Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Аршалы ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тұрғындар мен еріктілер, депутаттар және еңбек ұжымдарымен бірге ағаш отырғызу шарасына қатысты.
Бұл күні аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағына 100-ден астам қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды.
– Бүгінде біз бүкіл еліміз бойынша өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып жатырмыз. Бұл – еліміздің болашағы мен келер ұрпақтың саулығы үшін жасалып отырған үлкен қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та жуырда экофестивальге қатысып, баршаны табиғатты аялап, туған жердің тазалығын сақтауға шақырды. Президентіміз экологиялық мәдениетті қалыптастыру әр азаматтың жауапкершілігі екенін ерекше атап өтті. «Таза Қазақстан» тек қоқыс жинау ғана емес, бұл сана-сезімнің жаңғыруы, әр адамның туған жеріне деген жанашырлық сезімін ояту, – деді аймақ басшысы. Бұл орайда акцияға қатысушы Кристина Киютина әр отырғызылған көшеттің ауаның тазарып, табиғаттың көркейіп, айналамыздың таза да жайлы бола түсуіне қосылатын үлес екенін баса айтты.
Аудан тұрғындары бұл бастаманы қолдап, өз белсенділіктері арқылы қоршаған ортаның тазалығы үшін мұндай шаралардың маңызды екендігіне көз жеткізе түсті.
– Қоқыс жинап, ағаш отырғызу арқылы біз тек өзімізге ғана емес, тұтастай елімізге көмек көрсетеміз, – деді акцияға қатысушылардың бірі Ізбасар Нұрболат.
Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2025 жылы Ақмола облысында 2000 гектар аумаққа 14 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

