылған жануарларға қастық ойлайтындардың алшаңдай басқан адымына бір тұсау түсер еді.

Сандықтау өңірі де көркем табиғаты келісті, құйқалы аймақ. Орман-тоғайы мол өлкеде сұлу өңірдің сырлы кейпіне ажар үстейтін аң-құс та жыртылып айырылады. Тегін олжаға қызығып, аузының суы құрып жүретіндер де аз емес.

–Табиғатқа залал келтірушілерге, бұғы-бұлан тәрізді сирек кездесетін аң-құсты сақтап, қамқорлықты күшейту үшін тәртіп бұзушыларға қолданылар жаза әлі де күшейтіле түсуі керек, – дейді ел ағасы Есенкелді Кереев, – әйтпесе мұндай жаман әдетті тыйдыру қиын. Көкшетау өңірінде аң-құстың бұдан да көп түрі болғандығын, олар осы сайын даланы емін-еркін жайлағандығын көнекөз қариялар айтып отырады. Сол Сандықтауда бұрын аю да мекен еткен. Қазір тұқымы тұздай құрып кетті. Басбұзарлар дәл осындай қарқынмен жаман ойларын жүзеге асыра беретін болса, аң-құстың көптеген  түрлерін қынжыла отырып Қызыл кітапқа кіргізуіміз мүмкін.

Ақсақал айтса айтқандай, Зеренді ауданының полиция бөліміне «Пухальское» аңшылық шаруашылығының аға қорықшысынан Қойсалған ауылының маңындағы екпе ағаштың етегінен қабан еті салынған алты қап табылғаны туралы хабар түскен. Іле із кескен кезде ауыл іргесінен тағы да қабанның қып-қызыл қанымен шыланған сегіз қап еті кезіккен.

–Бұл аңшылық емес, кәдімгі жабайы аңның етін өндіретін кәсіп сияқты, – дейді ақсақал, – аң қағып, дала кезетіндей дертті болсаң, бүркіт баптап, тазы ұста. Рұқсат етілген маусымда қолданыстағы тәртіптің аясында аң қақ, өнерің асып тұрса, олжалы боласың. Ал, қазіргі браконьерлер ұшқан құспен жарысатын моторлы шана, оптикалық көздеу құрылғысы  бар қару ұстайды. Кейбіреулері осы заманғы технологияны арам ойларына қапысыз пайдаланып, аң-құстың өрісіне дрон ұшырып, алақанына салғандай көріп алады екен. Қасат қарға малтыққан бұғы, бұланның аман қалатын мүмкіндігі де жоқ. Күш тең емес қой. Ерте көктемде аң-құс төлдер кезде желіндеп тұрған биесімен елік қуатын есерлерді де көріп жүрміз. Қызылсырап бара жатса ақадал малын төлдетіп, соғымының етінен дәм татып отырмай  ма?! Бұл арада айта кететін бір жай, кейбіреулер обал-сауапты ұмытқан. Браконьерлерге қарсы заң талаптары қатайды деп естиміз. Меніңше, ең бастысы елдің бойындағы обал-сауапты қалпына келтіруі керек. Сонда ғана қансоқта болып жатқан даланың дидарындағы келеңсіз көрініс пышақпен кескендей тыйылады.

Мамыр айында Бурабай полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне тағы бір суыт хабар түскен. Астана-Петропавл бағытының 230 шақырымында мемлекеттік нөмірі 281 Ресейдің 196 аймағына тиесілі автокөлік тоқтатылған. Тексере келгенде, көлік иесі А.Хлопотныйдың жүк салғышынан 92 қаз бен 4 үйрек табылған. Қазақ даласындағы қазынаға кімдер қызықпай жатыр дейсіз…

Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Бірақ, одан бүгінгі ахуал түзеліп кете қояр ма? Тиісті органдар заң бұзғандардың жолын кесіп, оқыс оқиғалардың себебі мен салдарын анықтау бағытында жұмыс істеп жатыр. Ел ағасы Есенкелді Кереев айтпақшы, адамдардың бойындағы обал-сауап ұғымы ойсырамай, кемеліне келген кезде ғана кеселден құтылатын шығармыз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар