Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевтің қатысуымен Ақмола бөлімшесі Петропавл-Көкшетау теміржол телімінің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара болып өтті. Жиын барысында бірқатар сала ардагерлері мен қызметкерлеріне теміржол саласына қосқан елеулі үлесі үшін «Петропавл-Көкшетау теміржол теліміне 100 жыл» мерекелік медальдары табыс етілді.
Іс-шараға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басшылары, сондай-ақ, құрылымдық бөлімше қызметкерлері мен теміржол саласының ардагерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Теміржол кешені отандық экономиканың негізгі стратегиялық саласының бірі болып саналады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан экономикасында теміржол саласының маңызы мен ерекше рөліне әрдайым баса назар аударады. Себебі, теміржол саласы қиырларды жалғаған елдің негізгі күретамыры болып саналады. Бүгінгі күні залда біздің облыста темір жол саласының қалыптасуы мен дамуына жол ашып, өздерінің маңдай тер, сүбелі үлестерін қосқан ерен екбектің иелері отыр. Біз сіздерге дәне ризамыз, – дей келіп, өңір басшысының орынбасары бірқатар еңбек ардагерлері мен сала қызметкерлеріне марапаттар табыс етті.
Салтанатты шарада марапатталғандар арасында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының теміржолшылары ардагерлері кеңесінің төрағасы Болатбек Бекеуұлы, «Қазақстан теміржолы-Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Жүк тасымалы-Ақмола бөлімшесі» филиалының зейнеткері Құттыбек Балғабаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Магистральдық желінің Ақмола бөлімшесі» филиалының зейнеткері Александр Комин, «Қазақстан теміржолы — Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Жүк тасымалы-Ақмола бөлімшесі» филиалының зейнеткері Болат Нұртазин, Ақмола бөлімшесі бойынша Аймақтық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сүлейменов, «Қазақстан теміржолы-Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Жүк тасымалы-Ақмола бөлімшесі» филиалының зейнеткері Алпысбай Қасымов және тағы басқа сала ардагерлері марапатталды.
Жиында «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының» аппарат басшысы Серік Жеткергенұлы құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілегін білдіріп, сала қызметкерлеріне мерекелік медальдар табыс етті.
Жиналған қауым назарына 100 жылдық мерейтой қарсаңында теміржол тарихының маңызды кезеңдерінен сыр ақтарып, сипатталатын шағын бейнефильм ұсынылды.
Айта кетуіміз керек, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақмола жол бөлімшесі Солтүстік Қазақстанның үш ірі өңіріне Көліктік қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Тарқатып айтар болсақ, Петропавл және Пресногорьковская станцияларымен, Ресей Федерациясының оңтүстік Орал теміржолымен, сонымен қатар, Новоишимская, Ерейментау, Сороковая, Есіл станцияларымен Қарағанды, Павлодар және Қостанай жол бөлімшелерімен шектеседі. Теміржол жолдарының орналастырылған ұзындығы 2732,3 шақырым төңірегінде, ал жалпы ұзындығы 1569,9 шақырым.
Жол бөлімшесінің құрамына 65 бөлек пункт кіреді. Жол бөлімшесінің шекарасында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік компаниясының 17 филиалы және теміржол көлігінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұжымдар орналасқан. Олардың құрамында: үш пайдалану және екі жөндеу локомотив депосы бар. Қазіргі таңда мұнда 12 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.