Щучинск қаласы Абылай хан атана ма?!.

Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Бурабай баурайындағы Щучинск қаласының іргетасы көне деректердің шерткен сырына қарағанда, 1800 жылдардың басында қаланған екен. 1991 жылы үш жүзге Бурабайдың биігінен жарты ғасырға жуық билігін жүргізген  Абылай ханның 280 жылдық тойы кезінде аяулы да айбарлы есімін Щучинск қаласына беру туралы көпшіліктің ұсынысы болып еді.

Орынды ұсынысты хан тойына Алтайдан Атырауға дейінгі жалпақ даладан жиналған тәмам ел бірауыздан құптаған. Аңсаған тәуелсіздігімізге қол жетті, енді кеткен есеміздің орны толар дескен. Қай қырынан алып қарасаң да, әбден қисынға келетін ұсыныс. Бурабай ұлы ханның ата қонысы екендігі тарихи шындық. Табиғаттың өз қолымен тұрғызылған тас қамал іспетті жақпар-жақпар жартастардың ортасында атшаптырым алаңқай – Абылай хан алаңы бар. Әне бір жерде табиғаттың өзі қалап берген хан тағы.

Ханын қасиет тұтқан, ерін құрметтеген ел ғана емес, тылсым күш те сойына орай сияпат жасағанға ұқсайды. Сол жиында аталы сөзге құлақ қойып, құлай құптаған жалпы жұртшылық бұл дұрыс ұсыныс дескен. Ешбір мән-маңызы, тарихи тағылымы жоқ бұл атаудан ел мерейін асқақтатып, айбынын асыратын, көкірегіңе мақтаныш сезімін ұялататын хан есімінен артық қандай атау керек?! Шартараптан жиналып, бодандықтың темір ноқтасын серпіп тастап, азат, бостан күйге бет алған көкшетаулықтарға осы ұсынысты жүзеге асыруды шегелеп тұрып тапсырып еді. Содан бері бұл мәселе шешімін таппай, сағыздай созылып келе жатқаны рас. Ендігі ел үміті «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз» деген болатын. Келешекте қолға алынатын келелі істің бірі идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген ел, жер атауларын ауыстыру. Ауыстырғанда да желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін, өзгеше рухты сезім сыйлайтын, абыройлы да асқақ атаулар болғаны жөн.

Щучинск қаласының атауы қайдан алынғаны туралы нақты дерек жоқ. Ежелгі жер-су атаулары орналасқан жердің бедері мен белгісіне орай қойылғандығы мәлім. Осы орайда, бұл атау Бурабай баурайындағы күміс көлдердің, оның ішінде Шортан көлінің атауынан алынуы мүмкін-ау деген болжам айтылады. Табиғаттың тұмса шағында көлдегі шортанның көптігінен көлге суаруға әкелген жылқы үркіп, беттей алмай, үйіріліп тұрады екен дейтұғын аңыз бар. Шамасы шортанның мұншалықты көптігіне таңырқаған жұрт ну орманның етегіндегі қазығын жаңа қағып жатқан көлге де дәл осылай ат қойып, айдар таққан сыңайлы.

Щучинск қаласының тұрғындары үстіміздегі жылдың 14 сәуір күні Бурабай аудандық газетінде қырық адамның қолы қойылған ұсыныс жариялады. Бұл ұсыныста ел тәуелсіздігі үшін бар ғұмырын, күш-жігерін сарп еткен мемлекет қайраткерлерін ел есінде сақтау бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті екені айтылады. Осыған байланысты Алаштың бағына туған ұлы тұлғалардың бірі, үш жүздің басын біріктірген ұлы Абылай ханның ерлігі мен еңбегі сипатталады.

Шынында да тарих Абылай ханды Орта Азияның аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарына қойды. Көкшетауда, оның ішінде нақтырақ айтсақ, Бурабай баурайында ұлы хан жарты ғасырға жуық хандық құрды. Бұл дәуір қазақ халқының өркендеп, өрлеген дәуірі еді. Абылайдың өз ұрпағы, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов: «Абылай дәуірі – қазақтың алтын ғасыры» деп баға берген болатын. Абылай хан аса дарынды, ірі қайраткер, қолбасшы болды.

Ол тұс-тұстан анталаған, кең-байтақ қазақ жеріне көзін алартқан ешбір көршінің ыңғайына жүрмеді. Елінің еркіндігін, бостандығын қорғай білді. Өзінің асқан ақылды, сабырлы мінезі мен қылаудай кіршік түсірмеген адамгершілігінің арқасында бір орданың ғана емес, үш орданың сыйлы ханы атанды. Жоғарыда айтылған ұсыныстан кейін іле-шала жергілікті «Луч» газетінде де орыс тіліндегі үндеу жарияға шықты. Ескірмес естелік іспетті ұлы ханның ерлікке толы ғажайып еңбегі баяндалатын және ханның есімі Щучинск қаласына қойылуы керектігін айтып, ордалы ойын ортаға салған, есімдері жергілікті жұртқа жақсы мәлім азаматтардың ішінде Бурабай ауданының құрметті азаматтары А.Куликов пен Ю.Севастьянов та бар.

Ел ағаларының республика Президентінің атына жазған хатында да бұл мәселе кеңінен баяндалады. Мұндай мысалдардың дүниежүзінің көптеген мемлекеттерінде бар екендігі де кеңінен тілге тиек етіледі. Қала атауы өзгере қалған жағдайда Бурабай баурайындағы жалпақ жұрт киелі санайтын, қадір  тұтатын Абылайхан алаңын Мәңгілік ел алаңы деп атауға болар еді дейді олар. Жаңа тұғырға ел тарихын қысқаша таңбалап жазып қойған да жөн болар. Егер Абылай алаңының атауын мәңгілік ел алаңы деп атайтын болсақ, бір кездегі ұлы ханның ұлық мұраты осы ат төбеліндей жерден бастау алып, барша Алаш даласына шымшымдап тарайтын асқақ сезімге ұласар еді. Бұл қадам адамдардың елге деген патриоттық сезімін, әсіресе, жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін ұштайды.

–Еліміздегі қала атауларын өзгерту мәселесі қолданыстағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің Қаулысы бар, – дейді Біржан сал ауданының құрметті азаматы, сот жүйесінің ардагері Төлебек Жұмақаев, – мен Бурабай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде осындағы ел ағаларымен жиі жүздесіп, көтеріп отырған мәселеге байланысты сан мәрте ақылдастым. Ел түгел қолдап отыр. Демек, «елу жылда ел жаңа» демекші, қаланың атын халымыздың біртуар ұлы ханның есімімен ауыстыратын уақыт жетті.

Жаңа атау кейбір көшелерінің тозығы жеткен шағын қаланың әлеуметтік тұрмыстық жағдайына әсер етер ме еді деп үміттенеді қала халқы. Ең бастысы, Бурабай баурайын ғана емес, алты Алашты жайлаған барша жұрттың алпыс екі тамырына өршіл рух, асқақ сезім, отансүйгіштік қасиет сыйлар еді.

–Өткен жылы қол жинамақ болып та талпындық, – дейді Төлебек Жұмақаев, – бірақ, пандемия кезінде жұртты жинауға жүрегіміз дауаламады. Әйтсе де, бұл жалғыз біздің, аз ғана адамның ұсынысы емес, хан ордасын жайлаған қара ормандай қалың елдің аманаты.

Тіпті, айта берсек, ана бір жылы Щучье ауданының атауы Бурабай болып өзгертілгенде, аудан орталығы – Щучинск қаласының атауын да біржола Абылай хан деп жаңартып тастау керек еді, бұған бұрынғы Президенттің өзі де қарсы болмапты деген пікірлер де бар. Қалай дегенде де игіліктің ерте-кеші жоқ.

Сондықтан, ұлы ханға қоныс болған Бурабай баурайын жайлаған тәмам елдің орынды ұсынысы еститін мемлекеттің құлағына жетіп, армандары орындалатындығына сенеміз.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар