Жайдарлы «Жайдарман» – жан жадыратты

Араға жылдар салып, жастардың сүйікті «Жайдарман» ойыны Көкшетау қаласы көрермендерін қуанта түсті. Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен  өткен «Жайдарман» ашық әзіл-сықақ фестивалі қараша айының 29 күні «Болашақ» сарайы мекемесінде өтті.

Әзіл сүйер қауым көптеп жиналды. Тартысты додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген танымал командалар қатысты. Сондай-ақ, аталмыш шараға Қазақстан Республикасы «Жайдарман» ойынының Президенті – Есентүгел Елеукен қатысып, өңірлік жайдарманшыларға қолдау білдіріп, ойынның өте жоғары деңгейде өткеніне тоқталып өтті. Айтуынша «Жайдарманда» қазір саяхат маусымы. Осыған байланысты Есентүгел Елукен және оның командасы Қазақстанның әр қаласына барып, өңір таланттарының ойыны мен тапқырлығына куә болып жүр.

–«Жайдарман» бұл – жастарды бір ортаға жинайтын ойын. Жас жайдарманшыларға айтарым, командаларыңызда ауызбіршілік, сыйластық болсын. Бір-бірлеріңізді түсіне білсеңіздер өте керемет команда боласыздар. Ең бастысы, дайындық. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпіріне барып, аталмыш ойынды тамашалап, тәнті боп келемін. Шынында да, небір талантты жастарымыз бар екеніне көзім жетті. Осындай дарынды, сатираға қабілеті бар жас ұрпақты қолдауымыз керек, – деп атап өтті өз сөзінде Есентүгел Елукен.

Шараға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сабырхан Кенжебаев, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов,  ҚР каратэ спорт федерациясының президенті Руслан Дүкенбаев, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Динара Кәрімқызы, өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Жайнагүл Қаппасова, қаламыздың белсенді блогерлері және тағы да басқа сыйлы қонақтар шақырылды.

Жалпы, ойын қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды, 500 мың теңгелік сертификатпен және кубокпен Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атынан келген «Элита» құрама командасы  қанжығасына байлады, екінші орынды 250 мың теңге жүлде қорымен Қосшы қаласынан «Қосшы» құрамасы және Семей қаласынан «Қарағайлы 34» командасы еншіледі. Ал, үшінші орынға 150 мың теңгелік сертификаттармен Көкшетау қаласының Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің «Есте қалсақ» және Семей қаласының «Қыздар емес» құрамасы марапатталды. «Үздік әзіл» номинациясын «Шоқан» құрамасы иеленсе, «Үздік ойыншы» номинациясы «Элита» құрамасының ойыншысы Наурыз Сапаровқа бұйырды. Әр номинация жүлдегерлеріне 50 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Жүлдегер командалар дипломдар, ақшалай сертификаттар және кубокпен марапатталды.

Камила Әбделманова.

Суреттерді түсірген Жеңіс Балабеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар