Көкшетау қаласында Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің туған күніне орай, ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
15 қарашада қазақ халқының батыр, ер жүрек ұлы Мәлік Ғабдуллин 107 жасқа толар еді. Тарих оны асыл азамат ретінде жадымызда сақтады. Он ғұмырын елді фашизнан қорғауға арнап, кейіннен ғылымға бет бұрды. Оның соғыста жасаған батырлығы мен бейбіт уақыттағы ғылыми ұстаздың еңбектері тек ақмолалықтардың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышына айналды.
Текті тұлғаның туған күнінде Даңқ аллеясындағы ескерткішке гүл қою рәсімін Мәлік Ғабдуллин мұражайы ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Ақмола облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, ауған соғысының ардагерлері, университеттер мен колледждер студенттері мен мектептердің оқушылары қатысты.
Гүл шоқтарын қою рәсімінде ең танымал қазақстандықтардың біріне айналған М.Ғабдуллиннің өмір және ерлік, әдеби жолы туралы көптеген маңызды сөздер айтылды. Сөйлегендердің барлығы батырдың ғұмыры мен жасаған ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Камила Әбделманова,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.