Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әділеттілік жолындағы Қазақстан - АРҚА АЖАРЫ

Әділеттілік жолындағы Қазақстан

Тәуелсіз еліміздің туының биіктігі, тұғырының мықтылығы,тамырының тереңдігі мен егемендігінің мызғымастығы, әділеттіліктің ұстанымыбар жерде ғана өркен жаятынын соңғы кездегі даму кезеңдерікөрсетіп отыр.Кез-келген мемлекет өркениет жолына бет түзесе, көшінің алаңсыз болып, шаңырағының уығы берік болуын қаласа, ол әрине, келісім мен ынтымақ, ауызбіршілік пен татулықты таңдары хақ. Ал, мұндай ақ жол әділеттіліктің үстемдігі бар жерде ғана орын алады.

Әділеттілік – тәуелсіздіктің темірқазығы. Әділетсіздік белең алған кез-келген қоғамдық даму тығырыққа тіреледі, тоқырауға ұшырайды, халық басына күн туады, еркіндікке деген сенім азаяды, тәуелсіздік тынысы тарылады, билікке қарсы наразылықтар бой көтереді. Сондықтан да, қазіргі тәуелсіздігіміздің отыз бір жылдық сара жолында әділетті қоғам, жаңарған қоғам орнату, әділет үстемдігін қамтамасыз ету, әділетсіздікке жол бермеу басты нысанымыз болу керек деген ойдамын.

Осы ретте, бізге қандай жол керек,қандай ұлт боламыз, қандай бағыттың қажеттілігі бар деген сауал туындауы мүмкін. Ұлтымыздың жаңғырту ісіндегі осынау уақытта заманымыздың ұлы ойшылы Абай мұрасының, ой-тұжырымдарының маңызды екенін, оның қашандабаршамызға рухани азық  болатынын ескерген жөн. Абайдың «пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге»  деген өнегелі өсиеті бүгінгі күні де өзінің маңызын жоя қойған жоқ.

Елдің ертеңін, жұрттың қамын ойласаң, таза бол, көпшіл бол, білімге ұмтыл деп тұрған жоқ па? Расында да елді сүйе біліп, ұлтыңды ұлықтап жүрсең, жақсылығын төрге сүйресең, одан артық қандай бақыт керек?  Қарап отырсақ бізге керегі білім мен ғылым, үйрену мен тағылым, жұртыңа деген сүйіспеншілік жолы екен. Ақынның қайбір қағидаттарын алсақ, замана лебіне үндесіп жатады. Ел басқару ма, «ұлық-болыссың ба», билік айтып, жұрттың бабын табасың ба, бәріне де жауап аласың. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанындай, «Хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі».

Ал, енді алып кемемізді шайқалтпай, жартасқа сүріндірмей, дауылға ұрындырмай, межемізді көзден таса қылмай, алға жетелейтін қандай тұлға керек біздің қазіргі өмірімізге? Кез-келген көшбасшы халықтың мұң-мұқтажын, тарихи дәстүрі мен тағылымын, қадір-қасиетін, әлеуметтік сұранымы мен көзқарасын түсінбей, көреген бола алмайтыны хақ. Шынайы ел басқаратын адам елдің ахуалын сезеді,замана лебін, тіршілік-тынысын барлайды, яғни, көпшіліктің сұранысын сараптайды, барын тауып береді, жоғын іздейді. Ел басына күн туған кезде қара халықпен бірге болады, қарақан басын күйттемейді.

Сын сағатында елді артына ерте біліп, жақсы-жайсаңдарын қотанына жинап, ерлерімен қол бастайтын ұлттық тұлғалар сан қилы тарихи тармағымызда,тағдырлы соқпақтарымызда, тәуелсіздігіміздің сындарлы да таршылық кезеңінде ортаға ұран салып, ту ұстап, топты жара білген. Азаттық жолындағы күрестің әрісіне бармай-ақ, сонау «Ақтабан шұбырынды…» заманындағы үш жүздің басын біріктіріп, мемлекеттіліктің тамырына балта шаптырмаған Абылайдың тұлғасын, отаршылдық бұғауы қысқан кермек күндердегі аласұрып, жауына дес бермеген Кене ханды, ақ пен қызыл заманында қазақтың ертеңі не болмағын уайымдап, «Алашым» деп күңіренген Әлиханды айтсақ та, артылып жатады.  Қажет болса «жаным арымнан садаға» жолымен ұлттың болашағы үшін жанын да пида етуге барған, идея мен сертінен, ұстанған сара жолы мен алған бетінен арылмаған, меселі қайтпаған.

