Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» деп атап өтті.
Бүгінгі таңда Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментімен бірлесіп, облыстың кадрлық әлеуетін жасақтау, жастардың белсенді көшбасшы легін қалыптастыру, оларды мемлекеттік қызметке даярлау, қоғамдық қызмет саласы үшін білікті кадрлар қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыстарды атқаруда.
Бұл орайда өзара күш-жігерді біріктіріп жүзеге асырып жатқан жобалардың бірі – «Ақмола облысының «Talapker» жас мемлекеттік қызметшілер мектебі». Бұл мектептің миссиясы — мемлекеттік қызметке талантты, сауатты, білімді, болашағы зор, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қасиеттері бар жастарды тарту, сондай-ақ жастарға мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдыларын алуға мүмкіндік беру. Бірнеше жыл ішінде бұл мектептен 299 студент білім алып шықты.
Биылғы оқу жылында аталмыш мектепке тағы 25 студент, олардың ішінде Абай Мырзахметов университетінің 18 студенті қабылданды.
Мектептің жұмысы екі бағытта іске асырылуда. Біріншісі — мемлекеттік қызметке түсу үшін қажетті білім мен жеке қасиеттерді кеңейту. Бұл бағыт бойынша «Көпшілік алдында сөйлеу дағдылары», «Мемлекеттік қызметке түсу және оны өткеру», «Этика және кәсібилік – табысты мемлекеттік аппараттың кепілі», «Кибергигиена» және т.б. тақырыптар бойынша сабақтар, психологиялық тренингтер, семинарлар өткізілді. Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушылар мектептің толық оқу курсын сәтті аяқтағанын куәландыратын сертификаттармен марапатталды.
Екінші бағыты — мамандық бойынша мемлекеттік мекемелерде бітіруші курс студенттерінің тәжірибеден өтуін қамтамасыз ету. Бұл орайда Департамент пен университет арасында соңғы курстарда оқитын студенттердің облыстың мемлекеттік органдарында кәсіптік тәжірибеден өтуі мәселелері бойынша меморандумға қол қойылды. Осы меморандум аясында түлектеріміз 2023 жылдың қаңтарынан наурызына дейін Ақмола облысының мемлекеттік органдарында кәсіби тәжірибеден өтетін болады. Кәсіби тәжірибе студенттерге әрі қарай жұмысқа сәтті орналасу үшін тамаша мүмкіндік беретіні сөзсіз. Жалпы аталған жоба бойынша басқарушылық қабілеті басым, қызметіне адал, білікті де білімді жастар іріктеледі деген ойдамыз.
Қазіргі таңда кез келген ұйымның жұмыс тиімділігі кадрлардың кәсібилігіне де, оларды шебер басқара білуге де байланысты екені белгілі. Бүгінгі өзгерістерге толы заманда жаңа кәсіби стандарттар туындауда. Мұндай жаңалықтарға «HR-менеджер» немесе «адам ресурстарын басқару жөніндегі маман» мамандықтарын да жатқызуға болады». Мұндай маман өз жұмысында бірнеше мамандық қызметін бірге атқара алады. Бұл кадрларды тиімді таңдау ғана емес, сондай-ақ еңбек өнімділігін үнемі арттыра отырып басқара алу қабілетінің көрінісі.
Осыған орай 2020 жылы университетте «Мемлекеттік және жергілікті басқару» білім беру бағдарламасы енгізілді. Бұл бағдарлама білім беру саласындағы сәйкестендірілген ұйымдармен мақұлданды. Жаңа мамандықтың мемлекеттік басқару жүйесінде де, жеке және квазимемлекеттік сектор ұйымдарында да HR-менеджментті кәсіби тұрғыда дамытуға мықты серпіліс беретініне сеніміміз зор. Бұл білім беру бағдарламасының мақсаты басқару, жоспарлау, еңбек қызметін үйлестіру және адами ресурстарды дамыту саласында бәсекеге қабілетті кадрларды даярлау болып табылады. 2020 жылдан бері осы мамандықты 113 талапкер таңдады.
Өзара ынтымақтастық шеңберінде Департамент өкілдері университеттің Ғылыми кеңесі құрамына кіріп, университеттің әрі қарай дамуына, қазіргі заманғы талаптарға сай келетін бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында университет басшылығының, оның оқытушы-профессорлар құрамының, әкімшілік басқару қызметкерлерінің, оқу-көмекші қызметкерлері мен қызмет көрсету қызметкерлерінің күш-жігерін біріктіруге өз үлесін қосуда.
Департамент өкілдері облыстың мемлекеттік және құқық қорғау органдарының персоналды басқару қызметтері өкілдерін жұмылдыра отырып, университеттің қабырғасындағы жұмыссыз жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне белсенді қатысады. Жәрмеңкелер барысында бітіруші курс студенттерімен кездесулер өткізіп, мемлекеттік қызметке түсу тәртібін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Көптеген жастар тек әкімшілік мемлекеттік қызметке ғана емес, құқық қорғау қызметіне де түсу мүмкіндіктеріне қызығушылық танытады. Өтініш білдіргендер арасында ақпараттық брошюралар таратылып, мемлекеттік қызметтің бос орындарына шолу жасалды.
Бұдан басқа университеттің соңғы курс студенттерімен және түлектерімен жиі кездесулер, вебинарлар, семинарлар өткізіліп, олардың барысында мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа талаптары түсіндіріліп, үнемі өзекті ақпарат ұсынылып отырады. Мысалы, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметке түсуге жалпы конкурсқа қатысушылар ұсынатын құжаттар саны қысқарып, қашықтықтан бейне байланыс құралдары арқылы әңгімелесу өткізу мүмкіндігі енгізілді. Сонымен қатар, бас және жетекші мамандар лауазымдарына орналасу үшін жұмыс тәжірибесі талап етілмейді. Бұл университет қабырғасынан жаңа шыққан түлектер үшін өте қолайлы, себебі мемлекеттік қызмет — еңбек мансабын бастау үшін жақсы іргетас.
Атқарылып жатқан өзара іс-қимыл мемлекеттік аппаратты күшейту, оны бәсекеге қабілетті мамандармен жасақтау жолындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға елеулі серпін беретініне сенім білдіремін.
САҒЫНТАЙ ЕЛУБАЕВ,
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ректоры,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі,
Ақмола облысының құрметті азаматы