Құрметті ақмолалықтар!
Сіздердің ұлттық валюта күнімен құттықтаймын!
15 қараша – Қазақстан үшін ерекше маңызы бар күн. Бұл күні егемен еліміздің тәуелсіздігінің айрықша белгісі – ұлттық валютамыз теңге айналымға енгізілді. Тарихи жаңалық Қазақстанның экономикалық кеңістігін қалыптастырып, қаржы рыногындағы даму негізін қалады. Халықаралық аренада біздің еліміздің танылуына ерекше әсер етті.
Ұлттық валюта күнінің қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келуі тегін емес. Олар ұлттық валютамызбен тікелей жұмыс істеп, оның айналымын ұдайы қадағалап отырады.
Бүгінгі күні біздің аймақтағы барлық қаржы органдарының қызметкерлері өздерінің тараптарына жолданып жатқан жүрекжарды құттықтауларды қабылдауда. Олардың арасында өз ісіне жан-тәнімен берілген, мол тәжірибелі, жоғары білікті мамандар өте көп. Біздің өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету және тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытында қаржылық сауаттылыққа орай алға қойған міндеттер оңтайлы шешілуде.
Төл мерекелері күні барлық қаржы саласының қызметкерлерін, сондай-ақ, жерлестерімізді қызу құттықтай отырып, мықты денсаулық, ертеңгі күнге деген зор сенім, тұрақтылық пен табыс тілеймін.