Тарихтың шиырмалы толқындары әлсін-әлсін не тымық күндерін, не бір дауылды сәттерін тудырып тұрады, ел мен елдіктің керегесі мен шаңырағын шайқалтып, беріктігін, байлауын байқайды. Қоғамның ішкі, көзге көріне қоймайтын, тынысыңмен сезе алмайтын тылсым күші буырқанғанда дес бермей, сыртқа ұмтылады, жарып шығуға сәуле іздейді, топ жаратын көсемдерін шығарады. Ондай мысалдар қай елдің өткен парақшасын қарасаңыз да, молынан табасыз. Түрік елінің Ататүркі ме, Оңтүстік Африкадағы Мандела дейсіз бе, үнді жеріндегі Гандима…Қалай айтсақ та қарға тамырлы қазақ елі де қилы тарихында көш бетін түзу апаратын тұлғаны тани білген, таба білген, сене білген, соңына ере білген. Тұлғаның орны тарих көшкінінде аса маңызды.

Енді қандай ұлт болмақшымыз,қандай қоғам құрмақшымыз, алдымыз қалай, кейініміз қайда, келешегіміз қалай болмақ деген сұрақты ойланып көрейік…

Бұл жерде біздің алдымызда тұрған үлкен мақсатымыз – ол жаңа  Қазақстан құру, яғни, соған бейім адамдарды қалыптастыру, жұмылдыру, қоғамдық сананы өзгерту, жаңа ұлттық болмысты қалыптастыру. Оның қарапайым түсінігі, бәріне қажетті де әділетті мемлекеттік саясат жүргізу, қара қылды қақ жарған билік пен төрелік орнату. Билік халыққа жақын, жанашыр, яғни, естуі тиіс, оның мұң-мұқтажын ескеруіқажет,әлеуметтік жағдайына көңіл аудару, көпшіліктің сұранысын ұлттық мүддеге бағыттап,  сонымен қатар,еңбекқорлық пен біліктілік идеологиясын дәріптеп, соған басымдылық берсе, қазағымызды еңбек бәсекесіне бейімдеу арқылы әділеттілікке қол жеткізуге болады, заңның үстемдігіне дес берсек, жаңашыл ұлт болашағы қолға алынар еді.

Осынау қысылтаяң сәтте ел алдында сөз алған  хандарымыз, би-шешендеріміз, ақсақалдарымыз ескінің ұлағатына, бабалар рухына, аталы сөзіне жүгінген. «Бұрынғылар айтыпты…» деген сөзбастауды талай құлағымыз шалды. Бұрынғылар ақиқат жоқ жерде ешқандай әділдіктің орын алмайтынын тайға таңба басқандай айтып кетті. Әділдік – елдіктің кепілі, ынтымақтың кілті, қоғамның ар-ожданы.  Ал, оның көрінісі –сол ұлттың келбеті, соның таңдаған жолы. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың мынадай өлең шумақтары еске түседі:

Ерлік,елдік,бірлік,қайрат,бақ,ардың,

Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың.

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз – бабам тілі,сен қалдың!

Ақынның ашына жырлаған жырлары патша заманынан кейінгі, қызылдар, яғни, большевиктер үкіметін орната бастап, сталиндік-голощекиндік тоталитарлық жүйенің орныға бастауы, саяси қуғын-сүргін саясатының белең ала бастаған уақыты болар деп ойлаймыз. Осы жылдардағы зиялы қауымды қудалау, күштеп кеңестендіру, аштық пен ұжымдастыру, әділдіктің мақрұмға кетуі ұлттың болмысына қатты нұқсан әкелді.

Адалдық пен әділдік әрқашанда адам бойындағы  ізгі қасиет. Ол қоғамның айнасы деуімізге болады. Әр дәуірде әділдік түсінігі әр деңгейде, заман ағымы мен адамзат дамуының лебіне қарай, ол туралы пайым да өзгеріп отырған шығар, бірақ, әділдік, ақиқат ешқашанда өзінің құдіретін, маңызын жойған жоқ. «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі – қазақтың әулиесі сол» дейді Абай. Адалдықты, еңбек пен өнер-білімді сол заманда Абайдан артық түсінген ешкім жоқ шығар, сірә.Бір қуантарлығы,биылғы жылғы саяси өзгерістер, референдум, Мемлекет басшысының Жолдаулары мен әр жердегі саяси сахналардан биліктің біртіндеп қарапайым халыққа бет бұра бастағанын байқаймыз.Еңбек адамының жағдайы көбінесе ескеріле берілмеуін ел басшысы өзі де айтты. «Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде,тіпті, әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады.Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осылай туындайды».

Иә, бұның бәрі шындық. «Төменгілер ескіше тұрғысы келмесе, жоғарыдағылардың жаңаша басқара алмауы» аксиомасы осы жағдайға айтылғандай. Қалың көпшіліктің ахуалын болжаулай алмаған төрде отырушы, қамшының бір ұшының өзіне де тиетінін кей кезде сезе қоймайды.Осы бір мойындаудың өзі қоғамда оң өзгерістердің басталғанына сендіреді.Әрбір адам қоғамға тікелей тәуелді, байланысты,басыбайлы. Тіршілігі де, қарым-қатынасы да, әлеуметтік ортасы да. Қаншалықты қоғам дамуы биік мөлшерде болса не керісінше артта қалса, ол сол пенденің өміріне әсер етеді. Өркениетті қоғамда өзінің өміріне риза азаматтар көптеп саналады, ал автократты, тоталитарлық жүйеде немесе олигополия үстемдігі бар жерде әлеуметтік болсын, саяси-экономикалық ахуал, мәдениет те төмен болуы заңдылық.

Президентіміздің «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты болуын қалаймын» деген сөзі осыны меңзейді. Егер біз әділетті ел құрамыз деген мұратұстанып отырсақ, яғни, оған деген қоғамда мұқтаждық барын мойындауымыз керек. Қазір заң үстемдігі, халық игілігі, құқық теңдігі, саясисайлау еркіндігі, сот саласы, биліктің азаматтарға жақындығы туралы реформаларды көптеп қолға алып жатырмыз, дұрыс, бабаларымыз  «ұлық болсаң, кішік бол» немесе «тура биде туған жоқ»,  «көптің сөзіне құлақ ас» деген ұстанымдармен өмір сүрді, ел биледі, жерін қорғады, «жеті жарғыға» бағынды. Қазір халықтың бойында байқап отырсақ, бір сенім, үміт бар, алдыңғы күндерге деген көзқарасы да өзгергендей…

Әрине, бұл сенімді қалпына келтіру бір күннің  жұмысы емес. Нақты іс. Кешеуілдей берсе, сенім де сұйылады. Біртіндеп  қолға ала отыра, көп көңілінен  шыға отыра, барлық қоғам саласын қамтып, науқаншылыққа дес бермей, бірізділікпен жүргізсек нәтиже шығатынына сенімдімін. «Қоғам өмірінің барлық саласымен, құқықтық нормаларменреттелетін мемлекет – әділетті мемлекет.Бұндай қоғамда әділеттілік дегеніміз, ең алдымен адалдық» депті қазіргі заманда демократияның үлгісі болып отырған Америка Құрама Штаттарын құрушы саяси қайраткерлердің бірі, ойшыл философ Бенжамин Франклин. Осы тұрғыда пайымдасақ, алған көштің беті дұрыс сияқты, тек ешқандай даңғазасыз, көпірусіз, мақтау-мадақсыз аман-есен көш-керуенді діттеген жеріне апарсақ.

Тәуелсіздік пен Әділеттілік – сабақтас ұғымдар. Тәуелді елде, басында еркіндігі жоқ халықта, құлдық сананың басым болуы заңдылық, ол жерде ешқандай ақиқат туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. Біздің халқымыз осының бәрін өзінің сан соқпақты өткелінде басынан өткерді. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ.Тарихымызды сонау сақ дәуірінен алатын халқымыз өзінің қабырғасын сөкпей, уығын сындырмай, керегесін босатпай, шаңырағын шайқалтпай, еркін рухын сақтап қалуы күш-жігері мен бостандық сүйгіш санасының мықтылығын көрсетсе керек. «Ақтабан шұбырынды…», отаршылық бұғауы, тоталитарлық құрсау – бәрі де «мың өліп, мың тірілген қазақтың» ұлт ретінде сақталуының ауыр бір сынағы болды десек артық айтпаспыз.

Сан ғасырлық күрес пен азаттық жолындағы жанқиярлық ерлік, ата-бабамыз аңсаған азаттық тұғыры, туы мен ұраны – бүгінгі күні ұрпақ сабақтастығы мен тағылымына айналып отыр. Біз осынау айшықты белесімізді бағалай алдық па, жоқ па деген сауалдар әрбір саналы да көкірегі ояу азаматты толғандыратыны анық. Бұл өте маңызды мезет, себебі, өткеннен сабақ алып, арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, алдағы күндерімізге тың серпінмен, нық қадаммен бару үшін, кейінгі буынның қауіп-қатерге, тосын сындарға дайын болуы үшін қажет. Осы ретте түп-тамырымыздан айырылып қалмау, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырамау, жаһандану дәуірінде маңызды болмақ.

Халқымыздың ерекше бір қасиеті – ол ел бірлігі. Қаймана қазақты тарих қияметінен аман алып қалған құдырет, ол еліміздің ынтымағы дер едім. Қай жылдары тағдыр тауқыметімен алаш жеріне көптеген ұлттар өкілдері қоныстануғамәжбүр болды. Біз ешкімді жат көрмей, бауырымызға бастық, пана бердік, бір үзім нанымызбен бөлістік, сол үшін де олар қазақ халқына мәңгі риза. Осынау фактор да татулық пен келісімнің кепілдігі, ел тиыштығы мен тұрақтылығының көрінісі.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президентіміз: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым,экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәбиелеу» деген еді.  Ұрпақ тәрбиесі демекші, кеше ғана Көкше жерінде Кенесары бабамыздың рухына арналған «Хан ордасы Көкшетау: Кенесары ұлттық қаһарман» атты алпауыт ағаларымыз бен салиқалы ғалымдарымыз қатысқан үлкен ғылыми конференция өтті. Қаншама ойлар, пікірлер, ұсыныстар айтылды. Жұртшылық тарапынан қаншама қызығушылық, түсіністік болды. Халық санасының, өресінің өскенін  осыдан байқауымызға болады.

Өз баяндамамда менің мынадай сөздерім бар екен: «Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болу жолында құрбан болған Кене ханның тарихтағы орны сараланып, тиісті бағасын алып жатыр, оған да шүкір дейміз. Кенесары тұлғасы туралы бір ғасырдан астамқилы пікірлер айтылып, сан түрлі көзқарастар қалыптасты.Олтуралы орыс тарихшылары, Кеңес зерттеушілері, қазақ қаламгерлері қалам тартты, шетелдіктер жазды. Ауыз әдебиетінде, фольклорда орын алды. Неге мұндай қызығушылық бар бабамызға? Себебі, ол қайталанбас, біртуар тұлға. Кенесары – ханның рухы бар жердеұлтымыздың бойында азаттық рухы өшпейді, жадымызда болады, алға жетелейді, мақтантады. Кенесары – қазақ халқының ұлттық рухы, құдыреті, тарихи шамшырағы мен өшпес жалыны, ұлттық санасы». Міне, осындай тұлғалар арқылы біз тәуелсіздік санасын сіңіруіміз қажет, ұлттық сананы қалыптастыруымыз керек деп ойлаймын».

Осыдан тура отыз бір жыл бұрын «Тәуелсіздік туралы» Заң қабылданып, ел тарихының жаңа парағы, бірегей белесі, соны соқпағы ашылды, анықталды. Жасыратыны жоқ, күмән де, сенімсіздік те, скептицизм болды, өз арамызда да, сыртқы күштерден де. «Өз алдымызға ел болып кете аламыз ба?» деген  дүдәмәл сауалдың да мазалағаны рас.

Буынымыз бекіп, қабырғамыз қатқанша, оң-солымызды аңдағанша, қадамымыз нығайып, әлемдік қауымдастыққа қосылғанша да біраз уақыт өтіпті. Бейбітшілік, келісім, өзара сыйласу жағдайын ұстанған еліміз бірқалыпты дамып келеді. Дегенмен де әртүрлі геосаяси жағдайлармен жаһандық  дағдарыстар да елдің сыртқы, ішкі жағдайына өз әсерін тигізуде. Соның бір мысалы – кешегі Қаңтар оқиғалары. Оның ащы сабақтарынан қорытынды жасау, қайталатпау жағы да мемлекеттілігімізге, елдігімізге  сын болары хақ. Бүгінде Қазақстан Республикасы – әлемдік қауымдастықта өзіндік орны бар, жауапты да құрметті әріптес ретінде барлық алыс-жақын елдермен қарым-қатынасы жақсы, халықаралық деңгейде өтетін әр түрлі іс-шаралардың платформасы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы уақыттағы батыл қадамдары қоғам тарапынан, ел арасынан қолдау тауып, көңілге сенім ұялатуда.  Бізге керегі, ол – ашық диалог, ашық пікір, «еститін қоғам».

Тәуелсіздік – сан ғасырлық арманымыздың жемісі, мақсат-мүддеміздің  шыңы, бабаларымыздың кермек жасы мен төгілген қаны. Тәуелсіздік тәңірдің сыйы, тағдырдың бергені. Көк туымыздың мәңгілікке желбіреуі барша қазақ елінің жасай беруі деп білуіміз керек. Тәуелсіздігіміздің  мәңгілік болғанын қаласақ, әрбір азамат осынау жауапкершілік жүгін түсіне білгені дұрыс.

Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Шоқан Уәлиханов  атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарихшы ғалым.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар