Балалар пайдалы жобалармен айналысуда

Көкшетау қаласында «Аqmola power» инновация және жаңа технологиялар байқауы өтті. Онда 30-дан астам жас өнертапқыш энергетика, экология және ақпараттық технологиялар саласындағы өз жобалары мен заманауи әдістемелерін ұсынды. Олардың жұмыстарын сарапшылар мен инвесторлар әділ бағалауға тырысты. 

Мақсат Талғат – байқаудың ең жас қатысушысы. Жасы небары 11-де. Жас болса да, бас бола білген оқушы қайта өңделген пластиктен қосалқы бөлшектер мен ұсақ саймандар жасайды. Мақсат бірнеше күн ішінде 3D принтерінің көмегімен пластикалық бөтелкелердің қақпақтарын ойыншық ұшаққа айналдыра алды.

–Біз флексті тік экструдерге толтырамыз. Одан жіп шығады, оны филамент деп атайды. Жіптен белгілі бір құрылғы үшін кейбір маңызды бөлшектерді алмастыра алатын әртүрлі заттарды жасап шығара аламыз,– дейді сайысқа қатысқан жас өнертапқыш.

Қатысушылар қазылар алқасының назарына түрлі өнертабыстар мен тың жобалар ұсынды. Кей балалар үйде ағаш өңдеу машиналарын жасаса, Копа көліне арналған су электр станциясының жобасын жасағандар да бар.

–Гидроэлектростанциялардың көбі Алматы сияқты ірі қалаларда орналасқан, сондықтан, біз осы жобадан көп ақша таба аламыз деп ойлаймын. Қатты желден ірі толқындар пайда болатыны белгілі. Осы толқындардың арқасында турбиналар қозғалып, ротер энергиясын өндіреді,– дейді Адият Рахметуллин.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Aqmola рower  жай ғана байқау емес, бұл – инновациялық алаң. Ол жас зерттеушілерге идеяларды жүзеге  асыруға және қаржыландыру жағынан қолдау көрсетуге дайын инвесторларды табуға септігін тигізеді.

–Біз жастардың жаңашыл идеяларымен танысып, оларға қолдау көрсеткіміз келеді. Болашақта жақсы жобалар іске асырылатын болады. Біз кәсіпкерлерді және сол салаларда жұмыс істейтін органдарды осындай  жобаларды көріп, оларды одан әрі дамытуға қолдау көрсетсе деп шақырдық. Өткен жылы цифрландыру бойынша мобильды қосымша жасаған қатысушыларымыз болды.  Биыл сол жобалар жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау тауып, жүзеге асырылды, – деп мәлімдеді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Есекеева.

Конкурс қорытындысы бойынша төрт жеңімпаз 250 мың теңге көлемінде грант алды. Бұл қаражатқа олар өз жобаларын жүзеге асырып, зерттеу жұмыстарын жалғастыра алады.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар