Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте айтылды. Соңғы үш жылда Ақмола облысында медициналық кадрлардың тапшылығы екі есе төмендеді. Егер 2019 жылы өңірге 430-дан астам дәрігер жетпесе, бүгінде 240-қа жуық маман қажет. Жыл басынан бері өңірге 87 жас дәрігер келді.
Шенеуніктердің айтуынша, бүгінгі таңда медициналық кадрларды ынталандыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Осылайша жатақханалар ұсыну, жалдау төлемдерін бірлесіп төлеу, балабақшаларда орын бөлу, жұбайын жұмысқа орналастыру және тағы да басқа шаралар арқылы дәрігерлерге әлеуметтік қолдау көрсету артты. Мысалы, биыл жас мамандарға көтерме төлемдер аудандық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1,5 миллион теңгеге дейін және ауылдық жерлерде 2,5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
–Биылғы жылы «Дипломмен – ауылға!» жобасы шеңберінде 68 медицина қызметкері жалпы сомасы 20,8 миллион теңгеге көтерме қаражат алды. Тұрғын үй алуға арналған кредитті жалпы сомасы 223,0 миллион теңгеге 50 адам пайдаланды. Дәрігерлік кадрлардың тапшылығын төмендету мақсатында жыл сайын резидентурада оқуға 35 грант, «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқуға 50 грант бөлінеді, орта буын медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджет есебінен 190 грант бөлінеді, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Омарова.
Кадр тапшылығы мәселесін жергілікті жоғары оқу орны да шешуге көмектеседі дейді шенеуніктер. Мәселен, 2018 жылдан бастап Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде медицина факультеті ашылды, онда 740 адам оқиды, оның ішінде әкімнің гранттары есебінен 200 ұл-қыз білім алып жүр. Дәрігерлік персоналдың жалақысы орта есеппен 30 пайызға, орта медициналық персоналдың жалақысы 20 пайызға және кіші персоналдың жалақысы 15 пайызға көбейді. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесін жақсартуға ерекше назар аударылуда. Биыл өңірдің медициналық ұйымдарына 1,5 миллиард теңге сомасына 50 жаңа жабдық сатып алынады. Осылайша медициналық жабдықтармен қамамасыз ету жұмыстары 1,5 пайызға артып, 80,7 пайызды құрады.
Өңір тұрғындарын сапалы және жедел медициналық көмекпен қамтуға басымдық берілуде. Осы мақсатта Целиноград ауданының Қоянды ауылында МСАК орталығының және Қосшы қаласында 100 адам қабылдайтын емхананың құрылысы жалғасып жатыр.
–Сондай-ақ, жақын арада Көкшетау қаласында 630 төсектік заманауи көпбейінді аурухана салу жоспарлануда. Бұл жоба денсаулық сақтау министрлігі мен «RenEll» түрік компаниясы арасындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру аясында 38 ауылдық елді мекенде амбулаториялық-емханалық ұйымдар салу жоспарда бар, – деп қорытындылады Бибігүл Омарова брифингте осы айтылған сөзін.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА.