Дамудың жолы – ізденістерде

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, бірқатар өнеркәсіп орындарын аралады, тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесіп, сала бойынша өзекті мәселелерді сұрастырып білді, оларды шешу жолдарына назар аударып, Үкіметтің шағын және орта бизнесті дамытып, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөнінде қабылдап жатқан шаралар туралы айтып берді. Вице-министрдің сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов   бірге болды.

Жыл басынан бері 10 мың тоннадан астам сүт өнімдерін шығарған Көкшетау «Гормолзавод» серіктестігі өңірдің жетекші кәсіпорындарының бірі. Арман Шаққалиев алдымен бүкіл елге танымал осы сүт өнімдері зауытының қызметімен танысты. Сонымен қатар, ол өңірге жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласының басқа да құраушы кәсіпорындарымен танысып қайтты.

«Гормолзавод» серіктестігі жыл сайын шығарылатын өнім көлемін арттырып отырады. Кәсіпорын Ақмола облысының ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінің азық-түлік нарығына сүт өнімдерінің мол түрін ұсынады. Зауыттың басты ерекшелігі – табиғи шикізаттан жасалған экологиялық таза өнім. Сондықтан, «Гормолзавод» сүт өнімдеріне сұраныс үлкен. Арман Шаққалиев технологиялық процестермен және өндірістің ерекшеліктерімен танысып, кәсіпорын қызметіне жоғары баға берді. Вице-министр шығарылатын өнімді өткізу нарығын кеңейту және баға белгілеу қажеттігін де атап өтті.

–Сауда бұл тірі организм. Әрқашан сұраныс пен ұсыныстарды салыстыру, тауар балансын бақылап отыру қажет, бұл басынан басталуы керек, – деді Арман Шаққалиев.

Вице-министр барған тағы бір негізгі нысан «Sinegor-Grain» серіктестігі. Кәсіпорын қызметі  дәнді және майлы дақылдарды сақтауға және өңдеуге, сондай-ақ, ұн өндіруге бағытталған. Заманауи диірмен кешені Ресей Федерациясы мен Түркия өндіретін импорттық инновациялық жабдықтармен жабдықталған. Астық пен майлы дақылдарды бір мезгілде қабылдай алатын екі бірегей қабылдау-өңдеу желісі бар. Диірмен тәулігіне 160 тоннаға дейін ұн шығаруға қауқарлы. Кәсіпорынның бұдан бөлек үлкен мақсаттары мен өсу перспективалары бар. Толық қуатқа шыққан кезде жылына шамамен 57 мың тонна ұн өндіруге ниетті.

Арман Шаққалиевпен кездесуде диірмен кешенінің басшылығы электр энергиясы мен көлік шығындары мәселесін көтерді. Белгілі болғанындай, диірменнің электр қозғалтқыштары электр энергиясын көп тұтынады, соның салдарынан кәсіпорын электр қуаты мен өнімді тасымалдауға үлкен шығындарды көтеруі керек. Вице-министр мұндай шығыстарды субсидиялауға қаражат бөлу мәселесі қаралатынына уәде берді.

«Eurasia Group Kazakhstan» ауыл шаруашылығы техникасын сату және қызмет көрсету бойынша алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі. Бүгінгі таңда кәсіпорын ТМД-дағы John Deer маркалы ауыл шаруашылығы техникасының толық желісіне қызмет көрсететін ірі сервистік орталық. Сауда және интеграция вице-министрі «Новопэк» серіктестігінде полипропилен бұйымдарын шығаратын кәсіпорында да болды. Бүгінгі таңда зауыт Батыс Еуропа мен Тайвань елдерінен әкелінген заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Технология бойынша өндіріс процесі әлемдік стандарттардың барлық талаптарына сәйкес келеді. БҰҰ-ның ауыр жүк контейнерлерін өндіруге сертификаты бар. Кәсіпорын айына 10 миллионға жуық қап пен 200 мың үлкен сөмке шығарады. Өнімдер тек біздің елде ғана емес, Тәжікстанда, Өзбекстанда және Ресей Федерациясында да сатылады. Болашақта зауыт жаңа нарықтарды қамтуға және өз тауарларын ТМД-ның барлық елдеріне жеткізуге ниетті. Арман Шаққалиев кәсіпорын басшыларымен сөйлесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Мұнда ол жергілікті атқарушы органдарға бизнесті қолдаудың мемлекеттік тетіктері іс жүзінде жұмыс істеуі және мультипликативті әсер көрсетуі керек екенін байқап, бірқатар тапсырмалар берді. Вице-министр өндірістік процестерді жетілдіру, сапаға бағдарлану және шығарылатын өнімді жеткізу үшін жаңа нарықтарды қамту қажеттігін атап өтті.

Арман Шаққалиевтің жұмыс сапарының тағы бір маңызды бөлігі Ақмола облысының тұрғындарымен және кәсіпкерлерімен кездесуі болды. Бұнда өңірдің бизнес-қоғамдастығының өкілдері сауда және интеграция вице-министрінің алдына бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді. Олар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, электрондық саудаға, кәсіпкерлерді қолдау мәселелеріне қатысты болды. Бірқатар кәсіпкерлер заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды айтты. Күн тәртібіндегі маңызды мәселе – тауардың қауіпсіздігін растайтын сертификаттар беру мәселесі.

–Көбіне біз өнімнің қауіпсіздік сертификатымен бірге жүретінін көреміз, бірақ қаптамада жазылғандар үнемі мазмұнға сәйкес келе бермейді. Мемлекет осындай «жалған сертификаттармен» күресу бойынша жұмыс жүргізуге ниетті. Бұл күрес тиімді жүзеге асырылады. Бізде мемлекеттік бақылау аясында жыл сайын жойылған құжаттардың көлемі артып келеді. Мемлекет нарықтағы осындай жосықсыз кәсіпкерлермен аяусыз күрес жүргізуде, – деп атап өтті Арман Шаққалиев.

Сондай-ақ, вице-министр бизнесмендерге экспортты қолдау құралдары, жаңа нарықтарды игеру бойынша сервистік сүйемелдеу және айналым схемалары бойынша қаржыландыруды өзгерту туралы айтып берді. Ведомство басшысының орынбасарын дауға айналған қант мәселесі де айналып өтпеді. Арман Шаққалиевтің айтуынша, енді мемлекеттік қолдау тікелей өндірушілерге, яғни, қант зауыттарына бөлінетін болады. Жақында екі министрлік – Сауда және интеграция және Ауыл шаруашылығы министрліктері «Көкше» ӘКК және қант зауыттарындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі меморандумға қол қойды. Енді Ақмола облысына шикізатты қант зауыттарымен сатып алуға айналым қаражатын толықтыру үшін 957 миллион теңге бөлу қажет. Тұтастай алғанда, мемлекет негізгі азық-түлік тапшылығын болдырмау үшін, сонымен бірге отандық бизнес пен халықтың мүдделерін ескере отырып, баға тұрақтандырудың «қатаң» құралдарын пайдаланудан біртіндеп алыстамақ.

Камила Әбделманова,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар