Қысқы жылу беру мәселесі – басты назарда

Ақмола облысында биылғы қысқы жылу беру маусымын өткізуге 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа қазандықтар мен жылу электр станцияларына жөндеу жүргізіліп, күні бұрын екі айлық көмір мен мазут қоры сатып алынды. Өңірде осы жауапты маусымның қалай өтіп жатқанын тілшіміз облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры арқылы біліп қайтты.

Бурабай ауданындағы жылу мамандары биылғы қыс мезгіліне мұқият дайындалды. Үш қазандық қондырғысы алдын-ала жөнделіп, қосалқы жабдықтар мен құбырлар жаңартылған. Төтенше жағдайларда жылу үздіксіз берілуі үшін қосалқы жылыту қазандықтары да ретке келтірілген көрінеді.

–Резервте қазақстандық «КВГМ-7»  қазандығы және тағы бір «Висмант» қазандығы бар. Яғни, қуат қоры баршылық. Мазут қоры да толық көлемде, кесте бойынша қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда отын қосымша түрде ұдайы жеткізіліп жатыр. Қазандықтағы тікелей отын қоры 1 мың тоннадан асады, қосымша 3 мың тоннадан асатын отын да бар. Үйлерге жылу жеткізу қуаты қазір 73 градус, қайтуы шамамен 65 градус. Яғни, бұл үй ішіне 24-26 градус жылу мөлшері беріліп тұр деген сөз, – дейді бізбен әңгімесінде коммуналдық кәсіпорынның директоры Виктор Бахмут.

Жылу беру сапасын жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары тексеріп тұрады. Олар әлеуметтік нысандар мен пәтерлерде жылу температурасын өлшейді. Олқылықтар немесе ақаулар анықталған жағдайда, оларды қалай жоюға болатындығы туралы ұсыныстар , өздері де осы маңызды істің бір жағынан шығысады. Жергілікті билік сендіргеніндей, осы қыста қызмет көрсетуде қиындықтар болмауы тиіс.

–Қазіргі уақытта жылу беру маусымының бұзылуының алғы шарттары жоқ, қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеуде. Барлық кәсіпорындар бойынша отын қоры нормаға сәйкес жеткізілген. Степногорск жылу электр орталығы бойынша шамамен 170 мың тонна қажетті отын қоры қамтамасыз етілген, – деп мәлімдеді жалпы жағдайдан хабардар еткен  облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әбдірахманов.

Шучинск, Бурабай елді мекендеріндегі әлеуметтік мекемелердің жай-күйі мен жылу беру деңгейіне осы сапарда өзіміз куә болып қайттық. Балабақшалар мен мектептерде жылу температурасы жоғары. Мұғалімдер де, оқушылар да шағымымыз жоқ дейді. Кей мекемелерде өздерінің қосымша жылу қазандықтары да бар.  Алда-жалда төтенше жағдай орын алып, жылусыз қалудың қауіпі туындаған жағдайда сол қосымша қазандықты іске қосамыз дегенді айтады жергілікті атқарушы органдардың өкілдері.

–465 оқушыға арналған біздің мектепте бүгінде 566 оқушы білім алуда. Сабақ екі ауысым бойынша қазақ және орыс тілдерінде жүргізілуде. Мектеп өте жылы. Жылу орталық қазандықтан тартылған. Төтенше жағдай орын алса, өзіміздің қосымша электр қазандығымыз бар. Қажет болған жағдайда соны іске қосамыз. Бірақ, ондай бола қоймайды деген ойдамыз,– дейді  Зеленый бор мектеп-гимназиясының директоры Мейрамбек Рахымжанов.

Жергілікті ауруханада да жылу беруде ешбір мәселе жоқ. Бурабай кентіндегі емхананың аға дәрігері Нағима Тұманова осы күнге дейін жылу берумен ешқандай қиындық туындамағанын, бұл мәселені жергілікті билік үнемі қадағалап, жағдайды білім отыратынын айтады.

Жалпы, өңірдің  жылу беру мамандары қосалқы қазандық агрегаттары мен жылу желілерінің жұмыс сапасына көп көңіл бөлуде. Жылудың үздіксіз және сапалы берілу тәртібіне күн суытқан жағдайларда, мәселен, қатты аяздарда тиісті түзетулер енгізіліп, жағдай барынша қадағаланып отырады. Осының бәрін ескере келе, Бурабай ауданында тұрғындар биыл орталықтандырылған жылу жүйесінен берілетін жылудан тарықпайды деп сенім білдіруге болатындай.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

 Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар